Еуразия тынысы 56

Орталық Азия мемлекеттерінің қауіпсіздік мәселелерін қолға аламыз.

207111
Еуразия тынысы 56

16 және 18 қаңтар күндерінде кім екені белгісіз кісілер Қырғызстан мен Тәжікстан шекара бекеттеріне қарулы шабуыл жасады. Қырғызстанның Ләйлек районындағы Айкөл шекара бекетіне 16 қаңтар күні жасалған шабуылда бір лейтенант шәйіт болды, 2 әскер жарақат алды. 18 қаңтар күні Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасында әскерлерге жасалған шабуылда 2 әскер жарақат алды. Бұл жаңалықтар Орталық Азияның қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне әкелді.
2014 жылы 23 желтоқсан күні Мәскеуде жүзеге асқан «Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымы» саммитінде сөз алған Путин «Лаңкестік және радикал топтар терроризмді Орталық Азияға таратқысы келеді. Бұл жағдайға қарсы Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының мүше мемлекеттері ретінде шаралар қабылдауға дайын болуымыз керек» деген болатын.
ИШИМ-нің күшеюі және осы террор ұйымына мүше Орталық Азия тектілердің мемлекеттерінде де «Ислам мемлекеті» құрғысы келгені туралы мәлімдемелер жасаған бір кезеңде мұндай шабуылдардың жасалуы назар аударады. Желтоқсан айынан бері Орталық Азия текті кейбір террористтердің Ауғанстанның солтүстігіне жылжығаны жайлы жаңалықтар келіп жатыр. Бұдан басқа кейбір Орталық Азия мемлекеттерінің соңғы кездері жиі қауіпсіздік шаралары қабылдағанына куә болудамыз.
Мысалы Тәжікстан Ішкі істер министрлігі 9 қаңтар күні ИШИМ-ге қосылғанын жариялаған Өзбекстан Ислам қозғалысы әмірлерінің бірі Икрам Халилов пен 10 ұйым мүшесінің ұсталғанын жариялады. Министрліктің хабарлауына қарағанда, Халилов басшылығындағы қарулы топ алдымен Шехринав ауданы полиция орталығына шабуылдап, осында қолға түсірген қару-жарақтармен жаңа шабуылдар ұйымдастыратын болған
Тәжікстан Жоғары соты 13 қаңтар күні қабылдаған бір шешіммен Салафия ағымын «радикал құрылымдар» тізіміне қосты. Тәжікстан 2009 жылы 8 қаңтар күні елде «Салафия ағымына» тыйым салды.
Тәжікстан ішкі істер министрлігі мағлұматтарына қарағанда 2014 жылы елде 338 лаңкестік оқиғаға араласқан 116 ұйым мүшесі қамалды. Осы көрсеткіштер өткен жылдармен салыстырғанда елде террор жұмыстарының үш есе артқанын көрсетеді. Мұндай оқиғаларды азайту үшін Тәжікстан ішкі істер министрлігі алдында екі ел арасында жасалған келісімге орай Ауғанстанда жақын уақытта өкілдік ашатынын мәлімдеді. Тәжікстанның көршісі Қырғызстанда болса ресми мағлұматтарға қарағанда 2014 жылы террор айыбымен 137 сот ісі ашылды.
Наурыз айында өткізілетін президент сайлауына қайтадан үміткер ретінде көрсетілген Өзбекстан президенті Ислам Каримов 14 қаңтар күні Ауғанстандағы Бейбітшілік күштерінің елден кетуінің Орталық Азия мемлекеттері үшін маңызды бір сынақ болатынын жариялады. Осы себептен болса керек Өзбекстан тарихында тұңғыш рет НАТО-ның Ташкент кеңсесін ашуына рұқсат етілді.
* * *
Орталық Азия мемлекеттері үшін қауіпсіздік мәселесі жаңа бір мәселе емес. Жиырма жылдан бері осы мәселе шешімін күтуде. 1990 жылдары Тәжікстандағы ішкі соғыс елдегі қауіпсіздік мәселесін хроникалық мәселеге айналдырды. 1999 жылы Өзбекстанға өткісі келген ұйым мүшелері Қырғызстан әскерлеріне шабуылдады. Өзбекстанда билік 2005 жылы Андижан оқиғаларының террористтер тарапынан ұйымдастырылғанын жариялады. 2011-2012 жылдары Қазақстанда бірінен соң бірі террор шабуылдары жасалды. Осылар аймақтық қауіпсіздікке бағытталған оқиғалардың ең белгілілері. Орталық Азия мемлекеттері арасында 25 жылдан бері шешімін күткен шекара мәселелері де аймақ қауіпсіздігіне маңызды мөлшерде қауіп төндіруде.
Аймақ қауіпсіздігінің проблемаға айналуына себеп болған сыртқы және ішкі мәселелер бар. Сыртқы себептердің басында Ауғанстандағы террор оқиғалары келеді. Баршаға мәлім, Ауғанстан үкіметі үш айға жалғасқан келіссөздердің артынан әрең дегенде құрылды. Қиын құрылған үкіметтің қаншалықты жақсы жұмыс істейтіні қазірше белгісіз. Осыған Орташығыс жағрапиясынан елге жылжытылған топтарды қосқанда, Тәжікстанның неліктен үрейленіп, шара қабылдай бастағанын түсінуге болады. Сондай-ақ Шыңжаң жағынан да Қытай үкіметіне қарсы әрекет жасаған ұйғырлардың аймаққа кіруге тырысқандары белгілі. Осында шекараны бұзғысы келген баршаның террорист емес екенін де айтқан дұрыс.
Аймақ қауіпсіздігінің мәселелі күйге айналуындағы ішкі себептердің басында аймақта өктемдік жасаған биліктер келеді. Оппозицияның күшін әлсіздендіру талпыныстары мен әлеуметтік теңсіздіктер аймақта террордың орын табуына себеп болады. Мұсылмандарға салынған тыйымдар бумеранг сияқты әсер етіп, биліктерге лаңкестік оқиғалар болып қайтады. Мамандар Ферғана алқабының ішкі соғыс шығаруға өте ыңғайлы бір аймаққа айналғаны тақырыбында ортақ көзқараста.
Әлем саясатының салмақты актерлері Орталық Азиядағы мүдделері мен ойындарын тоқтатқан жағдайда, аймақ мемлекеттері ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелерін қиын да болса өздері ынтымақтасып, шеше алады.

 


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар