Меңлі  Керей Хан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 16

983462
Меңлі  Керей Хан

Ұлы дала мен Анадолы арасында Қырым маңызды орынға ие. Қаратеңіздің солтүстігіндегі бұл түбек Османлы түріктері мен Алтын Орда түріктерінің арасындағы көпір іспеттес. Тарих бойы Қырымның порттары Ұлы даланың халықаралық сауда жолдарына ашылу қақпасы ретінде рөл атқарды. Генуялық, венециялық және грек саудагерлер түбек арқылы Ұлы даламен сауда жасайтын еді. Ал 1453 жылы Османлы түріктерінің Ыстанбұлды азат етіп, оны өздерінің империясының астанасы қылып жариялауынан кейін Османлы мемлекетінің Қаратеңіздегі ықпалы арта түсті. Он бесінші ғасырдың соңына келгенде, Қырым Османлы империясының бір бөлшегіне айналды. 1475 жылы басталған бұл қарым-қатынас 1774 жылы Қырымның Ресей билігін мойындауына дейін жалғасты. Нәтижеде Қырым хандығы үш жүз жыл бойы Алтын Орданың мұрагері ретінде тарих сахнасындағы орнын алды. Бүгінгі бағдарламамызда осы қатынастың бастауы болып тұрған Қырым хандығының ең мықты хандарының бірі Меңлі Керей туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыздың нақты қай жылы және қай жерде туғандығы белгілі емес. Ал қайтыс болған жылы 1503 жыл. Қырымның Бақшасарай қаласында қайтыс болып сонда жерленген. Қырым хандығының негізін қалаған Қажы Керей ханның алтыншы баласы. 1466 жылы Қажы Керей қайтыс болғаннан бастап ағасы Нұрдәулет ханға қарсы шығып, тақ таласына кірісті. Екі ағайындының соғысы ұзақ жылдарға созылды. Ең ақырында Османлы қолдауын алған Меңлі Керей Қырым хандығының тағына шықты. Меңлі Керейдің Османлылардың қолдауын алуы Қырым хандығының Ыстанбұлға бағыныштылығын арттыра түсті. 

1478 жылы Қырым хандығында өз билігін орнықтырған ұлы тұлғамыз Алтын Орданың қара шаңырағы болып саналатын Үлкен Ордаға қарсы соғыс бастады. Бұл соғыста қырымдықтар Мәскеу кінәзі Иван III Васильевичпен одақтас болды. Өйткені орыстар да Үлкен Ордадан тәуелсіз болу үшін күресіп жатқан еді. Алайда Қырым-Мәскеу одағы Қырым хандығының дәстүрлі одақтасы Литва кінәздігімен қарым-қатынасына нұқсан келтірді. Бұл жағдай Литваға қарсы соғысып жатқан орыстардың мүддесіне жарады. Қысқасы бұл кезеңде Қырым хандығы Мәскеу кінәздінің күшейіп, орыс мемлекеттігінің қалыптасуына үлес қосқан болды.

1480 жылы Меңлі Керей хан Литваға жорыққа шығып, Литва кінәзі Казимир Ягеллонның Үлкен Орда ханы Ахматпен бірге Мәскеу кінәздігіне шабуыл жасауының алдын алды. Осының салдарынан Үлкен ордалықтардың Мәскеуге жорығы Угра өзенінің жағасындағы орыстармен болған шайқаста сәтсіздікпен аяқталды. Бұл Үлкен Орданың орыс жеріне жасаған соңғы жорығы еді. Өйткені 1481 жылы Ахмат ханның қайтыс болуымен оның балалары Сеид Ахмед, Муртаза мен Шейх Ахмед таққа талас бастап, содан кейін  Үлкен Орда есін жия алмады. Басқаша айтқанда ұсақ хандықтарға бөлінген Ұлы дала империясы Алтын Орда одан сайын ыдырай берді.

Ахмат ханның балаларының арасындағы тақ таласын Меңлі Керей де өз мүддесі үшін жақсы пайдалана білді. Ұлы тұлғамыз бұл соғыста Сеид Ахмед пен Мұртазаны Шейх Ахмед ханға қарсы қолдады. Қырымды паналап келген екі ағайындыны кейіннен Ұлы тұлғамыз елдеріне жібермей қойды. Бірақ бұл тұтқындықтан қашып кеткен Сеид Ахмед Үлкен Орда тағына шығып, Меңлі Керейге қарсы соғыс бастады. Қырым түбегі жағалауында орналасқан Кафадағы Османлы әскерлерінің қолдауымен Меңлі Керей Үлкен Ордалықтарды хандықтан қуып шықты.

1482 жылдан бастап Меңлі Керей Литва-Польша одағына қарсы жыл сайын жорық ұйымдастырып тұрды. Бұл жорықтардың нәтижесінде бүгінгі Молдова мен Украина қалалары қирады. Бұның есесіне Мәскеу кінәздігі барған сайын күшейе бастады. Басқаша айтқанда, Мәскеу орыс-славян жерлерінің орталығы ретінде қалыптаса бастады. 

1486 жылы Үлкен Орда ханы Мұртаза хан Қасым хандығы тағында отырған Меңлі Керейдің ағасы Нұрдәулетті ұлы тұлғамызға қарсы қолдап, Қырым хандығы тағына шығаруды жоспарлады. Алайда Мәскеу кінәзі өзінің одақтасы Меңлі Керейге қарсы мұндай жоспардың жүзеге асуына жол бермеді. Керісінше Үлкен Орданы одан сайын әлсірету үшін Нұрдәулет Керей ханды оған қарсы жорыққа жіберді. Нұрдәулеттің Үлкен Орда ханы Ахматтың ұлдарымен болған соғысы 1490 жылға дейін жалғасты. 1491 жылы Үлкен Ордаға қарсы Меңлі Керей, солтүстіктен Қазан хандығы және Мәукеу кінәздігі қосылды. Осы соғыстардың салдыранан Үлкен Орда өз ықпалын түбегейлі түрде жоғалтты. Оның үстіне 1500 жылы басталған жұт Алтын Орданың қара шаңырағын одан сайын әлсіретті. Үлкен Орда халқы Қырым жағына өте бастады. 1502 жылы Ордаға қарсы жорыққа шыққан Меңлі Керей 15 маусым күні соңғы хан Шейх Ахметті жеңіп, Сарай қаласын өртеп жіберді. Осылайша Үлкен Орда тарих сахнасынан кетті. Осыдан бастап Меңлі Керей өзін Алтын Орданың мұрагері ретінде «Ұлы хан» деп атай бастады.

Меңлі Керейдің Османлымен жақсы қарым-қатынаста болғандығы белгілі. Ұлы тұлғамыз Османлы сұлтаны Явуз Селімнің қайны атасы болып табылады. Өйткені Османлы ханымы Айше Хафса Сұлтан Меңлі Керейдің қызы. Тіпті Қырым ханының Явуз Селімнің таққа шығуына да қолдау көрсеткендігі  белгілі. Тағы бір қызық мәлімет: Кануни Сұлтан Сүлейманның нағашы жұрты да Қырым болып есептеледі.

Меңлі Керейдің орыстармен қатынасына келетін болсақ, Үлке Орда жойылғаннан кейін Қырым хандығы мен Мәскеу кінәздігінің одақтық қарым-қатынасы бұзылды. Осы кезден бастап екі жақ бір-бірімен соғыса бастады. Үш жүз жылға созылған бұл соғыс 1783 жылы Ресейдің жеңісімен аяқталды.



Ұқсас жаңалықтар