Көзімізде жас қалмады

Диярбакыр аналары террорлық ұйым тарапынан алып қашырылған балалары үшін ХДП Қалалық филиалы алдында «отыру» акциясын ұйымдастырды.  Олар балаларын қайтарып алу үшін екі айдан бері есік алдында күтуде.

1299762
Көзімізде жас қалмады

Диярбакырда Хаджире Акар баласы Мехметтің тауға алып қашырылуында Халықтардың демократиялық партиясының үлесі бар екенін алға тартып,  партияның қалалық филиалының ғимараты алдында 22 тамыз күні «отыру» акциясына шыққан болатын.

Акциясы нәтиже берген ана Акар 24 тамыз күні баласына қауышты. Хаджире ананың осы күресі осындай қайғыға шалдыққан басқа аналарға да үлгі болды.

Отбасы саны 55-ке жетті

Хаджира Акардың акциясынан үлгі алған Февзие Четинкая,  Ремзие Аккоюн және Айгушүл Бичер 3  қыркүйек күні акция бастады.  Оларға 55 отбасы қосылды.

Партия қалалық филиалы ғимаратының алдына жиналған отбасылар балаларына қауышуды армандайды.

Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу, Отбасы, еңбек және әлеуметтік қызметтер министрі Зехра Зүмрүт Селчук, сонымен бірге шейіт отбасылары, саясат қайраткерлері,  өнер қайраткерлері,  жазушылар,  үкіметтік емес ұйым өкілдері, қарапайым азаматтар қайғылы отбасыларға қолдау білдірді.

Акцияға қатысқан отбасылар қолдарында балаларының суреттерін ұстап, ғимарат алдында отыр.

«Ошағымыз қаңырап қалды»

Иммихан Нилифырка 4 жыл бұрын Стамбулдан алып қашырылған баласы Мехмет үшін Диярбакырға келген.

Ол баласының алып қашырылуына Халықтардың демократиялық партиясы жауапты деп санайды.  «ХДП баламды алып қашырды,  білемін. Баламды қайтарып берсін маған. Баламнан еш хабар жоқ. Біздің отбасы қаңырап қалды. Ошағымыз өшті. Көзімізде жас қалмады. Баламды не қылады? Ол ешкімге тиіспейтін,  сабағында озат бала еді» деді анасы.

Ол екі айдан бері партия ғимараты алдында отырғандарын,  партиядан бір хабарлама күтетіндерін білдірді.  «Шығып, бізге бір ауыз сөз айтсын. Олар да күрд болса,  келіп арамызда отырсын.  Мен бұндай күрдтікті қаламаймын.  Мен де күрдпін. Менің балам арқылы саясат жүргізбесін. Баламның еркіндігін, болашағын қолынан жұлып алды» деді ол.

Нилифырка «Акцияны аяғына дейін жалғастырамыз» деді.

«Баламызды алмай кетпейміз»

Фатма Бингөл 5 жыл бұрын алып қашырылған 14 жасар баласы Тунджай үшін акцияға қатысуда.  Оның баласы да Стамбулдан алып қашырылған.

Фатма ханым бес жылдан бері баласын көрмегенін айтып: «Балаларымызды алып келсін. Аналарға обал. Осыншама ананы жылатып, қайғы-қасірет шектіруге ешкімнің құқығы жоқ. Балаларымызды алмай кетпейміз. Қажет болса, өлтірсін. Өлімнен де қорықпаймыз» деді.

«PKK-ның күрдтерге жасаған зұлымдығын көрсін»

Сонгүл Алтынташтың баласы Мүслім болса азаматтық парызын өтеу үшін кетіп бара жатқанда жолда 2015 жылдың 2 қазан күні алып қашырылған.  Анасы баласынан 4 жылдан бері хабар ала алмай отыр.

«60 күннен бері осында отырмыз.  60 жыл отыру керек болса,  отырамыз. Баламыз келгенге дейін отырамыз» деді ол.

Алтынташ былай деді: «Күрд аналар енді оянсын,  балалары көз алдарынан алып қашырылуда. Оянсынғ PKK-ның күрдтерге істеген зұлымдығын көрсін. Олар анаға да, балаға да,  әкеге де жаны ашымайды. Біздің жалғыз жауымыз – PKK»

«Қызым келмей, осы жерден кетпейміз»

Агры қаласынан 4 жыл бұрын 17 жасар кезінде алып қашырылған Чигдемнің әкесі Ясин Кая қызын күтіп отырғанын айтты.

Кая акцияға қатысқан барлық ата-ананың қақаған қыс болса да,  перзенттерін осы жерде күтетіндерін айтып, былай деді: «Бір хабар күтеміз.  Қызым келмей, осы жерден кетпейміз. Олар күрдпіз дейді. Күрд емес олар.  Нағыз күрд – біз. Балаларымызды террорлық ұйым үшін алып қашырған – ХДП. Осында келіп «PKK жойылсын, біз PKK-ны қолдамаймыз» деп айтып көрсін. Онда біз де кетеміз. Біз оларды жауапты деп есептейміз»



Ұқсас жаңалықтар