ТМД саммиті

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммиті 11 басшының қатысуымен өтті.

578105
ТМД саммиті

16 қыркүйек күні Бішкек қаласындағы Ала-Арча мемлекеттік сарайында Қырғыз Республикасы президенті Алмазбек Атамбаевтің басшылығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшыларының саммиті болып өтті. 25-ші отырысы өткізілген саммитке келген басшыларды Манас Халықаралық әуежайында премьер-министр Сооронбай Жиенбеков қарсы алды.

Владимир Путиннің екі сағат кешігіп келуіне байланысты сағат 16-да басталуы керек жиналыс сағат 18-де басталды.  Саммитке Әзірбайжан, Белоруссия, Қырғызстан, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан және Армения президенттері, Молдова премьер-министрі, Түрікменстан үкімет басшысының орынбасары,  Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі мен Украинаның Қырғызстандағы өкілетті елшісі қатысты.

Саммиттің ашылу баяндамасын оқыған Қырғыз Республикасы президенті Алмазбек Атамбаев қонақтарды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.  Президент Алмазбек Атамбаев мерейтой саммитінің шынайы және көркейтуші атмосферасында өтетініне және тараптардың барлық тақырыптарда ауызбіршілікте болатындарын сенетінін атап көрсетті. Атамбаев Қырғызстанда өткен ІІ Дүниежүзілік Көшпенділер ойынына байланысты мәтінді БҰҰ-ның 71-ші кезекті Бас ассамблеясына ұсынуды жоспарлағандарын да айтты.  Басшылардың шағын кездесуінен кейін отырыс кеңейтілген форматта жалғасын тапты.

Саммиттің кеңейтілген жиыны 2 қыркүйек күні дүниеге көз жұмған Өзбекстанның президенті Ислам Каримовті құрметпен еске алумен басталды.  Саммитке қатысушылар Каримовті бір минут үнсіз еске алды. Атамбаев Өзбекстан халқына көңіл айтып,  Өзбекстанда өтетін президенттік сайлаудың тұрақты және тыныш атмосферада өтуіне тілектестігін білдірді.

Саммитте ұйымның замана талабына сай жұмыстарды атқаруы,  ұйымның тұғырының нығайтылуы,  халықаралық терроризммен күрес,  2020 жылға дейін ұйымға мүше елдерде тұрғын санақтарының өткізілуі сынды мәселелер қаралды.  Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның қорғаныс және еркін сауда саласында үміт ақтамағанын айтты.  Белоруссия президенті Лукашенко болса ұйымның жағдайының нашарлай бастағанын ашып айтты.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммиті аяғында мүше мемлекеттерге қатысты 14 құжатқа қол қойылды. 2017 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммитін Ресей өткізетін болды. Негізінде саммитті өткізу кезегі Молдовада болатын.  Бірақ экономикалық қиыншылықтарға байланысты Молдова саммитті өткізе алмайтынын білдірген соң басшылар келесі жылы Ресейде жиналуға шешім берді. Украинаның өкілетті елшісі Қырым проблемасына байланысты Ресейдің келесі жылы саммит өткізуіне және 2020 жылы ұйымға мүше елдерде тұрғын санағы болуына қарсы шықты.

Саммит аясында көптеген жеке кездесулер өтті.  Қырғызстан мен Ресей басшылары арасында өткен кездесуде Путин 60 жасқа толған Атамбаевті Ресейдің Александр Невский орденімен марапаттады.

Саммит аяғында Қырғызстан, Ресей және Армения президенттері мен Молдова премьер-министрі 1916 жылы қырғынға ұшыраған қырғыздар үшін тұрғызылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

                                                               **

Қырғызстан үшінші мәрте өткізген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммиті 11 басшының қатысуымен өтті. Осы жағдай ұйымның ахуалын анық көрсетеді. Бұрынғы Кеңес Одағы республикаларына бас қостыру міндетін атқаратын осы ұйымның болашағы жарқын емес.  Бішкекте өткен саммитте басшылар ұйым секретариаты қызметкерлерінің азайтылуын,  экономикалық проблемаларды ұйым күн тәртібінен шығарылуын талап етті.  Осылардың барлығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының алдағы жылдары қызметін атқарса да,  ықпалының аз болатынын көрсетеді.

Саммитке Таулы Қарабах проблемасына байланысты шағым жасаған Саргсианға Әзірбайжан президенті қатал жауап берді. «Армения осындай шағымдарымен халықаралық ұйымдарды жалықтырып жіберді» деген Илхам Алиев 2016 жылдың сәуір айында арандатушылық жасаған тараптың Армения екенін және Әзірбайжанның 10 бейбіт азаматының осы себептен қаза тапқанын,  20 жыл бойы мәселені шешудің орнына әрдайым сылтау шығарып,  заңсыздықтар жасап, БҰҰ шешімдерін бұзған тараптың Армения, ал дұрыс жолды таңдап, әрдайым зиян шегіп келе жатқан елдің Әзірбайжан екенін баса айтты.

Айырықша Ресей басшысы Путиннің 1916 жылы Патшалық Ресей кезінде қырғынға ұшыраған қырғыздар үшін тұрғызылған ескерткішке баруы саммит аясында болған ең жағымды қадам болды.



Ұқсас жаңалықтар