Наурыз-түркі халықтарының дәстүрлі мейрамы

Еуразия күн тәртібі –12

2119034
Наурыз-түркі халықтарының дәстүрлі мейрамы

Наурыз-түркі халықтарының дәстүрлі мейрамы. Ұлыстың ұлы күні Наурыз – ежелгі заманнан қалыптасқан тарихы тереңде жатқан жыл бастау мейрамы. Əсіресе табиғатпен етене араласып көшпелі өмір салтын ұстанатын халықтар үшін бұл ерекше жыл мезгілі саналады. Көшпелілер көктемге аман-есен жеткендіктен, табиғат қана емес, үміт те қайта өрбиді. Түрік халықтары көктемнің келуін өздерінің өмір сүрген географиясына қарай наурыз, мамыр, тіпті солтүстікке қарай қоныстанғандар маусым айының басында тойлаған еді. «Наурыз» сөзі парсыша «нау» (жаңа) және «рыз» (күн) яғни «жаңа күн» – Жаңа жылдың бірінші күні деген мағынаға ие. Бұл мереке күн мен түннің теңелгені,түннен күнге бет бұрған, табиғаттың барлығы гүлденген, өскен, қытымыр қыстың беті қайтып, күллі дүние қайта түлеген мезетке сəйкеседі. Күн мен түн теңелетін 21 наурыз Түрік Республикалары және Еуразия халықтарының көпшілігі үшін жаңа жылдың басы ретінде белгілі. Түріктер көне заманнан бері қолданып келе жатқан он екі жануардан тұратын күнтізбесінде жаңа жыл 21 наурызда басталады. Осы мәліметтерге сүйенсек,  Наурыз мерекесі негізінен 21 наурызда тойланады.

***

Наурыз мейрамы Осман империясының соңғы кезеңінде және Кеңес Одағына қарасты Түрік Республикаларында ресми мереке болған жоқ. 1991 жылы Түрік Республикалары тәуелсіздік алғаннан кейін Наурыз ресми мереке ретінде тойлана бастады. Бұл жағдай түріктердің ортақ мерекесі Наурыздың Түркияда да салтанатты түрде  тойлануына себеп болды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010 жылғы 23 ақпандағы шешімімен 21 наурыз Халықаралық Наурыз күні болып жарияланды. 2016 жылы Наурыз мейрамы Түрік Республикалары, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Ирак, Пәкістан және Тәжікстанның ортақ өтінішімен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген еді.

***

Наурызда адамдар оттың үстінен секіреді. Түріктер оттың ежелден тазартатын қасиеті бар деп есептейді. Наурыз мерекесі қарсаңында түрік халқы міндетті түрде үйлерін, айналасын тазартады.

Мерекеге байланысты адамдар туған-туыстарын аралайды. Түрік Республикаларында спорттық жарыстар мен концерттер Наурыз мерекесінің ажырамас бөлігіне айналды. Наурыз--түркі халықтарының  ойын-сауық,  Сүмөлөк, Наурыз көже сынды тағам жасау мерекесі.

Наурыз мерекесінде түрлі тағамдар жасалады. Қазақтар Наурыз көже жасаса, қырғыз бен өзбектер «Сүмөлөк» деген тағам  жасайды. Наурыз көже - Ұлыстың Ұлы күні жасалатын тағам. Қазақ халқының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Дәстүр бойынша оған бидай, тары, бұршақ, күріш сияқты кем дегенде жеті түрлі азықтық заттар мен ақ қосады. Тақ санын сақтап, мұндай заттар көбейтіле береді. Көжеге соғымнан арнайы сақталған қазы, қарта, шұжық та салады.  

Сүмөлөк болса Наурызда әзірленетін тәтті тағам. Сүмөлөк 10 сағаттан астам қайнатып пісіріледі. Үлкен қазандарда дайындалған Сүмөлөктерді араластырып, тілек айту әдетке айналған. Аңыз бойынша, бір күні үйде тамағы қалмаған ана бос қазанға мол су мен біраз тас салып, баяу отта қайнатады. Шаршағандықтан алдымен балалары, сосын өзі ұйықтап қалады. Таңертең оянса, қазанда оларды «Сүмөлөк» деп аталатын тәтті тағам күтіп тұр екен. Ендеше Наурыз – күзде қысқа дайындаған азық-түліктері таусылатын халық үшін жаңа өмірдің, үміт пен молшылықтың хабаршысы.

Наурыз – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға береке, халқымызға игілік, мемлекетімізге молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз.



Ұқсас жаңалықтар