Қазақстан президенті ядролық қару қолдану тақырыбына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөз сөйледі.

1882634
Қазақстан президенті ядролық қару қолдану тақырыбына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетіреске алаңдаушылық білдірді.

«Бұған дейін Қазақстан ядролық қару сынақтарынан көп зардап шекті. Сондықтан ядролық державалар арасындағы текетірестің күшею қаупін жақсы түсінеміз. Осыған орай ядролық қарусыздану Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қырына айналды. Біз ядролық қарудан азат әлем құру жолындағы күресімізді жалғастыра береміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында.

Президент бұл саладағы кейбір жетістіктерге қарамастан, жалпы ахуал жақсы емес екенін жеткізді.

«Ядролық державалар арасында күшейіп келе жатқан бәсеке мен текетірес бізді алаңдатады. Сондай-ақ біз Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың жалпы конференциясы аясында ілгерілеу жоқ екеніне алаңдаймыз. Алдымызда қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласындағы жаңа механизмдерді әзірлеу жөнінде аса күрделі міндет тұр», - деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан мемлекет басшысы «Әлем жаңа әскери қақтығыс ошақтарының құрбанына айналды. Біз екі буыннан кейін алғаш рет ядролық қарудың қолданылу қаупімен бетпе-бет келдік” деді. «Қазір осы әмбебап Ұйымның негізінде қалыптасқан іргелі қағидаттарға қайта оралу аса маңызды. Атап айтқанда, біз мемлекеттер егемендігінің теңдігі, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі секілді бастапқы үш қағидат арасындағы байланысты қайта зерделеуіміз қажет. Бұл үш қағидат өзара бір-біріне тәуелді. Осы қағидаттардың бірін сақтау қалған екеуін ұстануды білдіреді. Ал олардың бірін бұзу, басқа екеуін бұзған болып саналады» деді ол.

Біріккен Ұлттар Ұйымының құндылықтар жүйесі әлемнің әртүрлі бөліктеріндегі миллиондаған адамдар үшін үміт шамы болып қала беретінін айтқан Тоқаев елдерді осы құндылықтарды қорғауға шақырды.



Ұқсас жаңалықтар