Өз заманының ұлы саясаткері Дінмұхамед Қонаев

Тарих айдынында - 16

792257
Өз заманының ұлы саясаткері Дінмұхамед Қонаев

Бүгінгі «тарих айдынында» сұхбатымызда, Кеңестік дәуір кезінде Қазақстан Компартиясын 24 жыл басқарған уақытта Мәскеудің өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын ойлаған мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа тоқталмақпыз. Қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен тарихына ерекше құрметпен қарайтын Қонаев белгілі жазушы Ілияс Есенберлиннің “Көшпенділер” атты тарихи романдарын жазуына жағдай жасап, Олжас Сүлейменовтың “Аз и Я” кітабына байланысты қудалануына араша түскен еді. Енді бүгінгі сұхбатымызда Қонаевтың өмірі мен елдік қызметі туралы әңгімелеп береміз.

1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында Меңліахмет Қонайұлы мен Зәуре Баирқызының отбасында өмірге келген Қонаев орта мектепті бітіргенннен кейін талантымен көзге түскен. Оны Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Мәскеудің түсті металл алтын институтына оқуға жіберді. Бұл жердегі оқуын табыспен бітіріп, тау кен инженері маманы болып шыққан Қонаев Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогының машинисті, цех бастығы, руднигтің бас инженері және оның директоры болып істейді.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Еуразияның жарқын жұлдызы ретінде әлемдік платформада биіктен көрінген Қазақстанның дамуының негізінің қалануында Кеңестік кезеңде ширек ғасырдай елді басқарған Қонаевтың үлесі зор. Өмірінің соңғы сәтіне дейін адал коммунист болып қалған Қонаев Кеңестік жүйенің мүмкіншіліктерін ұлтының пайдасына қолдана білді.

Дінмұхамед Қонаев дүниежүзілік екінші соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстан жоғары басқару орындарында өзінің қолтаңбасын қалдыруына мүмкіншілік берген маңызды қызметтерде болды. Атап айтқанда ол 1960-62 және 1964-1986 жылдары Қазақстан коммунистік партиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Қонаев сонымен қатар Кеңес Одағы тарихында оның ең жоғары басқару органы Политбюро мүшелігіне сайланған екі түркі тілдес саясаткерден алғашқысы болып дараланады. 1966-1971 жылдары Политбюро мүшелігіне кандидат, ал 1971-1986 жылдары арасында толық мүше ретінде қызмет атқарды. Одан онбір жылдан кейін, атап айтқанда 1982 жылы Әзірбайжан Компартиясы І. Хатшысы Гайдар Алиев Политбюро мүшелігіне сайланған екінші түркі саясаткер болды.

Қонаевтың саясаткер ретінде көзге түскен ерекшелігі оның Мәскеу белгілеген шешімдерді көзді жұмып орындаудан гөрі, оларда елдің мүддесін де қарастыруында еді. Ол кейде ел мүддесіне қайшы орталықтың саясаттарын жүзеге асырудан бас тартқан батылдыққа да барып отырған. Мұның бір мысалы ретінде 1979 жылы Мәскеудің Ақмола облысын неміс автономиясына айналдыру жөніндегі шешіміне қарсы тұрғанын айта аламыз. Қонаев мұндай бір шешімді жүзеге асырудың халықтың наразылығын тудырып көтеріліске шығуына себеп болуы мүмкін екенін айтып, Мәскеуді бұл шешімінен айнытқан еді.

Ол сонымен қатар Кеңестік жалған идеологиялық үгіт-насихат және қудалаулар салдарынан қазақ халқының ұлттық сана мен болмысынан көз жазып қалмауы үшін де күш салды. Осы орайда ол әсіресе озық ойлы зиялылардың қазақ халқының тамыры тереңде жатқан мәдени құндылықтарын су бетіне шығарған еңбектеріне қамқоршы болып отырды. Олардың осы орайда қудалауға ұшырап, еңбектерінің тұмшалануына жол бермеді. Өйткені бұл кезеңде әлеуметтік ғылым салаларындағы тыйым-шектер салдарынан қазақ тарихының зерттелмей отырған шындықтарын тек ақындар мен жазушылар әдеби көркем сөздермен астарлап қана атап көрсете алатын еді. Осы орайда нақты бір мысал ретінде Ілияс Есенберлиннің шығармаларын айта аламыз. Ол Алтынорда мен қазақ хандығы тарихы және Кенесары хан көтерілісі туралы айтылмай тұрған фактілерді 1960 жылдардың соңынан бастап роман ретінде жариялай бастады. “Көшпенділер” және “Алтынорда” аттарымен екі үштік ретінде жарияланған тарихи романдары халықтың санасын оятып ұлттық болмысын сақтап қалуына қызмет етті. Бірақ осындай еңбектердің дүниеге келуіне Қонаев себепші болған еді. Оның қамқоршылығы болмағанда, олардың Кеңестік орындардың қудалауына ұшырап, баспа беті көрмеуі әбден ықтимал еді.

