Әбу Саид Баһадүр Хан

Түрік өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 18

816974
Әбу Саид Баһадүр Хан

Бүгінгі Иран мемлекетінің қалыптасуында түрік руларының, түрік әулеттердің орны ерекше екендігі белгілі. Бұл үдеріс Құлағу ханның ұрпақтары Арғын хан, Қазан Хан, Олжайту хан және Абу Саид ханның кезінде қалыптасып, Шопан әулеті мен Жалайыр әулеті кездінде өз жалғасын тапты. Бүгінгі тақырыбымыз осы кезеңде маңызды рол ойнаған ең соңғы Елхан мемлекетінің билеушісі Абу Саид хан болып табылады.

Ұлы тұлғамыз екінші маусым 1305 жылы Иранның Ужан қаласында туылған. Әкесі -Құлағудың немересі Олжайту хан. Шешесі болса Әжеқатын еді. Ағасы Сүлейман шах қайтыс болғаннан кейін Әбу Саид тақтың жалғыз мұрагері ретінде өсті. Дәстүр бойынша ол Хорасан мен Мазандаранның билеушісі болып тағайындалды. Жасының кішкене болуына байланысты әмір Сүйіншінің қарамағында тәрбие алып, ел билеуді үйренді. 1316 жылдың 16 желтоқсанында әкесі Олжайту хан қайтыс болғаннан кейін әмір Сүйінші Әбу Саидті Сұлтание қаласына әкелді. Десе ханзаданың таққа шығуы тек 1317 жылдың шілде айында ғана жүзеге асты.

Таққа шығу рәсімінің кешігуінің себебі «Ұлыс әмірі» лауазымындағы әмір Шопан мен әбу Саидтің тәрбиешісі әмір Сүйіншінің арасындағы тартыс болып табылады. Сүйінші Шопанның биліктегі ықпалын азайтқысы келген еді. Бірақ  1318 жылдың қаңтар айында Сүйіншінің қайтыс болуымен ханның жастығынан пайдаланған Шопан бүкіл билікті өз қолына алды. Осы арада Әбу Саид пен әмір Сүйіншінің Хорасаннан кетуін мұрсат деп білген шағатайлық Ясауыр Хорасанды басып алып, Мазандаранға беттеді. Бұл бүлікті жалайырлардың қолын бастап барған әмір Хүсейін талқандады.

Елхан мемлекетіндегі Әмір Шопанның билігін күшейткен тағы бір оқиға 1298 жылынан бері бас уәзір қызметінде болған атақты тарихшы Радишдәдиннің Олжайту ханды у беріп өлтірді деген жаламен өлтірілуі болды. Қысқасы 1327 жылға дейін мемлекетті іс жүзінде Әмір Шопан және оның сұлдыс руынан шыққан туысқандары биледі.  

Әбу Саид ханның билігінің кезіндегі ең маңызды оқиғалардың бірі керейлердің көтерілісі болып табылады. 1319 жылдың басында Алтын Орда мемлекетінің билеушісі Өзбек ханның қолы Дербент арқылы оңтүстік Кавказға шабуыл жасады. Аймақтағы әмірлер Алтын Орданың билігін мойындауға мәжбүр болды. Бірақ Алтын Орда әскерлері кеткеннен кейін Шопан аймақтағы әмірлердің бірі Құрымышты дүреге соқтырды. Бұған наразы болған әмір Құрымыш Шопанға қарсы Грузияда көтеріліс бастады. Көтерілісті әмір Ереншін және айналасындағы керейлер қолдады. Осыған байланысты көтеріліс керейлер көтерілісі деп аталды. Көтерілісшілер Елхан мемлекетінің астанасы Сұлтаниеге жақындап қалғанда 1319 жылдың жиырмасыншы шілдесінде Миана кентінің маңында Зенжан өзенінің жағасында Әбу Саидтің өзі бастаған қол көтерілісшілерді жеңіліске ұшыратты. Құрымыш пен Ереншін қолға түсіп дарға асылды. Шайқаста Әбу Саидтің ерлігіне тәнті болған халық оны «Баһадүр хан» деп атап кетті. 

