Күлік Ұлы Қаған

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 20

831124
Күлік Ұлы Қаған

Қытайды билеген көшпенділер сандарының аздығына байланысты және Қытай мемлекет басқаруында қалыптасқан дәстүрге байланысты уақыт өте келе қытайлана бастайтыны белгілі. Тарих бойынша Қытайды билеген табғаштар яғни Таң әулеті осы елге өз аттарын берген қара қытайлар яғни Лиау әулеті, шүршіттер яғни Жиң әулеті ата дәстүрлерін ұмытып, қытай еліне сіңіп кеткен көшпенділер еді. Қытайда үстемдік құрған Шыңғыс хан ұрпақтарына келсек, басқа көшпенді әулеттерге қарағанда олар өздерінің далалық болмыстарын айтарлықтай дәрежеде сақтап өтті. Әсіресе тіл мәселесінде Құбылай ұрпақтары өз араларында ана тілдерінде сөйлесетін еді. Олай болса бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбы Құбылай негізін салған Юан әулетінің үшінші императоры және сонымен қатар Шыңғыс хан империясының жетінші Ұлы Қағаны Күлік хан туралы болмақ.

Ұлы тұлғамыздың толық аты Қайсан Күлік Хан. «Қайсан» дегені «дуал» дегенді білдірсе, «күлік» жүйрік ат дегенді білдіреді. Бүгін қазақтардың күлік ат, сәйгүлік деген сөз тіркестерінде қолданылатын осы сөз. Қайсан Күлік Ханға қытайлардың берген аты Узуң яғни «Күшті ата». Тұлғамыз 4 тамыз 1281 жылы туылып, 27 қаңтар 1311 жылы қайтыс болған. Әкесі Құбылайдың немересі Дармабала, ал шешесі атақты қоңырат руынан Даги ханым еді.

Қайсан Күлік жас кезінде Құбылай хан мен Үгедей ханның ұрпақтарының соғысына да белсенді түрде қатысқан еді. Қайсан Күлік Моңғолияның батысын Қайдудың шабуылынан қорғауға міндетті болған. Бұл кезде Қайду Шағатай ұрпақтарының қол астындағы Орта Азияны өз билігіне алған болатын. Қайсан Күлік 1299 жылы Қайдудың әскерлерінен ойсырай жеңіліп, өзі де тұтқынға түсейін деп тұрғанда, Елтемір Тұтық бастаған қыпшақтар көмекке келіп жетеді.  Осыдан бастап Күлік пен Елтемір арасында тығыз қатынас орнайды. Кейін Күлік таққа шыққанда, Елтемір бас уәзір болады. 1301 жылғы шайқаста Қайсан Күлік Қайдуды жеңеді. Осы шайқаста жарақаттанған Қайду көп өтпей қайтыс болады. Осы жетістігіне байланысты Қайсан Күлікке 1304 жылы Хуайниң ханзадасы деген атақ беріледі.

Қайду қайтыс болғанымен Үгедей ұрпақтары мен Төле ұрпақтарының арасындағы ішкі соғыс біте қойған жоқ. Қайдудың баласы Шабар Құбылайдың ұрпақтарынан билікті тартып алу үшін соғыс жүргізе берді. Шабар Құбылайдың ұрпағы Темір Ұлы Ханның билігін мойындаған Шағатай ұрпағы Дуаға шабуыл жасағанда, Темір Ұлы Хан оған қарсы Қайсан Күлікті жіберді. Ұлы тұлғамыз Шабарды Орта Азияға дейін ығыстырып тастайды. Осы жеңістеріне байланысты Қайсан Күліктің беделі өсіп, Темір Ұлы Ханның ұрпағы болмауына байланысты тақтың келесі мұрагері ретінде санала бастайды.

1307 жылы Темір Ұлы Хан қайтыс болғанда Қайсан Күлік шығысқа Қарақорымға келіп, сол жерден жағдайды бақылап жатты. Темір ханның жесірі Баят руынан шыққан Булуган қатын сарайдағы қоңыраттарды қуғындап, Қайсан Күліктің анасы Даги мен інісі Айырбаруаданы Хынанға жер аударып, Темір Ханның жиені мұсылман Ананданы таққа шығарғысы келді. Бұл кезде Ананда Анши қаласында қолбасшы еді. Кезінде Шағатай мен Үгедейдің ұрпақтарына қарсы соғыста белгілі жетістіктері болғаны үшін моңғолдар арасында беделді еді. Бірақ Ананданың елордасында әскерлері жоқ еді. Оның үстіне ол мұсылман ретінде көпшілік моңғолға қарсы еді. Ақырында қоңыраттар жасырын қол жинап сарайға жасырын шабуыл жасап, Ананда мен Булуганды тұтқындады. Даги мен Айырбауаданы Хынаннан алдырды. Осы орайды пайдаланып, Қайсан Күлік 1307 жылдың 21 маусымында өзін Ұлы хан деп жариялады. Бұл салтанат Ханбалықта емес, Шаңдуда өтті. Өйткені кезінде Құбылай да өзін Шаңдуда хан деп жариялаған еді.

Осыдан кейін Күлік хан отыз мың қолмен оңтүстікке келді. Айырбаруада оны құшақ жая қарсы алды. Осыдан кейін екі ағайынды Түркі мемлекет басқару дәстүріне сай бірін бірі алмастыратын болып келісті. Басқаша айтқанда, Күлік ханның орнына Айырбаруада, сосын оның орнына Күлік ханның баласы, Күлік ханның баласының орнына Айырбаруаданың ұлы өтетін болып келісілді. Бұл жүйе бүкіл далалық мемлекеттерде қолданылған. Ұлы даланың ең соңғы көшпенді мемлекеті Қазақ хандығы да осы жүйені қабылдаған. Мәлім болғандай, Қазақ хандығында таққа алдымен Керей, одан кейін оның інісі Жәнібек, одан кейін Керейдің баласы Мұрындық, одан кейін Жәнібектің баласы Қасым таққа шыққан еді. Демек Қайсан Күлік хан Қытайда далалық мемлекет басқару дәстүрін қалпына келтірген болып саналады.

Күлік Ханның кезінде сарайда қоңыраттармен бірге қыпшақтар, алан және қаңлылардың да ықпалы артты. 1308 жылы Шабар мен басқа да Үгедей ұрпақтары Күлік ханның сарайына келіп оның билігін мойындады. Осылайша отыз жылға созылған ішкі соғыс біткен болды. Қайсан Күлік Хан көшпенділердің кеңпейілді саясатын жалғастырды. Сондықтан Қытайда, Конфуций ілімі мен Буддизм кеңінен тарай бастады. Бұл діндердегі еңбектер моңғол тіліне аударыла бастады. Сонымен қатар Ұлы хан жаңа ғибадатханалардың құрылысына да көп қаражат бөлді.

Қытайды төрт жыл билеген Қайсан Күлік Хан 1311 жылдың басында кенеттен ауырып қайтыс болды. Оның орнына дәстүрге сай інісі Айырбаруада шықты. Күлік хан Құбылай ұрпақтарының ішінде тақта ең аз уақыт қалған хан болса да, оның енгізген реформаларының арқасында Қытайды билеген көшпенділердің қытайлану үдерісі тежелген болды.         



Ұқсас жаңалықтар