Ғияседдин Кей Хұсрау

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 6

1203345
Ғияседдин Кей Хұсрау

1156-1192 жылдар аралығында билік жүргізген Анадолы Селчуклы сұлтаны ІІ Қылыш Арслан елдің басын едәуір біріктіріп, түріктердің батысқа қарай жылжуына жағдай жасады. Бұл кезеңде Анадолыда айтарлықтай тұрақтылық орнады. Алайда бұл кезде Анадолыдағы түріктер әлі далалық ел басқару жүйесімен өмір сүретін. Бұған сәйкес ІІ Қылыш Аслан 1186 жылы елін тоғыз баласы, інісі және немере інісіне бөліп берді. Осылайша елдің тұтастығы жойылды. Осы он бір мұрагердің әр қайсысының таққа шығу құқығы бар еді. Сондықтан сұлтан билікте тұрған кездің өзінде тақ таласы басталды. Осы таластан Кей Хұсрау жеңімпаз болып шықты. Ендеше бүгінгі бағдарламамызда ІІ Қылыш Арслан ұлы Кей Хұсраудың өмір жолын қарастырамыз.

Ұлы тұлғамыздың қай жылы туғаны белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1211 жыл. Толық аты Ғияседдин Кей Хұсрау болып табылады. Осы атына қарағанда бұл кезеңде Анадолы түріктерінің бір жағынан Ислам діні, енді екінші жағынан Иран парсы әдебиетінің ықпалында болғаны байқалады. Әсіресе Фирдаусидің Шахнама шығармасының қаһармандарының аттары Селчуклы сұлтандары тарапынан көбірек қойыла бастағаны айқын. Басқаша айтқанда, Анадолыда Ислам, Иран, Ұлы дала және Византияның мәдениеттерінің араласуымен жаңа бір өркениет қалыптасып жатқан еді. Бұны ұлы тұлғамыздың ата тегі де көрсетеді.

Кей Хұсраудың әкесі ІІ Қылыш Арслан екендігін айтқан едік. Алайда ұлы тұлғамыздың ІІ Қылыш Арсланның нешінші баласы екендігі туралы даулы пікірлер бар. Кейбір деректер оны екінші ұл деп көрсетсе, кейбір деректер оны кенже ұл деп танытады. Ал шешесі туралы көп ақпарат жоқ. Десе де, ұлы тұлғамыздың шешесі Византиялық болуы мүмкін. Өйткені ол қиыншылыққа тап болғанда, Константинопольді паналайды. Бірақ оның әжесінің басқаша айтқанда әкесінің шешесінің Еуропалық болғандығы белгілі. Арнолд Любек деген христиан тарихшы «Кроника Славарум» деген еңбегінде ІІ Қылыш Арсланның Генрих Лев деген неміс ханзадасымен бөле екендігін жазады. Расында Месутшахтың византиялық әйелмен үйленгенін ескерсек, бұл жағдай растала түседі. Қалай болғанда да, Анадолы Селчуклы сұлтандарының Византия империясымен құда-андалық қатынаста болғаны рас.

1186 жылы әкесі Кей Хұсрауға Боргулу мен Күтахия аймағын бергендігі белгілі. Осыдан бастап ағайындылар бір-бірімен соғыса бастайды. 1192 жылы ІІ Қылыш Арсланның Сивастағы бірінші ұлы Құтбеддин Мәлікшах Конияға келіп, әкесінен тақты тартып алады. Кониядан қашқан Қылыш Аслан Боргулуға барып, ұлы Кей Хұсрауды өзінің мұрагері деп жариялады. Ұлы тұлғамыз әкесімен бірге Конияға шабуыл жасайды. Ал Құтбеддин Мәлікшах Ақсарай қаласын паналайды. Кей Хұсрау әкесімен бірге қаланы қоршауға алады. Қоршау кезінде Қылыш Арслан ауырып қайтыс болады. Осыдан кейін ұлы тұлғамыз Конияға келіп, таққа шығады.

Сұлтан Кей Хұсрау билігі кезінде Мендерес өзеніне дейінгі жерлерді иелігіне алады. Бұл кезде Кария және Танталус халықтарын Ақшехир маңына орналастырып, оларға жағдай жасайды. Византиямен бітімге келгеннен кейін де бұл халықтар еліне қайтпай осы жерде қалып қояды.

Кей Хұсраудың билігіне Токаттағы бауыры Рукнеддин Сүлейменшах қарсы шығады. Ол ұлы тұлғамызды Қылыш Арсланға у беріп өлтірді деп айыптайды. Ақырында 1196 жылы Рукнеддин Сүлейменшах басқа ағайындармен келісіп Конияға шабуыл жасайды. Төрт ай жалғасқан қоршаудан кейін екі жақ келісімге келіп, осы келісімге сай Кей Хұсрау тақтан бастартты.

Десе де ұлы тұлғамыз өзіне одақтас табу үшін көрші елдерді аралайды.  Ұлы тұлғамыз алдымен Селчуклыларға бағынышты Киликия армян патшасы Леонға барады. Одан кейін Елбистан мен Малатиядағы ағайындылары Тұғрылшах пен Қайсаршахқа жолығады. Содан кейін Халебтегі Сирияның Еюби сұлтаны Әл-Малик Әл-Адилмен кездеседі. Біраз уақыт Амид пен Ахлатшахтағы Балмандықтарда қалады. Осы кезеңде Орта Азиядан шыққан Хорезмшах Алааддин Текеш Ирактағы Ұлы Селжуктардың соңғы тұқымы ІІІ Тұғрылды өлтіреді. Осыған байланысты Кей Хұсрау Халебтен де кетуі керек болады.

Қысқасы, ұлы тұлғамыз іздеген қолдауын таба алмаған соң, Трабзонға барып, сол жерден бір кемеге мініп, Константинопольге жетіп, Византия императоры III Алексиустан көмек сұрайды. Император ұлы тұлғамызды Византияның маңызды қайраткері Мануэль Маврозоманың қызына үйлендіреді. Дәл осы 1204 жылы Еуропадан келген крестшілер Константинопольге шабуыл жасайды. Ұлы тұлғамыз амалсыздан қайын атасының иелігіне қашады.

Осы 1204 жылы Кониядағы Рукнеддин Сүлейманшах қайтыс болады. Оның орнына үш жасар баласы ІІІ Қылыш Арслан шығады. Алайда оның бала болуына байланысты елдегі бектер Кей Хұсрауға билікті өз қолына алуы үшін өтініш жасайды. 1205 жылы Конияға келген ұлы тұлғамыз екінші рет таққа отырады. Билікті өз қолына алған Кей Хұсрау елді экономикалық жағынан күшейтуге талпыныс жасайды. Бұл тұрғыдан ең алдымен Анадолының ішкі жағында орналасқан түріктерге теңіз арқылы сауданы дамыту үшін порт қажет еді. Сондықтан ұлы тұлғамыз осы мақасатта Анталияны бағындыруға тырысады. 1206 жылғы жорық нәтижелі болмаса да, 1207 жылы қайта шабуыл ұйымдастырып ақырында қаланы алады. Бұл жерге сұлтан тағайындаған Мұбарезеддин Ертоқыш 22 жыл бойы сонда қызмет етеді. Анталиядан кейін Кей Хұсрау Мараш аймағын да өзіне қаратады. Қысқасы, ұлы тұлғамыздың билік кезінде Анадолы Селчуклы мемлекеті қайта күшейе бастайды.



Ұқсас жаңалықтар