Зеленский сөз емес, нақты қадам күтетінін білдірді

Ол Антониу Гутерриштің астық дәлізіне қатысты тек ауыз жүзінде емес,  шара арқылы да әрекетке өтуі керектігін айтты.

2013724
Зеленский сөз емес, нақты қадам күтетінін білдірді

Украина президенті Владимир Зеленский Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшысы Антониу Гутерриштің астық дәлізіне қатысты тек ауыз жүзінде емес,  шара арқылы да әрекетке өтуі керектігін айтты.

Зеленский Украинаның астанасы Киевте Ирландияның премьер-министрі Лео Варадкармен кездесті. Кездесуден кейін өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Зеленский Ирландия халқына соғыстан қашқан 86 мың украиндықты баспанамен қамтамасыз еткені үшін алғыс айтты.

Кездесуде кеше түнде Ресейдің Украинаға жасаған шабуылдары туралы ақпарат бергенін айтқан Зеленский «Әлемде бейбітшілікті қалайтын әрбір елдің Ресей терроризмін анық және сөзсіз айыптауы және бұл агрессияны жеңу үшін ортақ күш салуы өте маңызды» деді.

Зеленский қауіпсіздік және саяси өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ Украинаны Ресей агрессиясына қарсы қорғаныста нығайта алатын бірлескен қадамдарды талқылағандарын білдірді. «Ресейдің жаңа дағдарыстар тудырып, аштық пен тұрақсыздықты қару ретінде пайдалануға тырысқанына қарамастан әлемдік азық-түлік нарығы тұрақты болып қалуы үшін біз бірге қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек», - деді ол.

Владимир Зеленский Қаратеңіз астық дәлізінің қауіпсіз болуы керектігін атап көрсетті. "Менің Ресейді білуімше, бұл дәліз БҰҰ Бас хатшысы деңгейінде өте анық және батыл жұмыс істей бастамайынша қауіпсіз болмайды. Бізге өте мықты сөздермен бірге іс жүзінде әрекет керек. Біз мұны әлі көрген жоқпыз" деді Украина басшысы.

Украинаның Түркиямен әртүрлі деңгейде жұмыс істейтінін айтқан Зеленский "Бұл дәлізде қалай әрекет ететініміз және қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ететініміз туралы Түркия президентімен сөйлесуге болады. Мұнда әртүрлі өлшемдер бар. Жеке конвойлар мәселесін көтерген едік. Бұларды тек Түркиямен емес, басқа серіктестермен де талқылау керек" деді.



Ұқсас жаңалықтар