Осыдан кейін Ұлыс әмірі Шопан Әбу Саид ханмен билікті бөлісе бастады. Ханның қарындасы Сәттібикені алған әмір Шопан Иранның көп жерлеріне өз балаларын әмірші қылып тағайындады. Оның балалары Теміртас Анадолыны, Махмут Грузияны, Хасан Хорасанды, Хасанның баласы Талыш Керман мен Фарсты биледі. Димашық қожа болса Әзірбайжан мен Иракты биледі және уәзір қызметін атқарды. Шопан әулетінің жағдайын Теміртастың Елханға қарсы бастаған саясаты да бүлдіре алмады. Теміртас өзін Мәһди деп жариялап, Мәмлүктерге Иранды бірге жаулау туралы ұсыныс жасайды. Әмір Шопан баласына қарсы жорық жасап, оны Елхан сарайына тұтқындап әкеледі. Нәтижесінде Әбу Саид хан оған кешірім жасайды.

Шопан әулетінің бұл ықпалды жағдайы оларды әбден шектен шығарды. Уәзір Димашық қожа Тебриз қаласында ойына келгенін істеді. Оның Елханның гареміне кіруге талпынысы Әбу Саидтің шыдамын бітірген әрекет болды. 1327 жылдың 27 тамызында адамдарына алдымен Димашық қожаны, сосын бүкіл әулетті жою туралы бұйрық берді. Хорасанда болған әмір Шопан әскерлерімен Әбу Саид ханға қарсы батысқа қарай жүреді. Ол Рей қаласының маңына келгенде ханның әскерлері де сонда жеткен еді. Бірақ түнде әмір Шопанның қарамағындағы отыз мың әскер Әбу Саид хан жағына өтіп кетті. Сондықтан әмір Шопан амалсыз қашуы керек болды. Гератта әміршісі оған пана берсе де, Әбу Саидтің бұйрығымен оны өлтіртті. Әкесінің өлгенін естіген Теміртас та Мәмлүктерді паналаған еді. Бірақ Мәмлүк сұлтаны Насыр Әбу Саид ханмен қарым- қатынасын бұзғысы келемей, Теміртасты өлтіртті.

Әбу Саидтің сыртқы саясатына келетін болсақ, мәмлүктер мен елхандар арасындағы қақтығыстар Әбу Саид хан мен Мәмлүк сұлтаны Насыр Мұхаммед арасында 1323 жылы жасалған Халеб келісімшартымен тоқтап, екі ел арасында шекара тұрақталды. Бұл келісімшарт екі ел арасындағы алпыс жылдық алауыздықты бітірді. Осы келісімшарттың арқасында Насыр Өзбек ханның Иранға қарсы одағын да қабылдамады. Осы кездеңде Елхан мемлекеті Үндістандағы Дели Сұлтандығымен де жақын қатынас орнатты. Десе де, Әбу Саид Дели Сұлтанының Шағатайларға қарсы одағына қосылмады. Мәмлүктер, Шағатайлар және Дели Сұлтандығымен елханның қарым-қатынасы жақсарса да, солтүстігіндегі Алтын Ордамен бітімге келе алмады. Бұл кезеңде екі жақ бір-біріне шабуыл жасаумен болды. Әбу Саидтің христиан әлемімен қатынасының деңгейі әкесінің кезеңіне қарағанда төмен еді.

Қорыта айтқанда Әбу Сайд - Елхан тарихының ең маңызды тұлғаларының бірі. Ибн Батутаның деректеріне сүйенсек, өте сымбатты болған хан ғылым, музыка және әдебиетпен айналысатын еді. Түрікше және арабша білген Әбу Саид парсы тілінде өлең жазған жалғы Елхан. 1335 жылы хан қайтыс болғанда, артында мұрагер қалмауына байланысты Елхан мемлекеті ыдырай бастады. 



Ұқсас жаңалықтар