Түркияның Чорум қаласында Абай саябағы ашылды

Абай Құнанбайұлына арналған бөлмеде ұлы ақынның балауыз мүсіні орналастырылды.

1552050
Түркияның Чорум қаласында Абай саябағы ашылды

Түркияның Чорум қаласында Абай Құнанбайұлына арналған саябақ және мұражайда арнайы бөлме ашылды.

25 желтоқсан күні Түркияның Чорум аймағында қазақ халқының ұлы тұлғасы, түркі әлемінің ұлы ақыны, композитор, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы атындағы саябақ және Искилип ғалымдары мұражайында арнайы Абай бөлмесі ашылды.

Әйгілі ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын кеңінен атап өту шеңберінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен Чорум аймағы Искилип ауданының Мэриясы бірлесіп қазақ халқының ұлы тұлғасын дәріптеу мақсатында арнайы іс-шара өткізді.

Саябақ пен мұражайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы жиынға қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деген дәйексөзін атап өтіп, бауырлас Түркия халқы мен Чорум аймағының басшылығына қазақ халқы мен Абайға көрсеткен зор құрметтері үшін шынайы терең ризашылығын білдірді. Сонымен бірге  осындай бастамалар Қазақстан мен Түркияның жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге жол ашатындығын атап көрсетті.

Салтанатты ашылу барысында Чорум Губернаторының орынбасары Реджеп Юксел Абай Құнанбайұлының құрметіне аймақта ашылған нысандардың қазақ және түрік халықтарының рухани әрі мәдени жақындығын көрсететін маңызды іс-шара екенін атап өтті.

Чорум аймағы Искилип ауданының Мэрі Али Сюлюк өз сөзінде Қазақстан мен Түркия тарихы терең бауырлас мемлекеттер екендігін және аймақта Абай саябағы мен Искилип ғалымдары мұражайында арнайы бөлменің салтанатты ашылуы екі мемлекет халықтарының мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген ұмтылысын растайтын айқын айғақ болғандығын айтты.

Абай Құнанбайұлына арналған бөлмеде ұлы ақынның балауыз мүсіні орналастырылып, қазақ ұлттық мәдениетіне тиесілі экспонаттар мен әшекей бұйымдар орын тапқан. Бөлменің ашылуына Чорум аймағы Искилип ауданының Мэриясы мен безендіруге Қазақстанда денсаулық сақтау саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асырған түркиялық Orhun Medical компаниясы ат салысты.

**Суреттер мен мәліметтер Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшілігінің баспасөз қызметінен алынды.



Ұқсас жаңалықтар