Орталық Азия елдері 3 сала бойынша күш біріктіруге шешім қабылдады

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларын Ақордада қабылдады.

2140595
Орталық Азия елдері 3 сала бойынша күш біріктіруге шешім қабылдады

Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары алғаш рет Қазақстанда бас қосты. Кездесуден кейін Орталық Азия елдерінің үш қауіпсіздік саласы бойынша күш біріктіру туралы шешім қабылдағанын жариялады.

Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының алғаш жиналысы Қазақстанның елордасында жүзеге асты. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесі хатшысы Гизат Нұрдәулетов геосаяси және экономикалық тұрақсыздықтың аймақ қауіпсіздігіне кері әсер еткенін атап көрсетті.

Кездесудің артынан елдер үш қауіпсіздік саласы бойынша күш біріктіру туралы шешім қабылдады.

Орталық Азия елдері су-энергетикалық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі және көлік қауіпсіздігі салаларында күш біріктірмек. Сондай-ақ елдердің көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға ықпал етеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестердің хатшыларын Ақордада қабылдады.

Тоқаев Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларының алғашқы кездесуі сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін, сондай-ақ оған қарсы тұруға қажетті шараларды әзірлейтін тиімді алаңға айналуы керек екенін атап көрсетті.

Қазақстан Президенті Ауғанстандағы жағдайға назар аударып «Халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ саудасына қарсы күрес туралы сөз болып отыр. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беруіміз керек. Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы процестер жүріп жатыр» деді.

Тоқаевтың айтуынша соңғы бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыздан астам артып, 10 миллиард доллардан асады. Бұл ретте елдер арасындағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешілуде. Бизнес арасындағы байланыс күшейіп, бірлескен кәсіпорындардың саны арта түскен. Аймақтық ірі жобалар аймақ елдеріне айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертуде.

Мемлекет басшысы аймақ елдерін бір-біріне қарама-қайшы келтіріп, бөлгісі келетін сыртқы күштерге бірлесе қарсы тұруға шақырды. 9 тамыз күні Астанада Орталық Азияның мемлекет басшыларының алтыншы Кеңестік жиналысы өтеді.



Ұқсас жаңалықтар