Мұстафа Өзтүріктің өмірі және қызметі

Тарих айдынында - 25

876174
Мұстафа Өзтүріктің өмірі және қызметі

Бүгінгі "тарих айдынында" сұхбатымызда әлемге әйгілі спорт шебері Қазақстанда таэквандо мектебінің негізін қалаушы Мұстафа Өзтүрікке тоқталмақпыз. Қазақ десе ішкен асын жерге қоятын, ұлтжанды, дарынды біртуар азамат Мұстафа Өзтүрік Қазақстан тәуелсіздік алмас бұрын атамекенімен байланысқа еніп, онда таэквондо спортының әлемдік деңгейге көтерілуіне барын салған еді. Сондықтан әлем таэквондо ұйымының ресми сайтында ол қазақ батыры деп сипатталған. Енді Мұстафа Өзтүріктің өмірі және қызметі туралы айтып берелік.

1954 жылы Түркияның Қайсары/Кайсери қаласына қарасты Кожажылда туылған Мұстафа жастайынан оқу мен өнерге талантты еді. Сондай-ақ дене бітімі және күші қуаты да жеке күрестік спорттарға икемді еді.

Бұл қасиеттер оған аталарынан дарыған болса керек. Мұстафаның атасы Төлебай ХІХ- ғасырдың соңы мен ХХ- ғасырдың басында Шығыс Түркістанда шешендігі, қазақ-қытай тілдеріне жеттіктігі және біліктілігімен танымал болған тұлға. Төлебайдың зайыбы болса кезінде Шығыс Түркістан қазақтары арасында атақты палуан және зор күш иесі Қайысбай палуанның қызы Жәнгүдай. Міне Мұстафадағы палуандық күші осы нағашы атасынан өткен деседі.

Ал Төлебай мен Жәнгүдайдың ұлы және Мұстафа Өзтүріктің әкесі, Түркия қазақтары арасында Кәбен атымен танымал Әбдірахман Төлебайұлы болса Түркия қазақтарының көшін бастаған жетекші, палуан және домбыраны жақсы шертетін өнерпаз.  Кәбеннің зайыбы, Мұстафаның анасы Рәзие де кезінде асқан сұлу және әнші кісі болған. Мұстафадағы ән мен өнерге деген талант осындай ата-анадан келген болу керек. Мұстафа 1980 жылдарда “Жұлдыздарды тілейсің бе?” деген әнді шығарған және 1987 жылы Алтай атты фильмнің сценариін жазып, бас рөлде ойнаған. Демек Мұстафа тек спорт шебері емес, сонымен қатар талантты өнер адамы да.

Мұстафа Өзтүрік Стамбұлдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірді. Осы елде жүріп, Корейдің көне спорт өнері таэквондоны үйренді.  Ол жерде таэквондо спортынан үздік мәртебе алды, 6-шы дан дәрежесін иеленді. Сонымен қатар халықаралық жаттықтырушы мамандығын  алды.

Кейін Түркияға қайтқаннан соң Ыстамбұлда алғашқы таэквондо мектебін ашты. Осы мектептен шыққан оның бір сыпыра шәкірттері Түркияның таэквондо федерациясында жоғары қызметтерде болған.  Германияның Мюнхен қаласына қоныс аударған Мұстафа Өзтүрік осы қалада да өзінің таэквондо мектебін ашқан.

Мұстафа Өзтүрік сынды талантты Қазақстаннан алғаш тапқандар Германияға сапарлап барған И. Тасмағамбетов, С. Әбдірахман, Т. Жаманқұлов, Д. Жолжақсынов, Т. Теменов болды. Бұлар сонымен қатар кейін оның ең жақын достары болды. Сөйтіп Мұстафа Өзтүрік Қазақстан тәуелсіздік алмай тұрып, Кеңестік республика кезінде 1990 жылдың басында ат басын атамекенге бұрды.

Сол жылдың қазан айында Мюнхендегі таэквондо мектебінің шакірттерін алып Қазақстанға барды. Осы сапарында Қазақстан мен Түркия арасында алғашқы ресми байланыстардың орнатылуына мұрындық болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өзтүрікті және оның қасындағы Түркияның «Хүрриет» және «Тержүман» атты екі үлкен газетінің тілшілері Ердоған Салғырбойы мен Ирфан Сезерді қабылдады. Қазақстан жетекшісі сол тілшілер арқылы Түркия Президенті Тұрғыт Өзалға сәлем жолдап, “Түркия Президенті Тұрғыт Өзалды Қазақстанға шақыратынын, егер Тұрғыт Өзал өзін шақыратын болса, Түркияға баратынын” мәлімдеді. Елбасының осы сөздері «Хүрриет» газетінде бірінші беттен үлкен әріптермен берілді. Сөйтіп Тұрғыт Өзалдың Қазақстанға тұңғыш сапары 1991 жылдың 14-15 наурыз күндері іске асты. Елбасының Түркияға тұңғыш сапары болса 1991 жылы 25-26 қыркүйекте ұйымдастырылды.  Германияда жүргенінде Тұрғыт Өзал Мұстафаға телефон соғып, Түркия-Қазақстан байланыстарына үлес қосқаны үшін алғысын білдірді.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Мұстафа Өзтүрік Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты. Көптеген шәкірт тәрбиеледі. Қазақстан таэквондо федерациясының құрылуына мұрындық болды. Өзі оның алғашқы президенті болады. Оның кезінде қазақ таэквондо спортшылары халықаралық жарыстарға Түркияға және Америкаға барып, сол жақтардан ірі жеңістермен оралды.

Өкінішке орай, осындай табыстар жалғасын таппады. Қазақтың есіл азаматы белгісіз жағдайда 1995 жылы 15 наурыз күні қазаға ұшырап, денесі Стамбұлда (Түркия), әкесі жатқан бейітке жерленді.

Алайда тәуелсіз Қазақстанда жоғары адами қасиеттерімен танымал болған Мұстафа Өзтүрікті қазақ халқы ешқашан жадынан шығарған жоқ. 2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды. 2014 жылы болса Қазақстанның елордасы Астана және мәдени астанасы Алматы қаласында Мұстафа Өзтүріктің 60 жылдығы да, Қазақстан-Түркия достығы да тойланды. Сондай-ақ ол туралы бірнеше деректі фильм де түсірілді. Еліне, халқына қызмет еткен Мұстафа Өзтүрік сынды азаматтар ешқашан ұмытылмақ емес. Ол туған халқының жүрегінде мәңгі жасамақ.

Әбдіуақап Қара

тарих ғылымының докторы,

Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры 



Ұқсас жаңалықтар