Ченгелкөй

Капитанның борт журналы - 1

2115930
Ченгелкөй

Ченгелкөй

Бұғаздың көкпеңбек суындағы саяхатымыз жалғасуда.  Өткен аптада керемет панорамасы бар жағажай үйлерін, Османлы әулетінің жалғыз әйел ақыны Адиле Сұлтанның сарайын,  Кандиллинің керемет көшелерін араладық.  Саяхатымызды бүгін Ченгелкөйден бастап, Үскідарға қарай жылжимыз.  Тарих иісі мүңкіп тұрған көшелер және Босфор бұғазы бізді күтіп тұр.

Бағытымызды Бұғазішіндегі керемет тарихи ғимараттардың бірі – Кулелі Әскери лицейіне бұрамыз.  Бұғазға қарап тұрған ақ ғимарат көрініп тұрған көркем екі мұнарасы және ассиметриялық сәулетімен назар аударады.  Төртбұрышты ғимараттың ортасында бір ауласы бар. Византия дәуірі кезінде осы алаңда бір тоғай мен монастырь бар еді. Османлы кезінде осы монастырьді әскерлер үшін қолдана бастайды.  Соғыс кезінде ауруханаға айналдырылады.  Түркия Республикасы кезінде мемлекеттік мектеп болған, алайда қысқа уақыттан кейін қайтадан әскери мектепке айналады.  Кулелі әскери лицейінің дәл қасында бұғаздың ең тамаша жағажай мешіттерінің бірі Кулелі Каймак Мұстафа паша мешітін көреміз.  Теңіз жағасына салынған осы қарапайым мешіттің іші шеберлікпен безендірілген.  Мешіттің алдынан өтіп, жолымызды жалғастырып,  Ченгелкөй кемежайына жетеміз.  «Жиһанкез» қайығымызды осында тастап, тарихтың иісі шығып тұратын көшелері,  ескі Стамбул атмосферасы және ғасырлық бәйтерек ағаштарымен осы ауданды аралауға шығалық.

Ченгелкөй жағалауы балық аулауды ұнататындар, жаяу серуенге шығуды ұнататындар және ғасырлық бәйтерек ағашының түбіне отырып,  бұғазды тамашалағандарға ең тамаша көріністерді ұсынады.  Махалле мәдениеті әлі бұзылмаған,  желкенді қайық,  балықшы қайықтары және жағажай үйлерімен адамды өзіне тартатын бір жер – Ченгелкөй.

Енді кемежайдан жағалау бойы жүрейік. Алғашқы аялдамамыз – Айя Йорги понти православ шіркеуі. 19-ғасырда салынған осы шіркеу бүгінгі күні де ғибадатқа ашық.  Ішіндегі фрескалар мен иконалар назар аударарлық. Шіркеудің дәл қарсы алдында болса басқа бір діни ғимарат бар.  Бұл – Хамдуллах Паша мешіті. Ауласындағы алпауыт бәйтерек ағашымен танымал осы мешіт бір қабатты және күмбезі жоқ. Хамдуллах Паша мешіті әрі сәулеті, әрі ішіндегі нәзік әшекейлерімен көруге тұратын бір ғимарат.  Осы жерден жылжығанымызда алдымызға Садуллах Паша жағажай үйі шығады.  Үй бұғазда аула ішіне салынған ең ескі жағажай үйлерінің бірі.  Өзінің түпнұсқа күйін көбіне сақтап қалған.  16 бөлмелі үйде атақты суретшілердің сирек кездесетін Стамбул картиналары бар.  Қабырға суреттері және шаңырақ беземелері көрген адамды өзіне қайран қылады.

Енді жағалау жолынан шығып, ауданның жоғары жақтарына көтерілетін уақыт келді.  Ченгелкөйдің тар көшелерінде тізбектелген үйлер,  ағаштан салынған ғимараттар мен дүкендерді көру үшін жоғары қарай өрмелеу керек. Шаршайсыз, бірақ бір-бірінен тамаша сурет түсіруге болады.

Бүгінгі саяхатымызды аяқтамастан бұрын Бұғазішінің басқа бір теңдесі жоқ ғимаратын көрсеткім келеді.  Сондықтан Ченгелкөйде күтіп тұрған қайығымызға отырып, Бейлербейі кемежайына қарай жылжимыз.

Бейлербейі Византия империясы кезінде шағын бір ауыл болған.  Бүгін болса Стамбулдың ең таңдаулы аудандарының бірі.  Көпірдің дәл астындағы мына ғимарат болса Бейлербейі сарайы.  Жазғы сарай болып есептелетін Бейлербейі сарайы барокко стилімен таң қалдырады. Сарайдың ішкі декорациясы да сырты секілді әсерлі.  Теңізді қатты жақсы көретін Османлы падишасы Сұлтан Абдулазиз сарайдың ішін де теңізге ұқсас қылып безендірген. Бейлербейі сарайы - көгілдір бағаналары, шаңырағы және теңізден тартылған сумен толтырылған бассейнімен Стамбулдың ең көркем сарайларының бірі.  Бұл жер жазғы сарай ретінде ғана қолданылмаған, сонымен бірге корольдер мен шетелдердің басшылары қонақ қылып күтілген мекен. Патшайым Евгения, Австрия императоры Франс Джозеф, неміс императоры ІІ Вильгельм және Иран шахы Рыза Пехлеви секілді маңызды тұлғалар осында қонақ болған.  Бейлербейі сарайының сирек кездесетін өсімдікке толы бақшасында аздап серуендегеннен кейін сіздермен қош айтысамын. Сіз де қалған уақытта кемежай төңірегіндегі шағын дүкендерді аралап, сыйлыққа бұйым сатып алып,  бәлкім теңіз өнімдерінің дәмін татып көрерсіз.



Ұқсас жаңалықтар