Орталық Азия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Еуразия күн тәртібі – 42-2023

2000162
Орталық Азия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғалар

Бүгінгі бағдарламамызда Орталық Азия Республикаларының күн тәртібіндегі оқиғаларға тоқталамыз.

Ардақты тыңдармандар.

Өткен апта Орталық Азия Республикаларында маңызды сапарлар мен жиналыстар өтті. Енді осы оқиғаларға қысқаша тоқталайық.

2023 жылғы 5-8 маусымда Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшы Хельга Мария Шмид Қырғызстан мен Қазақстан Республикаларына сапармен барды. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 5 маусымда Хельга Шмидті қабылдады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Хельга Мария Шмидті 7 маусымда қабылдады. Кездесулерде Орталық Азия Республикаларымен қарым-қатынастар, аймақтық қауіпсіздік, жасыл экономика тақырыптары талқыланды.

Катар Әмірі Шейх Тамим бен Хамад Әл Сани 2023 жылдың 5-9 маусымында Орталық Азия Республикаларында болды. Катар Әмірінің Өзбекстан мен Қырғызстанға сапары мемлекеттік сапар деп жарияланды. Катар Әмірін Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан президенттері әуежайда қарсы алды. Келіссөздерден кейін Өзбекстан мен Катар арасында 15, Қырғызстан мен Катар арасында 13 келісімге қол қойылды. Катардың Түркі Республикаларымен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеруіне Түркия-Катар стратегиялық қарым-қатынастары үлкен әсер етуде.
2023 жылғы 8-9 маусымда Қазақстанның елордасында Халықаралық Астана форумы өтті. Дәстүрлі Астана форумына 1000-нан астам шетелдік өкіл қатысты. «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс» атты форумға Катар Әмірі, Қырғызстан президенті, Өзбекстан премьер-министрі, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардың бас хатшылары қатысты. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесін реформалау керектігін айтты. Президент Тоқаев форум аясында Астанада жоғары мәртебелі қонақтармен жеке-жеке кездесулер өткізді. Халықаралық Астана форумы Қазақстанның поляризацияланған әлемде теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырғанының айқын дәлелі.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 2023 жылғы 7-9 маусымда Италияға ресми сапармен барды. Шавкат Мирзиеев Римде Италия президенті Серджио Маттарелла және Италия премьер-министрі Джорджия Мелонимен кездесті. Өзбекстан президенті одан кейін Миланға барды. Президент Мирзиеев Миланда жергілікті билік өкілдерімен және кәсіпкерлермен кездесті. Сапар аясында ұйымдастырылған Италия-Өзбекстан бизнес форумы барысында 9 миллиард еуроны құрайтын келісімдерге қол қойылды.

Ардақты тыңдармандар.

2023 жылғы 8-9 маусымда Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Түрікменстанға екі күндік ресми сапармен барды. Виктор Орбан Ашхабад қаласында Халық Мәслихатының төрағасы Құрбанқұлы Бердімұхамедов және президент Сердар Бердімұхамедовпен жеке-жеке кездесті. Келіссөздер соңында екі ел арасында 8 келісімге қол қойылды.

2023 жылдың 8 маусымында Пәкістан премьер-министрі Мұхаммед Шахбаз Шариф «Түрікменгаз» төрағасы Мақсат Бабаевты қабылдады. Кездесу соңында екі ел арасында ТАПИ жобасын жеделдету мақсатында бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.



Ұқсас жаңалықтар