«Microsoft» 10 мың адамды жұмыстан шығарады

Компания директоры маңызды стратегиялық салаларда жұмысқа қабылдауды жалғастыратынын атап өтті.

1935110
«Microsoft»  10 мың адамды жұмыстан шығарады

Америкалық технологиялық компаниялардың бірі «Microsoft» 10 мың қызметкерін жұмыстан шығаратынын хабарлады.

«Microsoft» бас директоры Сатья Наделла компания қызметкерлеріне хабарлама жіберіп,  маңызды өзгерістер кезеңін бастан өткергендерін, тұтынушылармен және іскер серіктестермен кездесулер өткізіп жатқандарын айтты.

Клиенттердің цифрлық шығындарын оңтайландырып жатқанын айтқан Наделла: «Сондай-ақ әлемнің кейбір елдері рецессияда, ал басқалары да құлдырауды күтіп отырғандықтан, біз әр сектор мен географиядағы ұйымдардың сақтықпен әрекет ететінін көріп отырмыз» деді.

Наделла компанияның бұл жағдайдан одан да мықты және бәсекеге қабілеттірек болып шығатынына сенімді екенін, бірақ осы оқиғаларға сәйкес қадамдар жасалуы керектігін атап өтті.

Наделла осы тұрғыда 2023 қаржы жылының үшінші тоқсанының соңына дейін 10 мың адамның жұмыстан босатылатынын мәлімдеді.

Сатья Наделла бұл сан «Microsoft» корпорациясы қызметкерлерінің жалпы санының 5 пайызынан азына сәйкес келетінін еске салып, кейбір салалардағы позицияларды жойғанымен, маңызды стратегиялық салаларда жұмысқа қабылдауды жалғастыратынын атап өтті.



Ұқсас жаңалықтар