ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі Бурсада

Тарихи Бурса қаласында түркі тілдес елдердің оркестрлері бас қосты.

1874004
ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі Бурсада
Kazakistan Cumhurbaşkanlığı Orkestrası_9.jpeg
Kazakistan Cumhurbaşkanlığı Orkestrası_8.jpeg
Kazakistan Cumhurbaşkanlığı Orkestrası_7.jpeg
Kazakistan Cumhurbaşkanlığı Orkestrası_6.jpeg
Kazakistan Cumhurbaşkanlığı Orkestrası_5.jpeg
Kazakistan Cumhurbaşkanlığı Orkestrası_4.jpeg
Kazakistan Cumhurbaşkanlığı Orkestrası_3.jpeg
Kazakistan Cumhurbaşkanlığı Orkestrası_1.jpeg

30 тамыз - 1 қыркүйек арасында ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі Түркия Республикасының Бурса қаласында өтіп жатқан «ІІ халықаралық әскери оркестрлер фестиваліне» қатысып жатыр.

Қазақстандық әскери өнерпаздар фестивальге оны ұйымдастырушы Түрік мәдениетінің халықаралық ұйымы «Түріксойдың» шақыруымен келді.

Бурса қаласы "Түріксой" ұйымының мәдени бас қаласы ретінде бекітілгендіктен осынау тарихи мекенде түркі тілдес елдердің оркестрлері бас қосты.

Фестиваль үш күнге созылады, оның бағдарламасы бойынша өнерпаздар қала орталығымен шеру тартып жүріп өтеді, ал кешкілік үлкен сахнада бас қосып, ұлттық және патриоттық әуендер орындайды.

Қазақстандық Президенттік оркестрі фестивальде отандық танымал композиторлардың ел мен жерге арналған рухты шығармаларын орындайды. Олардың қатарында Ә.Бестібаевтың “Азия дауысы”, Шернияздың “Салтанатты шеру”, Е.Ынтықбаевтың “Қазақ елі”, Л.Хамидидің “Қазақ вальсі”, А.Федяниннің “Қазақ кәдесі” секілді әндерімен  қатар Президенттік оркестрдің жетекші өнерпаздары Талғат Бердіғұловтың “Наурыз”, Жандос Мұхтаровтың “Ұлы дала” туындылары да орындалады.

Президенттік оркестрдің белді орындаушылары халықаралық сайыстардың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор, “Құрмет” орденінің иегері Олжас Сүлейменов, республикалық және дүниежүзілік авторлар шығармаларын жоғары деңгейде орындаушы ретінде танылған әншілер, республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Әсел Мәдекешова, Әлібек Ізбасаров және Мейрамбек Қарағанды үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен патриоттық шығармалар орындап, қазақ мәдениетін кезекті рет халықаралық аренада таныстырмақ.

Қазақстандық әскери өнерпаздарды фестивальге президенттік үрлемелі аспаптар оркестрінің бастығы, Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, өнертану ғылымдарының магистрі, дирижер Құрмет Бейсембаев бастап келді.



Ұқсас жаңалықтар