Хұсамеддин Чобан Бей

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 38

1328949
Хұсамеддин Чобан Бей

Қырым түбегі мен Анадолының тарихы бір-бірімен тығыз байланысты десек қателеспейміз. Әсіресе солтүстік-оңтүстік сауда жолдары тұрғысынан екі түбектің маңыздылығы зор еді. Селчуклы билігі әлсіреген он үшінші ғасырда осы сауда жолы Анадолының Қаратеңіз жағалауында жаңа бір бейліктің пайда болуына себеп болды. Бүгінгі бағдарламамызда осы бейліктің құрушысы Хұсамеддин Чобан Бей және оның әулеті туралы сөз қазғаймыз.

Ұлы тұлғамыз кейбір тарихшылардың пікірінше, Анадолы Селчук мемлекетінің құрушысы Құталмышұлы Сүлейманшахтың Қаратегін деген қосбасшысының ұрпағы болып табылады. Языджызаде Али деген тарихшы Хұсамеддин Чобанның оғыздардың Кайы руынан шыққандығын айтады. Бұл мәліметтің дұрыстығын растайтын нақты дәлелдер болмаса да, Кастамону-Анкара аймағында Кайы руының көп болуы бұл пікірді қуаттайды. Ибн Бибидің жазбаларына сәйкес, 1211 жылы ұлы тұлғамыз Кастамону  аймағын билеп тұрған.

1211-1220 жылдар аралығында билік құрған Селчуклы сұлтаны І Иззеддин Кейкауыс және 1220-1237 жылдар аралығында тақта отырған сұлтан І Алааддин Кейқубад  кезінде Хұсамеддин Чобан Византияға қарсы көптеген жорықтар ұйымдастырып, соның арқасында мол олжаға қол жеткізді. Бұл олжалардың бір бөлігін Селчук сұлтандарына жіберіп тұрды. Осыған қарағанда ұлы тұлғамыздың орталық билікпен қарым-қатынасы жақсы болған.

Хұсамеддин Чобан Бейдің Селчуклы елінде абыройы мен ықпалының артқаны соншалық, ол Сұлтан І Иззеддин Кейкауыс пен Сұлтан І Алааддин Кейқұбад арасында тақ таласы шыққанда, екі жақты бітімге келтірген дәнекер болды. Сондықтан оны Селчуклы әулеті құрмет тұтты. Атап өтетін жайт, 1219 жылы І Алааддин Кейқұбад Селчуклы тағынан шыққан кезде ұлы тұлғамыз Конияға барып, жаңа сұлтанға сый-сияпат жасап, оған адалдығын көрсеткен. Осының арқасында Хұсамеддин Чобан Бей Кастамону әміршісі ретінде қайта тағайындалған.

Сұлтан І Алаеддин Кейқұбат Трабзон Рұм империясын әлсірету мақсатында Синоп портында әскери-теңіз флотын құрған болатын. Бұл түріктердің Қаратеңізде алғаш рет флот құруы болатын. Осы флоттың арқасында түріктер теңізде үстемдік орнатты. Қырым мен Анадолы арасындағы сауда Селчук мемлекетінің бақылауына өтті. Алайда 1223 жылы қарама-қарсы жағалаудағы Судак портын моңғолдардың басып алуы сауда жолының үзілуіне әкеп соқты. Оның үстіне Судактан қашқан адамдар Селчук сұлтанынан пана сұрады. Қырымдағы тұрақсыздықты орай деп білген Трабзон Рұм империясы Судак портын өзіне қаратқысы келді. Осы жағдайға байланысты Сұлтан І Алааддин Кейқұбат Қаратеңіз флотына Хұсамеддин Чобанды қолбасшы қылып тағайындап, оны Қырымға жолдады.

