Қазақ жазушыларының кітаптары түрік тіліне аударылды

Сағат Әшімбаев пен Шәрбану Бейсенованың кітаптары түрік тіліне аударылып, басылып шықты.

1155280
Қазақ жазушыларының кітаптары түрік тіліне аударылды

Қазақстан Республикасының Түркиядағы өкілетті елшілігі 1 наурыз – Алғыс күніне орай Анкарада іс-шара өткізді.

Қазақтың көрнекті публицисті, қоғам қайраткері, журналист, әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев және жазушы,  журналист Шәрбану Бейсенованың кітаптары түрік тіліне аударылып, басылып шықты.  

Қазақстан елшілігі мен «Еуразия» Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған тұсаукесерге ТР президентінің бас кеңесшісі Ялчун Топчу, Түріксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасының орынбасары Саид Юсуф, Қожа Ахмет Ясауи Университетінің Өкілетті кеңес төрағасы Муса Йылдыз, Түркия парламентіндегі Түрік-Қазақ достық тобының бұрынғы жетекшісі Халук Ипек, Еуразия Жазушылар одағы басшысы Якуп Өмероғлу, кітаптардың аудармашысы Джемиле Кынаджы, Түркиядағы қазақ қоғамының өкілдері, түрік зиялы қауымы, қазақстандық студенттер қатысты.

Тұсаукесердің беташар сөзін сөйлеген Қазақстанның өкілетті және төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы қонақтарға 1 наурыз – Алғыс айту күнінің мән-мағынасын айтып берді. Өкілетті елші 1991 жылы дүниеден озған қоғам қайраткері,  сыншы Сағат Әшімбаевтың шығармашылық өмірін баяндай келе «Кеңес Одағының қиын кездерінің өзінде көптеген маңызды ой-пікірлер ортаға салып,  жас ақын-жазушыларға шабыт беріп, жол көрсете білді» деді.

Қазақ әдебиетінде маңызды орны бар,  әдеби сын саласына салмақты үлес қосқан жазушының шығармашылығын егжей-тегжей сараптай келе Өкілетті елші Сапарбекұлы Сағат Әшімбаевтың сөздерінен үзінді оқып берді.

Артынан Абзал Сапарбекұлы Қазақстан елі атынан басына қиын күн түскенде қазақ бауырластарына құшағын ашқан түрік елі мен жұртына алғыс білдірді.  Сонымен қатар қазақ-түрік достығына қосқан үлесі үшін ТР Президентінің бас кеңесшісі Ялчын Топчуға медаль табыс етті.

Сөз кезегінде Ялчын Топчу да месхет түріктері ретінде ел ауып барған кезде қандастарын бауырына басқан қазақ еліне, оның ішінде елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отбасына ерекше дән риза екенін білдіріп, алғысын жеткізді.

Тұсаукесердің әдеби сұхбат бөлімінде жазушы Шәрбану Бейсенова, Якуп Өмероғлу, Джемиле Кынаджы және Дүйсен Мағлұмов оқырмандармен ой бөлісіп,  кітаптар, олардың жазылу серуені туралы сырт шертті.

Еуразия жазушылар одағы басшысы Якуп Өмероғлу негізінде Алғыс мерекесінің батыста ірі елдердің дәстүрі болып келгенін  түсіндіре келе, Қазақстанның да ұлы мемлекет болу ерекшелігін мәңгі жалғастыра беруін тіледі. «Қазақты түсіну үшін қазақ әдебиетін оқу керек» деген Өмероғлу «Жазушының романдарында қазақ халқының рухын сезінесіз» деп атап көрсетті.

Сөз кезегін Қазақстан өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Якуп Өмероғлуна алғыс айтып бастаған жазушы Шәрбану Бейсенова «Түркияда кітабым басылып шыққанына қуаныштымын» деді.

Жазушы түрік тіліне аударылған өз шығармалары жөнінде кең мәлімет берді. Ол Мұхамеджан Қаратаевтың жұбайы Мархума және оның өмір жолы туралы түрік зиялы қауымы өкілдеріне кеңінен әңгімелеп берді.

Кітаптардың түрік тілінде сөйлеуін қамдаған, шығармаларды аударған Джемиле Кынаджы да «Осы еңбектер  - «Тілде,  пікірде, істе бірлік қағидасының жемісі» деді. «Халық жауы деген айыптаумен ату жазасына кесілген, артынан қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары туралы көп оқыдық,  естідік.  Ал олардың артында қалған, қайғы-қасіреті еш бітпеген отбасылары, балалары және жұбайлары жөнінде көп білмеуші едік. Шәрбану Бейсенованың шығармаларының ерекшелігі – әйелдерге орын беруі, қазақ әйелдерінің ерлігі мен ел тағдырындағы ролі, атылып кеткен қазақ зиялыларының әйелдерінің тағдыры» деді.

«Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов сөз кезегінде басына күн түскенде елден кеткен қазақ көшіне құшақ жайған түрік ағайындарға алғыс айта келе Сағат Әшімбаев еңбектерін кеңінен таныстырды.

Сұхбаттан кейін жазушы Шәрбану Бейсенова түрік оқырмандары үшін кітаптарына қолтаңба берді.

Артынан кітаптардың тұсауы кесіліп, шара қазақ өнерпаздарының қысқа концертімен жалғасын тапты.



Ұқсас жаңалықтар