Палестинаға қолдау шерулері жалғасуда

Брюссель мен Тиранда мыңдаған адам Газа секторында «атысты тоқтату» шақырумен шеруге шықты.

2091615
Палестинаға қолдау шерулері жалғасуда

Бельгияның бас қаласы Брюссельде жиналған мыңдаған адам Газа секторында «атысты тоқтату» шақырумен шеру ұйымдастырды.

Демонстранттар Брюссельдің Солтүстік теміржол вокзалы алдына жиналып, Жан Рей алаңына дейін жаяу шеруге шықты.

Шерушілер «Палестина үшін дереу әділет» деген ұран тастап, «Газадағы балаларды құтқарыңыз», «Атысты тоқтат, дәл қазір!», «Палестиналықтардың құқығы - адам құқығы» деген баннерлер мен Палестина және Халықаралық сотта Израильге қарсы «геноцид» қылмысы туралы сот ісін қозғаған Оңтүстік Африка Республикасы туын көтеріп жүрді.

Шерушілер арасында Социалистік партияның төрағасы Пол Магнетт те болды.

Магнетт өзінің «X» әлеуметтік желісіндегі аккаунтынан жасаған мәлімдемесінде демонстрациядан видео бөлісіп, Газа секторында тез арада атысты тоқтатуға шақырды.

Палестина халқына қолдау мен ынтымақтастық шеруі Албанияның бас қаласы Тиранада да өтті.

Елдегі азаматтық қоғам ұйымдарының шақыруымен бас қала Тиранадағы Скандербег алаңында жүздеген адам бас қосты.

Палестина туларын ұстаған шерушілер Израильдің палестиналықтарды нысанаға алған геноцидін, этникалық тазалау, қырғын мен шабуылдарын айыптап, олардың тоқтатылуын талап етті.

Шерушілер қолдарына «Екі мемлекетті шешім», «БҰҰ қарарларын орындаңыз», «Израильдің Газа секторындағы соғыс қылмыстарын тоқтатыңыз», «Газа секторында геноцидті тоқтатыңыз», «Палестинаға азаттық» және «Газа секторындағы бомбалауды тоқтатыңыз» деген баннерлер ұстады.

Шеру кейін дау-дамайсыз аяқталды.



Ұқсас жаңалықтар