Иран-АҚШ дағдарысы

Апталық анализ - 2

1338608
Иран-АҚШ дағдарысы

Апталық анализ - 2

Иран мен Америка Құрама Штаттары арасындағы келіспеушілік Касым Сүлейманидің Бағдатта АҚШ тарапынан өлтірілуі және Иранның АҚШ-ты Иракта нысанаға алуынан кейін арта түсті. Иран революциялық күзетшілер корпусына қарасты «Кудс» арнайы күшінің қолбасшысы Сүлеймани Иранның соңғы кездегі аймақтық саясатының негізін қалыптастыратын.  Сүлеймани араб көтерілістері басталғаннан кейін Иранның сыртқы операцияларын басқарған ең маңызды тұлға. Ливан, Сирия, Ирак және Йеменде белсенді рол ойнаған Сүлеймани шиіт сарбаздардың аймақтағы қақтығыстарда орын алуын ұйымдастыратын еді.  Сонымен бірге Сүлеймани Ливаннан Йеменге қарулы сарбаздар арқылы билік құрды және Иран ішкі саясатында рухани лидер Хаманей және президент Руханиден жоғары танымалдыққа жетті.  Сүлейманидің ролі мен жауапкершіліктеріне қарағанда,  оның өлімі Иранды шайқайтын үрдісті бастауы мүмкін.

 SETA Қауіпсіздік зерттеулері ұйымының басшысы, жазушы Доц. Др. Мурат Йешилташтың осы тақырыптағы анализін ұсынамыз.

Сүлейманидің өлтірілуі және артынан Иранның жауабы Таяу Шығыс саясатының 2020 жылы өте ыстық болатынын көрсетіп тұрғандай.  Америка Құрама Штаттары мен Иран арасындағы дағдарыс екі елдің тікелей соғыс жүргізуіне себеп бола ма белгісіз,  бірақ екі актердің де көп уақыттан бері жалғасып келе жатқан жасырын соғысын тереңдете түсетіні анық. Тегеран әкімшілігі Сұлейманидің өлімінен кейін кек алуға ант берді және қысқа уақытта осы антты орындағанын көрсетті.  Көп уақыттан бері қиын кезеңнен өтіп жатқан Иран қоғамы да Тегеран көшелерінде кек алу үшін ұран тастай бастады. Бағдат қаласының көшелерінде де Сүлейманимен бірге өлтірілген Мүхендисидің кегін алу үшін ұран салынуда.  Тіпті жаңа құрылған ірілі-ұсақты қарулы ұйымдар екі тұлғаның кегін алатынын айтып, ант берген көріністерін жариялады. Ирак парламенті де Америка Құрама Штаттары әскерлерінің Ирактан кетуі үшін шешім қабылдады және үкіметке өкілеттік берді.  Көп уақыттан бері ішкі қақтығыстар және саяси хаоска ұшыраған Ирактың осы қиын күндерден қалай өтетіні – үлкен сұрақ. Ирак азаматтары Америка Құрама Штаттары мен Иран арасындағы дағдарыс пен бәсекенің өз елдерін қирататынын жақсы біледі.  Алайда қолдарынан да ешнәрсе келмейді.  «АҚШ та емес,  Иран да емес,  тек тәуелсіз Ирак» деген ойларын жүзеге асыратын сиқырлы формуласы да жоқ.

Тегеран әкімшілігі болса Америка Құрама Штаттарына қалай жауап беретіні секілді төтенше жағдайларда бас қосатын Жоғары Ұлттық қауіпсіздік кеңесін жинады.  Хаманей де жиналысқа қатысты.  Иран мемлекеті шиілікте де мықты символ болып табылатын қызыл түсті соғыс туларын мешіттердің күмбезіне ілді.  Тегеран әкімшілігі айырықша Иранның ядролық бағдарламаға қатысты халықаралық келісімді орындамайтынын және уран байытуды жалғастыратындарын жариялады. Сонымен бірге Америка Құрама Штаттарына өте ауыр жауап берілетінін хабарлады.  Осы жауапты да Ирактағы Америка Құрама Штаттарының әскери базаларын атқылау арқылы берді.  Алайда бұл Сүлейманидің өлтірілуіне жете ме, әзірге мұны айту қиын.

Америка Құрама Штаттарының бұған қалай жауап беретіні де өте маңызды.

Сүлейманидің өлтірілуі Таяу Шығысты «шайқады». Актерлердің барлығы бұдан кейін не болатыны жөнінде болжамдарын айтуда. Осы болжамдарға сай есеп жасалуда.  Қазірге Түркия сабыр сақтауға шақырған елдер қатарында. Израиль Сүлейманидің өлтірілгеніне қатты риза. Сауд Арабиясы әу бастан-ақ Сүлейманиді «қандықол» деп атаған еді. Әзірге қуанышты,  бірақ Иранның реакциясының өзіне бағытталуынан да қорқады.  Шығанақтың шағын елдері болса үрейлі.  Халықаралық қоғам да үнсіз қалды.  Америка Құрама Штаттары болса соғысуға бел байлаған секілді көрінсе де,  қызуды төмендетіп,  Иранды қайтадан үстелге отырғызуды жоспарлайды. Соғыс бола ма? Белгісіз, бірақ 2020 Таяу Шығыс үшін қозғалысты болады.



Ұқсас жаңалықтар