Осындай басқа бір уақиға белгілі ақын Олжас Сүлейменовтың 1975 жылы жарық көрген “Аз и Я” еңбегіне қатысты. Орыс әдебиетінің көне ескерткіші саналатын “Игорь жасағы туралы жыр”дағы түркі мәдениетінің әсерлерін анықтаған бұл еңбек қазақ, өзбек, қырғыз, татар сынды түркі халықтарын төмен, өзінің ұлтын жоғары санаған Мәскеулік кейбір саясаткерлерді намыстандырған болса керек. Іле шала еңбегінде “нәсілшілдік” және “шовенизм” үгіттелгені айтылып Сүлейменовқа қарсы іс қозғалды да, кітабына тыйым салынды. Сүлейменовтың қудаланудан, кітапты тыйымнан алып шығарған Қонаев болды. Сөйтіп Қонаев қазақ халқының тарихи және мәдени санасының жаңғыруына ерекше қызмет еткен еді.

Әрине мұндай жетекшілердің орталықтағы басқарушыларға жақпайтыны белгілі. “Қайта құру” және “жариялылық” науқандарымен елде көбірек демократиялылық орнататын айтып, Кеңес Одағы Компартиясына І- хатшылыққа сайланған Михаил Горбачовтың алғашқы жұмыстарының бірі Қонаевты Қазақстан Компартиясының басынан алып тастау болды. Оның орнына бір қазақ саясаткерді тағайындамай Ресейден Геннадий Колбин атты бір орысты тағайындады. Мұның Қазақстанда ширек ғасырлық Қонаев кезінде қалыптасқан елдік ортаны бұзуға арналған өрескел шара екені анық. Ал қазақ халқы мұндай жетістіктен бас тартпақ емес еді. Сондықтан алдымен 1986 жылы 17-18 желтоқсан күндері қазақ жастары Кеңес Одағы Компартиясының орынсыз  шешіміне ашықтан ашық қарсы шығып алаңдарға жиналды. Бұл Компартияның қаулысына Кеңес Одағы тарихында бұрынды соңды болмаған қарсы алғашқы ашық халықтық көтеріліс ретінде тарихта орын алды.

Алайда Мәскеу қазақ жастарының бейбіт және демократиялық жиындарын күш қолданып қан төге отырып басып шаншыды. Оған қатысқан жастарды қудалады. Осы жиындарды ұйымдастырды деп айыпталып Қонаев 1987 жылы Компартия және Политбюро мүшеліктерінен аластатылды. Кеңес Одағы Компартиясы бүкіл әлемді таң қалдырған бір шешім қабылдап, қазақ халқын “ұлтшылдық” пен айыптады. Осы шешім желеу етіліп, Қазақстандағы халықтық салмағынан асқан мөлшерде қызметтерде орналасқаны айтылып, қазақтар өз елінде өгейсітіліп, қызметтерден аластатылды. Жастар университеттерден қуылды. Сөйтіп қазақтарды өз елінде Қонаев кезінен бұрынғы кездегідей салмағы жоқ, әсерсіз күйге түсіруге күш жұмсалды.

Жастар бастаған демократиялық үдерісті Мұхтар Шаханов бастаған қазақ зиялылары мен депутаттары жалғастырды. Ақырында 1989 жылы Горбачов Колбинді қызметінен алып, оның орнына Нұрсұлтан Назарбаевты Компартия басшылығына тағайындауға мәжбүр болды. Сөйтіп Қазақстан өзінің табиғи жетекшісіне қол жеткізді. Мұның нәтижесінде Қазақстан жан жақты дамып бүгін Еуразия құрылығының жарқыраған жұлдызы атағына ие болып отыр.

1991 жылы 16 желтоқсанда елінің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне куә болған Қонаев 1993 жылы 22 тамыз күні Алматыда өмірден озды. Тағылымы терең, ой өресі биік мемлекет қайраткері ретінде саясаттың мүмкіншіліктері шеңберінде халқына қалтқысыз қызмет істеген есіл ерді елі ешқашан ұмытпақ емес. Оның Алматыдағы үйі қазіргі таңда Қонаев музейі ретінде қызмет атқаруда. Сонымен қатар оның есімі бір институт пен университетке, көптеген көше мен мектептерге берілген. 1992 жылы 13 желтоқсан күні Алматыда құрылған Халықаралық Қонаев Қоры ұлы мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметін зерттеп таныстыру туралы жұмыс істеп келеді.

 

Әбдіуақап Қара

тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

 



Ұқсас жаңалықтар