Әлемге танымал түріктер-31

Бахтияр Вахабзаде

84455
Әлемге танымал түріктер-31

Проф. Бахтияр Вахабзаде 1925 жылы Әзірбайжанның Шеки қаласында дүниеге келген. 9 жасында жанұясымен бірге Баку қаласына көшкен Бахтияр орта мектепті де осы жерде бітірген. Кейін Әзірбайжан мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1947 жылы бітіріп шығады. Әдебиетке, әсіресе өлеңге деген құштарлығы бала кезінен басталса да «Ана мен сурет» атты тырнақалды өлеңі студенттік жылдарында (1943) жарияланған. Вахабзаде кандидаттық диссертациясының тақырыбы ретінде Әзірбайжанның көрнекті ақыны Самед Вургунды таңдады. Алғашқы өлеңдері жарияланғаннан кейін баспасөз бетінде әдеби және ғылыми мақалалар жазып тұрған жас ақынның «Менің достарым» атты өлеңдер жинағы кітап болып басылды. Вахабзаде бұл кітабында фашизмге қарсы пікірлерін ашықтан-ашық білдірген.
Бахтияр Вазабзаденің махаббат пен сүйіспеншілік туралы өлеңдері мен драмалық шығармаларында да оның пәлсапалық ой-пікірлері байқалып тұрады. Сонымен қатар ақын қазіргі қоғамдағы проблемаларды да өлеңдеріне арқау еткен.
Түркі әлемінің ең танымал ақындарының бірі Бахтияр Вахабзаденің көптеген драмалық шығармалары Әзірбайжан мемлекеттік театрларында, Кеңес Одағының басқа республикаларында, тіпті Түркия мен кейбір Еуропа елдерінде сахналанған.
1960-2003 жылдар арасында сахналанған туындыларының кейбіреулері мыналар: «Екінші дауыс», «Ождан», «Жолдарда із қалдырған», «Жаңбырдан кейін», «Бұл дүния қайда барады?», «Өзімізді тураған қылыш», «Жазасыз қылмыс», «Дар ағашы», «Бақталастық»..
Ақын болумен қатар әдебиет сыншысы да болған Бахтияр Вахабзаде 1950-1990 жылдары арасында Әзірбайжан мемлекеттік университетінде ұстаз болып қызмет атқарған. 1991-жылы құрметті демалысқа шыққан Вахабзаде Кеңес Одағының ыдырауы мен елінің тәуелсіздігіне қауышуын үлкен қуанышпен қарсы алды және шабыттанып, бұрынғыдан да әдемі туындылар жаза бастады. 1980-жылы Әзірбайжан Ғылым Академиясына мүше-корроспондент болған Вахабзаде 2000-жылы тұрақты мүше болып сайланды. Кітаптары көп тиражбен орыс тіліне аударылып басылған ақын 1981-жылы Кеңес Одағы жазушыларының 7-ші құрылтайында Кеңес Одағы Жазушылар Одағының басқару комитетіне сайланды. Кейін Әзірбайжан Жазушылар Одағында да қызмет атқарды. Әзірбайжанның тәуелсіздік алуынан кейін әдебиет саласындағы қызметтерімен қатар саясатқа да белсенді араласа бастаған Бахтияр Вахабзаде Әзірбайжан парламентіне депутат болып сайланды.
Халықтың сүйіктісі болған ақын шетелге сапарларында президенттің жанында болды.
Бахтияр Вахабзаде Кеңес Одағы кезінде жазған «Ленинмен сұхбат» және «Мақам» атты өлеңдеріне байланысты Әзірбайжанда медальмен марапатталған болатын. Сонымен қатар «Қызыл ту» мен «Тәуелсіздік» атты өлеңдері де марапатталды. Бірақ оның жаза алған замандары да бар еді. 1985-жылы екіге бөлінген Әзірбайжан жерлерін жырлаған «Гүлістан» атты өлеңі үшін орыс үкіметі қатты сынға алған еді. Патшалық Ресей дәуірі туралы өлең болғанына қарамастан Кеңес үкіметінің көңіліне жақпаған бұл өлең үшін Бахтияр Вахабзаде шамалы уақыт қызметтен алынып, үйде қамауда отыру жазасы алған еді. Өзінің тілі, отаны мен халқына шын жүректен қызмет еткен Бахтияр Вахабзаде әзірбайжан халқы душар болған құқықсыздықтарды «Сандықтан шыққан дауыстар» атты шығармасында суреттеген. 70-тен астам өлең кітабы мен жүздеген мақала жазған Вахабзаденің туындылары шет тілдерге де аударылды. Орыс, түрік, француз, ағылшын, неміс, венгр тілдеріне аударылған бұл туындылар Вахабзаденің әлем әдебиетінде танылуына себеп болды. Шығармалары Түркияда да бірнеше рет жарық көрген Бахтияр Вахабзаде 13 ақпан 2009 жылы ауыр науқастан қайтыс болды.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар