Мәңгүжек Гази

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 17

1257449
Мәңгүжек Гази

Малазгирт шайқасынан кейін Анадолыда құрылған бейліктердің бірі Мәңгүжек бейлігі болатын. Бұл бейлік 1071 жылы құрылып, 1277 жылға дейін өмір сүрді. Бейлік Анадолыда түрік мемлекетінің қалыптасуы мен түрік өркениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Бүгінгі бағдарламада осы бейліктің негізін қалаған Мәңгүжек Гази және оның әулеті туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыздың аты кей деректерде Мәңгүжек боп жазылса, кейбір деректерде Мәңгүч немесе Мәңгүчлү болып кездеседі. Есімінің мағынасын толықтай білмесек де, бұл жерде «мәңгі» сөзі көзге түсіп тұр. Бұл сөз бір жағынан «шексіздік» деген мағынаны білдірсе, енді екінші бір жағынан «тәңір» дегенді білдіреді. Түріктердің мемлекет түсінігінде «мәңгі ел» ұғымы да осы «мәңгі» сөзімен байланысты. Түріктердің Анадолыға келген алғашқы кезеңінде бұл ұғым көп қолданылғанымен, уақыт өте келе ол арабша «бақи» және «беқа» сөздерімен аластырылды. Осы ұғымдарды ескере отырып, Мәңгүжек атын талдасақ, оның түріктердің дәстүрлі дүние танымымен тікелей байланысты екендігін аңғарамыз.

Ұлы тұлғамыздың қай жылы туғандығы туралы мәлімет жоқ. Алайда оның Малазгирт шайқасына қолбасшы ретінде қатысқандығы белгілі. Сонымен қатар оның 1118 жылы ұлы Мәлік Ысқақтың билікке шыққан кезінде өмірде болмағандығы да мәлім. Осыған қарағанда ол 1118 жылы қайтыс болған болуы керек. Демек ұлы тұлғамыз Малазгирт шайқасында жиырма немесе әрі кеткенде отыз жасында болған. Сонда ол шамамен он бірінші ғасырдың орталарында туылған болуы мүмкін. Ал бұл кезең Селчук мемлекетінің Иран аумағында жайылу кезеңіне дөп келеді. Осыған қарағанда, Мәңгүжек Газидің аталары жаңа мемлекеттің қалыптасуына үлес қосқан маңызды ру болып табылады.

Малазгирт жеңісінен кейін Сұлтан Алпарслан ұлы тұлғамызға Қарасу өңірін яғни бүгінгі Евфрат өзенінің жоғарғы ағысы және Чалты өзені аңғарын жаулауды тапсырады. Мәңгүжек Гази осы аймақты жаулап, Эрзинжан, Кемах, Дивриги Шебинкарахисарда өз бейлігін құрды. Алайда бұл бейліктің кімге бағынғандығы туралы тарихшылар арасында әртүрлі пікірлер бар. Захириддин Нишабури, Рашидәддин және Мүнежжимбашы сияқты тарихшылар Малазгирт шайқасынан кейін Сұлтан Алпарсланның жоғарыда аталған аймақты Мәңгүжек Газидің иелігіне бергендігін жазады. Ал Ибн Бибі болса Мәңгүжек Газиді Анадолы Селчук империясының негізін қалаушы Құталмышұлы Сүлейман Шахтың бейлерінің бірі болған деп көрсетеді. Ұлы тұлғамыздың оғыздардың қай руынан шыққандығы туралы нақты ақпарат жоқ. Кейбір деректер оның Қайы, Баят, Қараүйлі немесе Алқаүйлі руынан шыққан деп көрсетеді. Сол кезеңдегі деректер мен әулеттің қолданған таңбаларына қарағанда, Мәңгүжектің руы ықпалды рулардың бірі болғандығы және Селчук әулеті тарапынан құрметке бөленгендіні байқалады.

