Түрік әлемінен жаңалықтар - 21

Түрік әлемінен жинақталған маңызды хабарлар

740042
Түрік әлемінен жаңалықтар - 21

Әзірбайжанның бас қаласы Бакуде болған 4-ші Ислами Ұйымшылдық ойындарының ашылу салтанаты Баку Олимпиада стадионында болды.

Барлығы 50 мұсылман елден 3 мыңнан астам спортшы қатысқан Ислами Ұйымшылдық ойындарында спорттың 21 түрінен сайыстар болып өтті. Әзірбайжаннан 325 спортшы қатысты.  Түркия болса 345 спортшымен қатысып, сайысқа ең көп спортшымен қатысқан ел атанды. Иран болса 300 спортшымен үшінші орында келді.

Әзірбайжан 75 алтын, 50 күміс және 37 қола, барлығы 162 медаль алып,  ойынды бірінші орында аяқтады. Жарысқа 345 спортшымен қатысқан Түркия 71 алтын, 67 күміс және 57 қола, барлығы 195 медальмен екінші орын алды.

Иран болса 39 алтын, 26 күміс және 33 қола, барлығы 98 медальмен үшінші орынды иеленді.

Ислами Ұйымшылдық ойындарының келесісі 2021 жылы Түркияда болады.

**

Келесі хабарымыз Түрікменстаннан.

Каспий теңізіне жағалауы бар елдердің өкілдері бас қосты.

Ашғабадтағы жиналыста Каспий елдерінің қатынас саласындағы ынтымақтастықтарын нығайту және Каспий теңізінде халықаралық транзит қатынасы қарастырылды.

Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінде болған жиналысқа Түрікменстан, Ресей Федерациясы,  Әзірбайжан, Қазақстан және Иранның Сыртқы істер және Қатынас министрліктерінің мамандары мен өкілдері қатысты.

2014 жылы Ресейдің Астрахань қаласында өткен Каспий елдері мемлекет басшылары 4-ші саммитінде Түрікменстан президенті Құрбанқұлы Бердімұхаммедов тарапынан сауда-экономикалық ынтымақтастық тақырыптарын қамтыған бір келісім жобасы ұсынылып,  жобаға байланысты шешім қабылданған болатын.  Түрікменстан тарапынан ұсынылған келісім жобасы аясында Каспий теңізіне жағалауы бар елдер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты жетілдіру мақсат етіледі.  Аталмыш келісім жобасы Каспий теңізінің табиғи ресурстарынан пайдалануды да қосқанда,  көрші елдер арасында энергия,  өнеркәсіп және Каспий аймағы транзит қатынасы тақырыптарын қамтыған бірсыпыра реттеуді көздейді.

Осы жиналыста делегациялар әсіресе «Каспий теңізінде қатынас ынтымақтастығы» тақырыпты келісім жобасы аясында келіссөз жүргізді.  Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда келісім жобасы келесі мемлекет басшылары саммитіне дейін дайын болуы керек.

**

Енді кезекте Түркиядан бір хабарымыз бар.

15-20 мамыр күндері аралығында Түркияның Мерсин қаласында биыл үшіншісі өткізілген Түркі әлемі Театр күндері Қырғыз Ұлттық академиялық драма театрының «Қорқыт Ата» ойынымен бастау алды.

Конгресс және көрме сарайында болған беташарға Мерсин қалалық муниципалитетінің төрағасы Бурханеддин Коджамаз, әкім орынбасары Сүлейман Дениз, Қырғыз Республикасының Түркиядағы өкілетті және төтенше елшісі Ибрагим Жүнісов, Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов,  Түріксойдағы Қырғыз Республикасы өкілі Қожагелді Құлиев, Қырғыз Республикасы Ұлттық академиялық драма театрының жетекшісі Қайрат Иманалиев қатысты.

Ойыннан кейін сөз сөйлеген Мерсин қалалық муниципалитетінің төрағасы Коджамаз түрік тарихында маңызды орны бар Қорқыт Атаға байланысты бір спектакльдің Мерсинде сахнаға қойылуының үлкен бақыт екенін айтты.

Түрік мәдениетін болашақ ұрпаққа жеткізу және түрік әлемі театрларын Мерсин қаласы халқымен табыстыру мақсатымен болған шараның танысу жиналысы да сол жерде өткізілді.  Танысу жиналысынан бұрын театр топтарының өкілдері мен өнерпаздардан тұратын топ Ататүрік даңғылынан басталған шеруге қатысты.  Артынан Республика алаңына жиналды.  Республика алаңында Ұлттық ән ұран шырқалғаннан кейін Ататүрік ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Танысу жиналысында Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов  төраға Коджамазға алғыс айтты.  Қырғыз Республикасы өкілетті елшісі Жүнісов та осындай организацияға қонақ болғанына қуанышты екенін білдірді.

Осы шара аясында бір апта бойы Мерсин қаласында Қырғызстан, Сирия, Гагаузия, Кипр, Ирак және Ираннан келген театр топтарының ойындары сахнаға қойылды.

**

Келесі хабарымыз Өзбекстаннан.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Қытай сапары аясында екі ел арасында 23 миллиард долларлық ынтымақтастық келісіміне қол қойылды.

Өзбекстан Президенттік аппаратының баспасөз қызметінің хабарына қарағанда,  президент Мирзиеевтің 11-15 мамыр күндерінде Қытайдағы ресми сапарында Өзбекстан мен Қытай үкіметтері арасында бірсыпыра кездесулер өткізілді.

Хабарға қарағанда,  Мирзиеев қытайлық іскерлермен де бас қосты және екі жақты қатынастардың дамытылуы тақырыптарын қарастырды.

Мирзиеевтің сапары барысында екі ел арасында энергия,  инфрақұрылым, тасымал,  қатынас,  құрылыс, текстиль, формокология,  банк және егіншілік саласында ынтымақтастықты көздеген барлық сомасы 23 миллиард долларға жететін 100-ден астам келісімге қол қойылды.  Өзбекстан мен Қытай арасында жоғары деңгейдегі ынтымақтастық комитетінің қалыптастырылуы үшін келісімге келінді.

Өзбекстанда Қытайдың 700-ден астам фирмасы жұмыс істейді.  Өткен жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 4,2 миллиард долларға жетті.

**

Түрікменстанда жыл сайын 18 мамыр күні Атазаңның қабылданған күні ретінде тойланады. Сонымен бірге атақты түрікмен ақыны Мақтымқұлыға арнап Поэзия шаралары ұйымдастырылады.

Түрікмен деректеріне қарағанда 1724-1807 жылдары арасында өмір сүрген Мақтымқұлы Пырағы-  тек Түрікменстанда ғана емес,  бүкіл Орталық Азия аймағында танымал, құрмет тұтылатын ақын және ойшыл.

Түрікмендер  Мақтымқұлыны ең маңызды мәдени қазына деп біледі. Түрікмен әдебиетінің іргетасы деп қабылдайды.  Сондықтан елде жыл сайын «Мақтымқұлы Пырағы поэзия күні» ұйымдастырылады.

Түрікмендер биыл да ақынның Иранның Хорасан аймағындағы Ақ Тоқай ауылындағы мазарына барып, құрметпен еске алды.

Мемлекеттік тойлау аясында университеттер мен орта мектептерде поэзия шаралары өткізілді.

**

Бағдарламамызды Ресей Федерациясына қарасты Татарстан Республикасынан бір хабармен аяқтаймыз.

Жылдың алғашқы ширегінде Татарстан Республикасының экономикасы 4,2 пайыз өсті. Өнеркәсіп өндірісі индексі болса 4,7 пайыз артты.  Аталмыш көрсеткіштер өткен жылдың осы кезеңінде 2,5 және 3,5 пайыз болатын.

Ел президенті Рүстем Минниханов осы көрсеткіштерге деген ризашылығын білдіре отырып,  қаржы тәртібінің қорғалуы керектігін атап көрсетті. Минниханов 8,8 миллиард рубльдік бюджет кемшілігін толтыру үшін де қатысты министрліктер мен мекемелерге міндеттеме жүктеді.



Ұқсас жаңалықтар