1224 жылы 20 мың сарбазымен Қаратеңізді кесіп өтіп Қырым жағалауына жеткен ұлы тұлғамыз Судак қаласын рұмдардан тартып алады. Орыс-қыпшақ біріккен қолы шабуылына тойтарыс беріп, бүкіл аймақты Селчук мемлекетіне бағындырады. Судакты аймақтың әкімшілік орталығы еткен Хұсамеддин Чобан онда біраз уақыт қалады. Қалаға мешіт салдырып, ол жерге қазы, имам, азаншы тағайындайды. Кейіннен Селчук сұлтанының бұйрығымен әскерлерінің бір бөлігін Қырымда қалдырып, сол жылы Кастамонуға оралады. Қырым түбегіндегі Селчуклы билігі 1239 жылы моңғолдардың Судак қаласын қайта басып алғанына дейін жалғасты. Ұлы тұлғамыздың еліне мол олжамен оралғандығы және аты аңызға айналғандығы Салтукнаме деп аталатын деректе айтылады.

XV ғасырдың басында Османлы тарихшысы Языджызаде Али жазған Селчукнаманың айтуынша, Сұлтан І Алааддин Кейқұбат шығысқа қарай моңғол шапқыншылығына қарсы алдын-ала шаралар ұйымдастыру үшін кеткенде, Анадолының батысында Османлы әулетінің атасы Ертұрғыл мен Чобанұлдары бейлігінің атасы Хұсамеддин Чобан сұлтанның орынбасарлары ретінде қалған. Сол кезеңнің деректерінде адал, батыр, жомарт, әділ және әмірлердің арасында шоқтығы биік болған деп сипатталатын Хұсамеддин Чобан өмір бойы Қаратеңіздің солтүстік-батыс аймағын түріктердің қол астына өтуіне көп еңбек сіңірген. Дегенмен, ұлы тұлғамыздың қайтыс болған күні белгісіз.

Хұсамеддин Чобаннан кейін оның баласы Алып Йүрек Кастамону бейі болды. Анадолы Селчуктері моңғол билігін мойындауына байланысты Чобанұлдары да Анадолының жаңа билеушілеріне бағынады. Тек саяси ғана емес, сонымен бірге экономикалық тәуелсіздігінен айырылған Чобанұлдары 1280 жылдар  шамасында Алып Йүректің ұлы Музафферүддин Явлак Арсланның қол астына өтті. Салтукнамада Явлак Арсланның Кастамону аймағындағы кәпірлерге қарсы жиһад ашқандығы айтылады.

Чобанұлдары әуелі моңғолдардың билігін мойындаса да, оларға қарсы көтіріліс ұйымдастырды. Явлак Арсланның көтерілісі нәтижесінде Кастамонуға біріккен селчук-моңғол күштері шабуыл жасады. Шайқаста Ялвак Арслан қайтыс болды. Ал аймақ селчук қолбасшысы Шамседдин Яман Жандарға берілді. Яман Жандарды Явлак Арсланның ұлы Чобанұлы Махмуд Бей аймақтан қуып шығарды. Ол сондай-ақ өзінің аумағын кеңейту мақсатында Византия территориясына жорық ұйымдастырды. Бірақ 1309 жылы Чобанұлдарының бұл соңғы бейі Яман Жандардың баласы Сүлейман Пашаның шабуылына душар болып, опат болды. Осылайша Кастамону аймағы Жандар Бейлігінің құрамына өтті.

Кастамону мен оның айналасын бір ғасыр бойы қолында ұстаған Чобанұлдары кезінде бейліктің орталығы ғылым, мәдениет және әдебиет ордасына айналды. Кастамонуға Түркістан, Иран және Ирактан көптеген ғалымдар келді. Сол ғалымдардың бірі Құтбуддин-и Шарази болып табылады. Чобанұлдары кезінде құрылыс жұмыстарына үлкен мән берілген. Осы уақытқа дейін сақталған кейбір ғимараттар мұны дәлелдейді. Бейліктің кезінде салынған ең керемет ғимарат - Таскөпірдегі Музафферүддин Явлак Арслан медресесі. Бұл медресе Осман дәуірінде де ғылымның орталығы болып қала берді.



Ұқсас жаңалықтар