Астана келіссөздері ертең басталады

Астана процесінде кепілгер ретінде Түркия, Ресей және Иран делегациялары ертең кездеседі.

1843092
Астана келіссөздері ертең басталады

Ертең Қазақстанның бас қаласы Нұр-Сұлтанда басталатын Сирия тақырыбындағы 18-ші Астана келіссөздерінің негізгі күн тәртібінде сириялық босқындардың елге қайтарылуы үшін жасалатын жағдайлар басты мәселе болмақ.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесіне сәйкес, 15-16 маусымда Нұр-Сұлтанда өтетін 18-ші Астана келіссөздеріне дайындық жұмыстары аяқталды.

Астана процесінде кепілгер ретінде Түркия, Ресей және Иран делегациялары ертең кездеседі.

Келіссөздерге Түркия атынан Сыртқы істер министрлігі Сирияға жауапты басқармасының бас директоры Селчук Үнал бастаған делегация қатысады. Ресейден президент Владимир Путиннің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев пен Ираннан Сыртқы істер министрінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Али Асгар Хаджи бастаған делегация қатысады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Сирия бойынша арнайы өкілі Гейр О. Педерсен атынан саяси мәселелер жөніндегі уәкілі Роберт Данн өкілдік жасайды. Бақылаушы ретінде Ливан делегациясы да қатысады.

Одан бөлек отырыстарға БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссариаты мен Халықаралық Қызыл Крест өкілдері қатысады.

Келіссөздер барысында тараптар сириялық босқындардың елге оралуы үшін жағдайды қамтамасыз ету, Сириядағы гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық жағдай, Женевадағы Конституциялық комитеттің жұмысы, сенім шаралары, кепілге алынғандарды босату және Сириядағы қарулы күштер туралы мәселелерді талқылайды.

Ертең таңертең екіжақты және үш жақты техникалық кездесулермен басталатын 18-ші Астана келіссөздері 16 маусымдағы негізгі сессиямен аяқталады.



Ұқсас жаңалықтар