Османлы сұлтаны V Мехмет Решат

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 33

1483599
Османлы сұлтаны V Мехмет Решат

1908 жылғы жас түріктердің төңкерісінен кейін екінші мешрутиет яғни конституциялық монархия жарияланды. Осыған сәйкес, Османлы сұлтандарының құзіреті едәуір шектелді. Дегенмен Османлы елі толығымен ыдырап, салтанат яғни сұлтандық билік жойылғанға дейін Османлы әулеті белгілі ықпалға ие болды. Осы қиын кезеңде тақта V Мехмет Решат отыған еді. Олай болса бүгінгі бағдарламамызда осы кезеңге тоқталамыз.

V Мехмет Решат 2 қараша 1844 жылы туып, 3 шілде 1918 жылы сол кездегі әлемдік індет «Испан тұмауына» шалдығып қайтыс болған. II Махмудтың немересі және 18 ұлы, 24 қызы болған Сұлтан Абдүлмеджиттің үшінші ұлы болып табылады. Ағасы ІІ Абдулхамит таққа шыққаннан кейін тақ мұрагері болып белгіленді. Сондықтан сарайда шығуына және еркін болуына рұқсат етілмеді.

1909 жылғы «31 наурыз оқиғасынан» кейін II Абдулхамитті Османлы парламенті тақтан түсіріп, оның орнына 65 жастағы Решат Эфендіні отырғызды. Иттихат ве тераки партиясы оны қолдады. Таққа шыққаннан кейін сұлтанға өзінің азан шақырылып қоған «Решат» аты емес, «Мехмет» атын қолдану ұсынылды. Бұның себебі Османлы зиялылары мен халық оның Фатих Сұлтан Мехметке ұқсауын қалаған еді. Осыған байланысты оның аты «V Мехмет Решат» болып аталып кетті. Сонымен қатар сұлтанның «Мешрутиет падишасы және «Бостандықтың алғашқы падишасы» деген лақаптары бар.

Таққа шыққанан кейін падишаның резиденциясын ауыстыру V Мехмет Решаттың сұлтан ретіндегі алғашқы әрекеттерінің бірі болды. Абдулхамиттің резиденциясы болған Йылдыз сарайынан шығып, Долмабахче сарайына қоныстанды. Абдулхамиттің кезінде тоқтап қалған жұмаға бару дәстүрі қайта басталды. Осыған байланысты жаңа сұлтан халықпен етене араласып, олардың көңілінен шықты.

Сұлтан II Абдулхамиттің тұсында сарайдан шыға алмағандықтан, V Мехмет Решат мемлекеттік істерде тәжірибе жинай алмаған болатын және оның жасы да ұлғайып қалған еді. Жалпы сұлтан момын және жуас кісі болатын. Осы себептерге байланысты оның билігі кезінде мемлекеттік басқару негізінен Иттахаи ве тераки партиясының жас әрі белсенді көшбасшылары Энвер паша, Талат паша және Жемал пашаның қолында болды. Бұл саясаткерлер жаңа сұлтанды өте жақсы көретіндіктерін көрсетуге тырысты. Падишаның есімімен аталған «Решат Алтыны» нарыққа шығарылды. Ыстамбұлдың көптеген аудандары, Анадолы қалалары мен ауылдарына «Решадия» аты берілді.

1909 жылы 29 желтоқсанда мемлекеттік басқаруды өз мойнына алған, бірақ Иттихат ве тераки партиясы мүшелерінің үнемі араласуын ұнатпаған Бас уәзір Хүсейін Хилми Паша отставкаға кетті. Оның орнына Османлының Италиядағы елшісі болған Ибрахим Хаққы Паша 1910 жылы 12 қаңтарда Бас уәзір болып тағайындалып, жаңа үкіметті құрды. Бұл үкімет еркін болады деп күтілді. Бірақ көп ұзамай үкімет Иттихат ве тераки партиясы жетекшілері Армия және соғыс министрі Махмуд Шевкет Пашаның ықпалына кірді.

Сұлтан Мехмет Решат кезінде Османлының территориялық тұтастығы одан әрі ыдырай берді. Алғашқы дағдарыс Османлылардың солтүстік Африкадағы жерінде болды. Өзінің саяси бірлігін орнатуда басқа еуропалық елдермен салыстырғанда кешігіп келген Италия отаршылдық саясатын бастады. Мақсаты Солтүстік Африкадағы Османлыға тиесілі Триполиды басып алу еді. Еуропа мемлекеттерінің қолдауымен Италия Османлы еліне ультиматум беріп, Триполиді өзіне беруді талап етті. Итальяндықтардың бұл талабы қабылданбаған соң Италия 1911 жылы Триполи мен Бенгазиді  басып алды. Бұл жағдай Османлы үкіметінде дағдарысқа жол ашты. Бір үкімет отставкаға кетіп, басқа үкімет құрылды. Үкімет пен парламент арасында да дау шықты. Ақырында 1912 жылы 18 қаңтарда падиша парламентті таратып, Ыстамбұлда әскери жағдай жариялады.

1912 жылы шілдеде Италия Османлы елін бейбітшілікке мәжбүрлеу үшін теңізден Чанаккаледегі Османлы бекіністерін атқылады. Сонымен қатар италян сарбаздарды Эгей теңізіндегі 12 аралды өз бақылауына алды. Мұстафа Кемал мен Энвер Бей Триполиге өтіп, Дерне мен Тобрукта маңызды қорғаныс шебін қалыптастырды. Алайда Балқан соғысының басталуына байланысты түріктер итальяндықтармен бейбітшілікке қол қойып, Триполи соғысын аяқтауға мәжбүр болды. Уши келісіміне сәйкес Триполи мен Бенгази Италияға берілді. Ал 12 арал Греция басып кірмеуі үшін кейін Түркияға қайтарылу шартымен Италияға тапсырылды.

Балқан түбегінде тәуелсіздіктеріне қол жеткізген Болгария, Сербия, Греция және Черногория Османлы-Италия соғысын пайдаланып, түріктерді түбектен толығымен қуып шығу үшін Осман империясына қарсы соғыс жариялады. Осылайша Бірінші Балқан соғысы басталды. Бірінші Балқан соғысы кезінде түріктер бірнеше майданда соғысуға мәжбүр болды. Сондықтан ауыр жеңіліске ұшырады. Болгарлар Чаталкаға қарай бет алды, гректер Салониканы басып алды. Осы оқиғаларды пайдаланып, Албания да өзінің тәуелсіздігін жариялады.

Бірінші Балқан соғысында Османлы күштерін жеңген Балқан елдері жауланған жерлерді бөлісе алмай өзара қақтығыса бастады. Сербия, Греция және Румыния Болгарияға қарсы соғыс бастады. Османлылар  бұл мүмкіндікті пайдаланып, Болгарияға соғыс жариялады. Османлы әскерлері Эдирне қаласын қайтарып алды. Соғыстан кейін жасалған Ыстанбұл бітімімен Эдирне мен Кыркларели Османлы мемлекетіне қайтарылды. Кавала мен Александруполис Грецияда қалды. Мерица өзені екі мемлекеттің шекарасына айналды.

Мехмет Решат кезінде Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Османлы елі Германия жағында соғысқа қатысты. Түріктер соғыста көптеген майданда соғысты. Чанаккале шайқасында түріктер одақтастарға төтеп берді. Алайда Османлы әскерлерінің жетістіктері Дүниежүзілік соғыстың нәтижесіне әсер етпеді.



Ұқсас жаңалықтар