Майқы би

Түркі өркениетіндегі Ұлы тұлғалар - 3

665001
Майқы би

Түркі өркениетінің қалыптасуында ел тұтқасын ұстаған, билік басында болған, қиын-қыстау заманда көшбасшы болып елін аман-есен сақтап қалған небір хандар мен қағандар бар екені белгілі. Ел тұтқасы деп атауға болатын бұл тұлғалардың тізбегі сонау Оғыз Қаған, Батыр тәңірқұтынан бастап, Бумын, Естеми қағандармен жалғасып, Шыңғыс ханға дейін келеді. Әрбір саяси тұлғаның қасында оның ақылына ақыл қосатын, қисық кеткен жерін түзететін, қателессе тайсалмай қатесін бетіне басатын ақылгөй данышпандары, көреген кеңесшілері болады. Өйткені Түркі мемлекет түсінігінде басшыға имандай ұйып, айтқанын бұлжытпай орындау деген нәрсе жоқ. Түркі мемлекеттерінде шешімдер тек ханның бір ауыз сөзімен қабылданбайды. Шешімдер көбінесе рубасыларымен ақылдаса отырып қабылданады. Көктүріктер кезінде мұндай ақылдасуды «кеңес» деп атайтын, ал Шыңғыс ханнан кейінгі кезеңде бұл ұғымды «құрылтай» деген сөз алмастырды. Саяси терминологиямен айтсақ, Түрік мемлекеті тоталитарлық емес, нағыз демократиялық негізде қалыптасқан еді. Олай болса, Түркі өркениетінің қалыптасуында ел билеген қағандардың орны қаншалықты маңызды болса, олардың қасындағы кеңесшілері де соншалықты маңызды деген сөз. Бұл кеңесшілерге әр кезде әр түрлі атақ берілген. Мысалға, Көктүріктер кезінде оларға «бұйрық» деген ат беретін, Шыңғыс хан дәуірінде оларды «ноян» деп атайтын болды. Ал кейіннен Шыңғыс ханның ұрпақтары Ислам дінін қабылдағанда «ноян» атауы «би» атауымен алмастырылды. Бүгінгі бағдарламамызда сол билердің бірі және бірегейі Майқы би туралы сөз қозғаймыз.

Қазақтар «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деп айтады. Демек, Майқы бидің жалпы түркі әдебиетіне соның ішінде қазақ әдебиетіне қосқан үлесі зор болмақ. Бүгін біз атадан қалған сөз, мақал деп қолданып жүрген сөздің біразы сол Майқы бидің айтқан маржандары екен. Мысалға,

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,
Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.
Ханның биі ақылды болса,
Қара жерден кеме жүргізеді.
Би екеу болса, дау төртеу болады.
Дауыл болмай жауын болмас,
Даулы болған қауым болмас.
Егіз ешкі сауын болмас,
Екі жалқау ауыл болмас.
Естіге айтқан тура сөз,
Шыңға тіккен тумен тең.
Есерге айтқан тура сөз,
Құмға сіңген сумен тең.
Ақиық қыран қартайса,
Жас жағалтайдан тепкі жейді.
Парақор биге ісің түспесін,
Сараң үйге кісің түспесін.
 

Сонымен Майқы би кім? Белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлының ізденіcіне қарағанда Майқы би 1105-1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен қазақ халқының төбе биі. Тарихи деректерге қарағанда, ол бір ғана қазақ емес, бүкіл түркі тектес халықтардың бас биі болғанға ұқсайды. Сондықтан да оны түрік тұқымдас елдер әсіресе татар, башқұрт, қарақалпақ, өзбек халықтары бас биіміз деп санаған. Бұл аталған түркі халықтары негізінен Алтын Орда мемлекетінің рулары болып табылады. Демек, Майқы бидің тарихы осы мемлекеттің тарихымен сабақтас болуы керек.

Рашид-ад-диннің «Жами-ат тауарих» деген еңбегінде Майқы би Шыңғыс хан жорыққа шығарда оны өз орнына қалдырып кететін сенімді бас биі болғаны, дау-дамай содан шешімін тауып отырғаны көрсетілген. Бату хан батысқа жорық жасағанда Майқы биге моңғол әскерінің оң қанатын сеніп тапсырған. Талай жеңісті бастаған батыр болған. Сол оң қанат Дешті қыпшақ елінің ұлан-ғайыр аймағына билік жүргізген.

Абай да Майқы би туралы жазан: «Шыңғыс хан шыққанда қазақтар құтты болсынға барыпты. Шыңғыс тауында әскері қарауыл өзенінің бойында жатып, 12 рудан 12 кісі монғолдың өз заңы бойынша «Хан» деген үлкен биіктің басында Шыңғысты отырғызып хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі хан аталмақ себебі де сол болса керек. Сол 12 кісінің бірі қазақтың Майқы би деген кісі екен. Шыңғыс аламандыққа аттанып әскер тартып шыққанда қазақтың соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылып, бұларды Шыңғыс хан өзінің Жошы деген үлкен баласына билетіпті.» Демек, Майқы би – қазақ халқының бірлігін сақтап, біртұтас ел болу жолында, алғашқы ұлыс бірлігін құруда көп еңбек сіңірген қайраткер. Оның бұл қызметі жөнінде аңыз әңгімелер аз емес. Мәселен қазақ энциклопедиясында былай жазыпты:

«Халық аңызында — Майқы би Орманбет би өліп, он сан ноғайлы елі бүлінгенде қазақ ұлысын құрған тарихи қайраткер бейнесінде сипатталады. Майқы би қазақ руларын үш жүзге топтап, Үйсін бастаған бөлікті ұлы жүз, Қабан ұлы Болатқожа бастаған бөлікті Орта жүз, Қоғам ұлы Алшын бастаған бөлікті Кіші жүз деп атаған. Ноғайлы хандарының бірі Қызыл Арыстанның баласы Ахметті яғни Алаша ханды Ұлытауда Үш жүздің ханы етіп тағайындады. Ол ұлысқа кірген 40 руға таңба таратып, таңбаны әр рудың негізгі ерекшелігіне қарай белгіледі. Ұлыста бірінші туды ұстаған, Үйсінге «Жалау», ортада жүретін Арғынға «Көз», жауға алдымен шабатын Алшынға «Найза» таңбасын берген. 40 рудың таңбасын тасқа қашатқан. «Таңбалы тас» — «Майқы таңбасы», кейін жер атымен «Нұра таңбасы» атанған.»

Қорыта айтқанда, Майқы би Түркі өркениетінің қалыптасуында маңызды орынға ие. Ол әсіресе Алтын Орда құрамындағы түрік рулары үшін маңызды тұлға болып есептеледі. Ол туралы естеліктерді әлі күнге дейін түрік рулары өз шежірелерінде сақтап келеді.



Ұқсас жаңалықтар