Хүсейін Байқара

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 43

1111342
Хүсейін Байқара

Темір Мемлекетінің соңғы кезеңі Түрік-Ислам өркениетінің шарықтау кезеңіне сәйкес келеді. Ол кездің Түркістаны әлемнің орталығы болып саналатын. Мәдениет, ғылым, өнер барлығы осы жерден шығатын. Осы дамуды қамтамасыз еткен маңызды тұлғалар екендігі мәлім. Сондай ұлы тұлғалардың бірі Темір мемлекетінің соңғы ең ықпалды билеушісі Хүсейін Байқара еді.

Ұлы тұлғамыздың толық аты «Әбіл Қазы Хүсейін Мырза ибн Мансұр ибн Байқара», яғни қазақша айтқанда Байқараның немересі, Мансұр ұлы Әбіл Қазы Хүсейін Мырза болып табылады. 1438 жылы Герат қаласында туып, 4 мамыр 1506 жылы Герат маңындағы Баба-Илаһи деген жерде қайтыс болған. Он бесінші ғасырдың екінші жартысына өз ізін қалдырған маңызды саясаткер болып есептеледі. Ұлы тұлғамыздың әкесі жағынан атасы Байқара – Әмір Темірдің екінші ұлы Омар Шейхтің баласы, ал Хүсейіннің анасы Фируза Бегім – Әмір Темірдің үшінші ұлы Миран Шахтың қызы. Осы мәліметке қарағанда, Темірдің ұрпақтары түріктердің жеті ата ережесінен бас тартып, туысқандарымен үйлене бергендігін байқаймыз. Ұлы тұлғамыз бала кезінде әкесі Мансұр қайтыс болып кеткендіктен атасы Байқараның тәрбиесінде өсті. Осыған байланысты Хүсейін «Байқара» болып аталып кетті.

1447 жылы Әмір Темірдің ұлы Шахрух қайтыс болғаннан кейінгі тақ таласында ол Байсұңқар ұлы Әбілқасым Бабыр жағында болды. Алайда Хүсейін Байқара көкесі  Әбілқасым Бабырдың Мәуренахрда өз билігін орнатқан Әбу Сейітпен соғысуына қарсы еді. Тіпті ұлы тұлғамыз Әбу Сейіттің қызметіне кіруге де талпыныс жасады. Алайда Байқараның немересі Сұлтан Уәйіс Мырзаның Әбу Сейітке қарсы көтеріліс бастауына байланысты Мәуренахр билеушісі аманат ретінде Хүсейін Байқараны отбасымен бірге тұтқынға алды. Ұлы тұлғамыздың анасы Фируза Бегімнің дәнекер болуымен Хүсейін Байқара тұтқыннан босатылып, 1457 жылға дейін Әбілқасым Бабырдың қызметінде болды.

1457 жылы Хорасан әмірі Байсұңқар ұлы Әбілқасым Бабыр қайтыс болғаннан кейін тағы да тұрақсыздық басталды. Алдымен шығыстан келген Әбу Сейіт Герат қаласын жаулады. Артынша батыстан келіп, Мазандаранды басып алған Қарақойлы мемлекеті басшысы Мұзафар әд-Дин Жахан Шах Гератты өзіне қаратты. Осы таласта Хүсейін Байқара Мары қаласының билеушісі немере ағасы Сұлтан Санжардың жағында болды. Алайда сол жылы жазда Сұлтан Санжар мен Хүсейін Байқара араздасып, ақырында ұлы тұлғамыз Марыдан қашуға мәжбүр болды.

1459 жылдан бастап Хүсейін Байқара белсенді түрде тақ таласына кірісті. Ол бір жағынан Хорезмдегі өзбектердің биі Мұстафамен одақ құрса, енді екінші жағынан қоңыраттардың Ақсопы деген әмірімен ынтымақтастық орнатты. Осылайша ұлы тұлғамыз қоңыраттардың Адақ деген қаласын өзінің ордасына айналдырды. 1461 жылы Хүсейін Байқара Әбу Сейіттің басқа шепте жорықта жүргендігін пайдаланып, Мазандаранға шабуыл жасады. Ол Астрабад және Гурган қалаларын бағындырды, тіпті Гератқа дейін барды. Алайда қайтып келген Әбу Сейіт Хүсейін Байқараны қуып шықты. Ұлы тұлғамыз Адаққа шегінуге мәжбүр болды.

1463 жылы Хүсейін Байқара қайта қол жинап, Үргеніш, Хиуа, Хазарасп және Тұршақ бекінісін қайта басып алды. Одан бөлек ол Хоросанға дейін барды. Бірақ бұл жолы да Мары қаласының маңында Әбу Сейіттің жолдаған әскерлерінен жеңіліп қалды. Хүсейін Байқара мен Әбу Сейіт арасындағы бұл соғыс 1468 жылға дейін жалғасты. Бұл текетіреске ұлы тұлғамыз өзбек ханы Әбілхайырды тартуға тырысты. Алайда 1468 жылы Әбілхайыр қайтыс болды. Келесі 1469 жылы Әбу Сейіт де батысқа жорығында қайтыс болды. Осылайша ұлы тұлғамыздың Гератқа барар жолы ашылған болды. 1469 жылдың 24 наурызында Гератты алған Хүсейін Байқара Темір мемлекетінің билеушісі ретінде таққа шықты.

1470 жылы Хүсейін Байқара бір жағынан Әбу Сейіттің ұлдарын талқандап, екінші жағынан Ираннан келген Аққойлы қолын жеңіп өз билігін нығайта түсті. Әбу Сейіттің ұрпақтарымен шекара ретінде Амудария өзені қалыптасса, Ақ қойлы мемлекетімен шекара Иранның шығысынан өтті. Бұл шекаралар Хүсейін Байқараның отыз сегіз жылдық билігі кезінде бұзылмады. Бұл тұрақтылық Хорасан аймағының дамуына алып келді.

Хүсейін Байқараның билігі кезінде Герат қаласы әлемнің ғылым мен мәдениет орталығына айналды. Халық саны екі милионнан асқан қаланы сол заманның «Венасы» деп атасақ болады. Ұлы тұлғамыздың айналасына Әлішер Науаи, Әбдрахман Жами сияқты сол кездің ғұламалары жиналды. Хүсейін Байқара ғалымдармен кеңескенді жақсы көретіндіктен, бұл пікірталастар «Байқара мәжілісі» деп аталатын болды. Атақты ақын әрі ғалым Әбдрахман Жами өзінің «Бахарыстан» деген еңбегін Хүсейін Байқараға арнаған болатын. Әлішер Науаи де ұлы тұлғамыздың түріктердің түрлі диалекттерін жақсы меңгергендігін жазады. Әсіресе Хүсейін Байқараның түрік тілінің дамуына көрсеткен қолдауы мақтауға лайық. Ұлы тұлғамыз тек ғалымдарды қолдап қана қоймады, өзі де еңбектер жазды. «Хүсейни» атымен жазған өлеңдері «Рисале» деген атпен жарық көрген.

1501 жылы солтүстіктен келген өзбектер Мәуренахрдағы Темірдің ұрпақтарын жеңіп, Самарқантта өз мемлекеттерін жариялайды. Бұл өңірде өз билігін нығайтқан өзбек ханы Мұхаммед Шайбани келесі мақсат ретінде Хорасанға жорыққа дайындала бастайды. Осылайша Хүсейін Байқара мен Мұхаммед Шайбани соғысатын болады. Алайда 1506 жылы ұлы тұлғамыз өзбектерге қарсы соғысқа бара жатқанда жолда қайтыс болады. Сол жылы өзбектер Темір мемлекетін толығымен жаулап алды.    



Ұқсас жаңалықтар