Ахи Эвран

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 51

1346958
Ахи Эвран

Анадолыда Селчуклы билігі ыдырап, Османлы мемлекеті орнағанға дейін көптеген бейліктердің құрылғаны белгілі. Бұл шағын елдердің барлығы дерлік бір бейдің немесе бір әулеттің айналасында құрылды. Алайда осы кезеңде Қыршехир мен Анкарада бұл сипаттамаға кірмейтін Ахилер мемлекеті өмір сүрді. Бұл мемлекет белгілі бір тұлға немесе әулет тарапынан емес, «ахилер» деп аталатын кәсіпкерлер одағы тарапынан құрылды. Бұл одақ тек Қыршехир мен Анкарада ғана емес, Анадолы мен Балқанның барлық қалаларында ықпалды болғаны мәлім. Олай болса Түркияның қала өмірі мен кәсіп түсінігіне тереңнен әсер еткен осы одақтың негізін қалаушы Ахи Эвран туралы сөз қозғайық.

Ұлы тұлғамыздың толық аты Шейх Насируддин Махмуд Ахи Эвран бин Аббас болып табылады. 1171 жылы туылып, 1261 жылдың 12 сәуірінде қайтыс болған. «Пир-и Деббағ» яғни тері илеушілердің пірі деген атағы бар. Ахилер ұйымының негізін қалаушы. Қолөнершілер мен кәсіпкерлердің 32 түрінің жетекшісі болып саналды. Тарихи тұлға болса да, ол туралы нақты деректерге қарағанда аңыз-әңгімелер көбірек. «Аспан, ғарыш» және «жылан, айдаһар» дегенді білдіретін Эвран есімі оның мифтік болмысының ауыр басқанын көрсетіп тұрғандай.

Ахи Эвран Иранның Хой қаласында дүниеге келген. Хой қаласы Селчук билеушісі Тұғрыл бей кезінен бері түрікмендердің қонысы болып табылады. Ахи Эвранның балалық шағы Әзірбайжанда өтті. Алғашқы білімін сол жерде алды. Осыдан кейін ол Хорасан мен Маураннахр аймағына барып, сол аймақтағы атақты ұстаздардан сабақ алды. Ахи шамамен 1203 жылы Бағдатқа келіп, онда ғалым Әвхаддуддин Кирманидің ұсынысы бойынша Аббаси халифі Насир Лидинилланың құрған Футуввет ұйымына мүше болды.

Футуввет ұйымы Ислам өркениетіндегі кәсіби ұйым болып табылады. Бұл сопылық мазмұны бар кәсіби ұйым болатын. Басқаша айтқанда, бұл діндар кәсіпкерлердің одағы еді. Оның шығу тегі сопылар мен дәруіштер арасындағы қайшылыққа байланысты болатын. Сопылар тариқат мүшелерін, дәруіштерді және жалпы тәкке мен дергахтардағы шәкірттерді «жатып ішер», «пайда күнем» деп кінәлайтын. Өйткені олар жұмыс істемей халықтың берген садақа мен зекетінің арқасында күн көретін. Ал сопылар болса өз күштеріне сеніп, еңбек етіп, маңдай терімен ақша тауып күн көретін. Басқаша айтқанда, олар қайыршылықты қор көретін. Футуввет ұйымы міне осындай құндылықтар негізінде қалыптасты. Бұл ұйымның шеңберінде ұлы тұлғамыз Кирмани секілді көптеген ұстаздардан дәріс алады. Бағдаттың сол кездегі білім мен даналық орталығы болуы Ахи Эвранның жан-жақты дамуына және рухани жақтан өсуіне мүмкіндік берді.

1204 жылы Анадолы Селчук сұлтаны І Ғияседдин Кейхұсрау Бағдатқа елші жіберіп, осыған байланысты Ахи Эвран басқа ғалымдармен бірге Анадолыға келді. Ұлы тұлғамыз алдымен Кайсериге қоныстанды және Футуввет ұйымындағы тәжірибесін қолданып, онда алғашқы кәсіби одақты құрды. Бұл ұйым Ахи Эвранның атына байланысты «ахилік» деп аталып кетті. Осы орайда кейбір ғалымдар ұйымның «ахилік» болып аталуын кәсіпкерлердің бір-бірін «бауыр» деп білуімен байланысты деп есептейді. Өйткені араб тілінде «ахи» сөзі «бауырым» деген мағына береді.

Сұлтан Кейхұсраудың қолдауын алған ұйымның жетекшісі ретінде Ахи Эвран Кайсериде көптеген өнеркәсіп орындарының ашылуына және көптеген қолөнерші мен кәсіпкерлердің жетілуіне мұрындық болды. Осылайша Ахилік ұйымының тиімділігі байқалғаннан кейін Селчуклы сұлтандары бұл ұйымның басқа қалаларда да дамуына қолдау көрсете бастады. Осы мақсатта Сұлтан Алааддин Кейқұбадтың қалауымен 1228 жылы Конияда қоныс тепкен Ахи Эвран өз ісін осында жалғастырды. Бірақ Ахилік ұйымның ең үлкен қорғаушысы Сұлтан Алааддин Кейқұбад баласы II Ғияседдин Кейхұсраудың ұйымдастырған қастандығымен өлтірілгеннен кейін көптеген Ахи мен Түрікмендер қуғынға ұшырады. Ахи Эвран болса зынданға тасталды. Тек 1245 жылы Сұлтан Ғияседдин Кейхұсраудың өлімінен кейін ғана Ахи Эвран босатылып, Денизли қаласына көшті.

1247 жылы Мевлананың ұлы Алааддин Челебидің Мевлананың ұстазы Шемс-и Тебризидің өліміне қатысы бар деген пікір тарады. Бұл кезеңде Ахи Эвран мен Алааддин Челеби бір-біріне жақын болған еді. Сондай-ақ Мевлана және оның мұғалімі Шемси-и Тебризи мен Ахи Эвранның арасында қарама-қайшылық болғандығы да белгілі болатын. Басқаша айтқанда бұл оқиға ұлы тұлғамыздың атына да кір келтірді. Осы оқиғадан кейін ол Қыршехирге барып, сонда қоныстанды және өмірінің соңына дейін сонда қалды. «Велаяетнаме» кітабында Қажы Бекташ Уәлидің Қыршехирге жиі-жиі барып, Ахи Эвранмен болған әңгімелері туралы баяндалады. Осыған қарағанда Қыршехир қаласы сол кезде маңызды рухани орталыққа айналғанға ұқсайды. Алайда ұлы тұлғамыз халықты бүлікке шақырды деген айыппен 1261 жылдың 12 сәуірінде моңғолдар тарапынан өлтірілді.

Ұлы тұлғамыз өлсе де оның ізбасарларының Анадолы мен Балқан түбегінің түкпір түкпірінде ықпалды болғандығы байқалады. Атақты саяхатшы Ибн Батута он үшінші ғасырда ахилердің Бурдур, Гүлхисар, Ладик, Милас, Герчин, Кония, Нигде, Ақсарай, Кайсери, Сивас, Гүміш, Эрзинжан, Эрзурум, Бирги, Тир, Маниса, Балыкесир, Бурса, Гөреле, Гейве, Ениже, Мудурну, Болу, Кастамону, Синоп сияқты Анадолы қалаларында ұйымдары болғандығын жазады. Дегенмен ахилердің ең ықпалды болған жері Қыршехир мен Анкара болатын. 1290 жылы осы аймақта ахилер өз мемлекеттерін құрды. Бұл мемлекет 1362 жылы Османлы құрамына алынғанға дейін өз дербестігін сақтады.



Ұқсас жаңалықтар