Кемах қаласының солтүстік батысында Қарасу жағалауында орналасқан және Мәңгүжек Газиге тиесілі деп айтылатын ескерткіштің парсы тіліндегі нұсқасында ұлы тұлғамыз туралы мынадай сөз тіркестерін кездестіреміз:

«Ғалым, әділ, талай елді жаулаған жеңімаз, халықтың қорғаны, Эрзурум, Эрзинжан, Кемах және Дивриги жерлерін және қамалдарын бағындырған, дінсіздерге үрей салған, оларды қылышпен бағындырған, арыстандай айбатты билеуші және Алпарслан патшаның қолбасшысы Мәңгүжек Гази. Алла рухын тыныштандырсын, қабірін нұрландырсын, күнәларын кешірсін және Наим жұмағына алсын.»

Мүнежжимбашы келтіретін мәліметтері бойынша, Мәңгүжек Гази батыл, ержүрек, сақ, соғыстарда ақылға қонымды шешім қабылдайтын, ұқыпты адам болған. Кейде ол Данишменді әулетімен бірге, кейде өз әскерімен грузиндер, абхаздар және гректермен шайқасты. Дивриги қаласында тұрғызылған Ұлы Мешіттегі ескерткіш жазбадағы деректерге сүйенсек, Мәңгүжек Гази «Алп» немесе «Алып», «Құтлық» «Тұғрыл» және «Текин» деген атақтарды қолданған. Осыған қарағанда ол оғыздардың арасында аса абыройлы болған. Ал Дивриги Ситте кесенесінде ұлы тұлғамыз «әл-Марқұм, әс-Сағид, әш-Шәхид, әл-Гази» атақтарымен аталған. Оның «гази» Анадолыны жаулап алу кезінде көптеген шайқастарға қатысқандығын және батырлығына байланысты адамдардың құрметіне бөленгендігін көрсетеді. Алғашқы Анадолыны бағындырған бейлер секілді Мәңгүжек Газиді ел арасында «әулие» деп атап кеткен. Сондықтан оның кесенесіне зияратшылар қай кезде болмасын көптеп келеді. Мәңгүжек Гази сондай-ақ, тарихта «шейіт» ретінде белгілі. Осыған қарағанда ол дін үшін соғысып шайқас алаңында өлген болуы керек.

Мәңгүжек Гази және оның ұрпақтарының мазарларының Кемах қаласында орналасуы бейліктің алғашқы астанасының осы қала болғандығын көрсетеді. Мәңгүжек Гази қайтыс болғаннан кейін оның орнына ұлы Мәлік Ысқақ отырады. Мәлік Ысқақтың Данишменд әулетінің күйеу баласы болуы бір жағынан Мәңгүжек бейлігінің ықпалын арттырса, енді бір жағынан әулеттің Данишменд бейлігіне бағынышты болуына себеп болды. 1142 жылы Мәңгүжекұлы Мәлік Ысқақ қайтыс болғанда бейлік екіге бөлінді. Кемах және Эрзинжандағы Мәңгүжек ұрпақтары өз алдына бейлік құрғанда, Дивригидегі ұлы тұлғамыздың ұрпақтары да өз шаңырақтарын көтерді.

Кемах және Эрзинжандағы Мәңгүжек ұрпақтары Селчуклы сұлтандарымен құда болып, өз жағдайларын күшейтті. Әсіресе Селчук мемлекетінің грузиндермен соғыстарында Фахреддин Бехрамшах және Алааддин Давутшахтардың аттары аңызға айналды. 1228 жылы бұл бейлік өз тәуелсіздігін жолғалтты. Ал Дивригидегі Мәңгүжек ұрпақтарының билігі одан да ұзаққа созылды. Өйткені олар бейлер арасындағы қақтығыстардан алшақ тұруға тырысты. Оның орнына олар Дивриги қаласын ғылым мен мәдениеттің орталығына айналдырды. Бұл жерде көптеген мешіт, медресе, шипахана мен кесенелер салынды. Дивриги Ұлымешіті мен Дарушшифасы 1985 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енген.

 



Ұқсас жаңалықтар