Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы Бас Ассамблеясының отырысы өтті

Төрағалық Қырғыз Республикасынан Татарстан Республикасына тапсырылды.

1976568
Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы  Бас Ассамблеясының отырысы өтті

Қазақстанның Алматы қаласында Түркі академиясы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қолдауымен Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағы (ТӘҰҒАО) Бас Ассамблеясының VI-ші отырысы өтті.

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің басшылығындағы алқалы жиынға  Халықаралық Түркі академиясының президенті Шаин Мустафаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасының,  Түркия, Моңғолия, Башқұртстан, Татарстан, Өзбекстан Ғылым академияларының басшылары, белгілі ғалымдар қатысты.

Шара аясында  ТӘҰҒАО-дағы іс басындағы төрағалық Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясынан Татарстан Ұлттық Ғылым Академиясына өтті.

Жиын барысында Түркі мемлекеттері арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, соңғы жылдары түркі елдері экология, су ресурстарын ұтымды пайдалану, заманауи технологиялар мен жасыл энергетиканы дамыту, тағы да басқа салаларда бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер тұрғысынан бірлескен ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері  және  перспективалары кеңінен талқыланды.

Кездесуге қатысушылар түркі интеграциясының қазіргі кезеңінде түркі мемлекеттерінің алдында тұрған өзекті міндет түркі елдері арасындағы ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты, әсіресе техникалық және жаратылыстану бағыттарын жан-жақты тереңдетудің маңыздылығына тоқталды.

Айта кету керек, ТӘҰҒАО 2015 жылғы 29 маусымда Астана қаласында Татарстан Республикасы Ғылым академиясының бастамасымен құрылып, оның  алғашқы отырысы Түркі Академиясының алаңында өтті. ТӘҰҒАО хатшылығының функцияларын Түркі академиясы жүзеге асырады. Осыған дейін ТӘҰҒАО 5 рет кезекті жиыны мен 1 төтенше отырысы өткен болатын.



Ұқсас жаңалықтар