Сайлаудан кейінгі түрік саясаты

Түркияда 13 жылдан кейін коалиция кезеңі басталды.

321327
Сайлаудан кейінгі түрік саясаты

7 маусым күнгі жалпы халықтық сайлау түрік саясатында жаңа, әрі маңызды кезеңді бастатты. Сайлаудың ресми қорытындыларына қарағанда партиялар жинаған дауыс көрсеткіштері мен алған депутаттық орындары былай қалыптасты: 13 жылдан бері билікте келе жатқан Әділет және даму партиясы 40,66 пайыз дауыспен 258 депутат, Республика халық партиясы 25,13 пайыз дауыспен 132 депутат, Ұлтшыл қозғалыс партиясы 16,45 пайыз дауыспен 80 депутат, Халықтың демократия партиясы болса 12,96 пайыз дауыспен 80 депутат шығарды. Осы қорытындыға қарағанда 550 орынды Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінде қажетті көпшілік 276-ға ешбір партия жете алмағандықтан жалғыз дара үкімет құра алмайды. Сондықтан Түркия 13 жылдан кейін алғаш рет бір коалиция үкіметі ықтималымен бетпе-бет, енді Түркия бір жағынан коалиция үкіметі құрылуына сахна болса, бір жағынан қандай коалиция құрылатынына байланысты жаңа бір кезеңді бастайды.
Осы жерде үш тақырыптың алға шығатыны көрінеді. Біріншісі, коалицияның Түркияға қандай үлес қосатыны. Екіншісі қандай коалиция құрылатыны және осы коалицияның түрік саясатын қалай пішіндейтіні. Үшіншісі Түркияның негізгі мәселелерін коалицияның қалай шешетіндігі. Осылардан басқа төртінші жайт та –ерте сайлау таласы. Алайда мәжбүр болмайынша ерте сайлау өткізілмейтіндіктен бұл тақырып әзірге орынсыз.
Мармара Университеті Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы проф. Рамазан Гөзеннің анализін ұсынамыз.
**
Бәрінен бұрын Түркияның 13 жылдан кейін бір коалиция үкіметімен басқарылатыны кейбіреулерді уайымға салуда. Бұл уайымның негізгі себебі Түркияда 1970 және 1990 жылдары болған сәтсіз коалициялар мен тұрақсыздықтары. Алайда демократияларда сайлау қорытындылары осылай болуы мүмкін және коалиция әрдайым болымсыздық деген мағынаға келмейді. Жалғыз дара үкімет құрудың үлкен артықшылықтары болса да, коалициялардың да саясат пен қоғамда келісімді арттыру сынды ерекшелігі бар. Көптеген батыс елдерінде игеріліп келген табысты коалиция тәжірибесі Түркияда қайталанбайды деп айтуға болмайды. Тіпті Түркияның басты проблемаларының бірігіп шешілуі үшін мықты коалиция үкіметінің артықшылықтары мен күші де маңызды. Негізінде коалицияның табысы мен сапасы қай партиялардан құралатынына байланысты.
Сайлау нәтижесіне орай негізінде екі түрлі коалиция құрылуы мүмкін. Біріншісі Әділет және даму партиясы басшылығында қалған үш партияның бірінің немесе екеуінің бірігуінен қалыптасатын коалиция, екіншісі Әділет және даму партия тысындағы партиялардың коалициясы. Қазір Ұлтшыл қозғалыс партиясы мен Халықтың демократия партиясының бір-бірімен тікелей немесе жанамалы коалиция құрмайтындарын білдіруіне байланысты екінші коалиция баламасы қиындау. Сондықтан Әділет және даму партиясы басшылығында бір коалиция құрылады деген үміт басымдау. Алайда бұл үміттің орындалуының да қиын екенін қабылдау керек. Себебі қалған үш партия Әділет және даму партиясының 13 жылдық саясатына байланысты маңызды ескертулерін айтып отыр. Осы шарттарға байланысты үлкен саудаластық болуы ықтимал.
Әрине, ешбір коалиция оңай емес, алайда ешбір партия алғы шарт қойып, Түркияның негізгі проблемаларын тереңдету рискіне бара алмайды. Негізінде әрі қандай үкімет құрылатыны, әрі қандай үкімет құрылса да табысты болып болмайтыны мына 5 тақырыпқа байланысты: 1. Түркия экономикасының тұрақтылығы мен болашағы. 2. Сириядағы соғысқа байланысты проблемалар мен шекарадағы мәселелер. 3. Түрік сыртқы саясаты. 4. Бір мезгілден бері шешілмей келе жатқан террорды шешу үдерісінің болашағы. 5. Жаңа атазаң дайындалуы үдерісі.
Жоғарыдағы тақырыптар барлық партиялар үшін ортақ. Әрине, осы тақырыптарда түрлі көзқарас пен саясаттар болуы мүмкін, алайда үкімет бұларды елемей кете алмайды. Бәлкім, бұларға басқа тақырыптардың да қосылуымен Түркияның жаңа кезеңдегі саяси күн тәртібіне пішінделер.
Сондықтан жаңа құрылатын коалиция үкіметінің түсі мен бағдарламасы аталмыш тақырыптарға байланысты болады. Осыған орай түрік саясатының көзге көрінетін күн тәртібі бір коалиция үкіметі болса да, негізгі мәселесі Түркияның басты проблемаларының қалай басқарылатыны болмақ. Түркияның жаңа кезеңде тұрақтылық, даму және ықпалын жалғастыруы міне осы екі күн тәртібінің қиылысу түйінінде жатыр.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар