Стамбулдың ең ежелгі аймақтарының бірі - Үскідар

Капитанның борт журналы - 5

2124311
Стамбулдың ең ежелгі аймақтарының бірі - Үскідар

Стамбулдың ең ежелгі аймақтарының бірі - Үскідар

Қайығымыз «Жиханкезге» қош келдіңіз.  Стамбулда Анадолы жағасын аралауды жалғастырамыз. Бүгін Стамбулдың таңдаулы жерлерінің бірі Үскідарға бұрамыз бағытымызды.

Османлы дәуірінің сарайлары, тарихи мекендер,  жағажайлар бір жағында,  бұғаз көрінісі,  жап-жасыл саябақтары бір жағында.  Әрі тарих және мәдениет сүйерлерге, әрі табиғат сүйерлерге теңдесі жоқ мүмкіндіктер ұсынатын Үскідарға барамыз.

Үскідар – Стамбулдың ең ежелгі аймақтарының бірі.  Тарихи құжаттарда Үскідардың финикиялықтар кезінде құрылғаны жазылған.  Осы жер ежелгі дәуірден бастап барлық уақытта таңдаулы болған.  Рим Империясы бөлінгеннен кейін маңызды сауда орталығына айналған. Тартымдылығы одан сайын артқан.  Осман мемлекеті Стамбулды жеңіп алмастан бұрын алған алғашқы Азиядағы жері осы – Үскідар.

Үскідардың тарихын сіздерге қысқаша айтқанға дейін кемежайға да жақындап қалыппыз. Қайығымызды осында тастап, Үскідарды аралауды кемежайдың жанындағы тарихи жәдігерлерден басталық.  Бірінші болып көрінетін ғимарат – ІІІ Ахмет бұлағы.  Осы бұлақ Стамбул бұғазынан өткендердің су мұқтаждығын қамдау үшін салынған.  Бұрыштарындағы шағын бағаналары мен ойылған құмыра ішіндегі гүлдерімен назар аударады.  Бұлақ бұрынғы уақыттардағы қызметін бүгінгі күні де жалғастырып келеді.  Адамдарға әлі су таратуда.  Алғаш салынған кезде теңіз шетінде болған бұлақ кейін артқа қарай алынған.  Бүгінгі күні Михримах Сұлтан мешітінің дәл алдында тұр.  Кануни Сұлтан Сүлейманның қызы Михримах Сұлтан үшін салынған осы мешіт. Мешіт - әлемге танымал сәулетші Мимар Синанның туындыларының бірі. Мешіттің ішкі жағы жарық, мәрмәр мен ағаш шеберлігі көзге түседі.

Үскідардың ішкі жақтарына қарай жылжиық. Чинили мешітке баралық. Мешіт Чинили деген есімін алдынғы жағы мен ішін эстетикалық жағынан безендіріп тұрған фарфор, түрікше айтқанда Изник чинилерінен алады.  Әлемге танымал Изник фарфорларының ең әсем үлгілерін осы мешітте көруге болады.

Османлы дәуірінің өнер және сәулет мұрасын көрсететін Чинили мешіттен екі көшеден кейін әлі күнге қолданылып келген басқа бір діни ғимарат – Сурп Гарабет армян шіркеуі орналасқан.  Бүгінгі күнге дейін жетпесе де шіркеудің қарсы алдында бір монастырь мен қасында бір мектеп болатын.

Осы жерден Анадолы жағасының үлкендігі жағынан екінші тоғайы Валидебағ тоғайына барамыз.  Бұл жер шамамен екі ғасырлық жасыл алаң. Тоғай Османлы дәуіріне шетелден және елдің әртүрлі жерінен ағаш пен өсімдік әкеліп, қалыптастырылған ботаникалық бақтың бір түрі.  Мемориалды ағаштар, бір-бірінен өзгеше өсімдік түрлері және тарихи ғимараттарымен Валидебағ тоғайы – Стамбулдың ортасында керемет демалуға болатын жер.

Үскідарда көруге болатын көптеген жер бар, бірақ уақыт жылдам өтуде.  Барлығына бүгін барып үлгере алмаймыз.  Үскідар кемежайында бізді күтіп тұрған қайығымызға қарай жылжиық. Бағытымызды Салажакқа қарай бұралық.  Салажак – Босфор бұғазының керемет көрінісі көрінетін,  Османлы және Византия кезінен қалған мұрасымен тарихи аудан.  Бірақ Үскідарға келген адамдардың Салажакқа міндетті түрде соғып кетуінің себебі – Тарихи түбек пен Қыз Мұнарасы керемет көрінетін бір жағалауының болуы.  Осы жерде әсіресе күннің батқаны керемет көрінеді. Адам теңіздің ортасында жалғыз өзі тұрған осы мұнара мен тамаша көрініс алдында тамсанады.  Қыз Мұнарасы аңыздары, тарихы және сәулетімен өз алдына бір әңгіме болғандықтан осы керемет ғимаратты сіздерге бұрын айтып берген болатынбыз.

Үскідар кемежайына жақындаған кезде сіздерге бір мұражай туралы айтып берейін. Түркияның алғашқы және жалғыз Батпырауық мұражайы.  Мұражайда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған батпырауықтар бар. Бірге аралауға уақытымыз қалмады,  бірақ бәлкім осы қызық мұражайды өзіңіз бір аралап көрерсіз.



Ұқсас жаңалықтар