Түркістан - 2017 Түркі әлемі мәдениет астанасы

2017 Түркі әлемі мәдениет астанасы ашылу рәсімі мен Наурыз мерекесі Түркістанда тойланды.

696858
Түркістан - 2017 Түркі әлемі мәдениет астанасы

Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі мерекелік іс-шараларды 23 мемлекеттен келген 300-ге тарта шетелдік қонақ, халықаралық ұйым өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнер тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдары мен оңтүстік қазақстандық тұрғындар, яғни, жалпы саны 10 мыңға жуық адам тойлады.

Келушілер думанды Наурыз той мерекесіне орай құрылған этно ауылды аралап, қолөнершілердің бұйымдарымен танысты. Жиналған түрлі этнос өкілдерімен бірге ән шырқап, би биледі.

Наурыз мерекесіне орай 1 тоннадан астам палау дайындалып, 1500 литрдей наурыз көже үйлестірілді. Сондай-ақ, Қ.А.Ясауи кесенесі маңында этно ауыл құрылып, онда ұлттық нақыштағы әбзелдермен әрленген 12 қанатты 33 киіз үй тігілді.

Шара барысында, Наурызға қатысушы 22 мемлекеттің өкілдері елдерінің мемлекеттік туын алып өтті. Өнерпаздар театрланған сазды-хореографиялық «Наурыз керуені», «Күн мен түннің теңелуі мен табиғат ананың оянуы» секілді көріністерді қойды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімшілігінің қонақжайлығымен өткен ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедұлы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев және «ТҮРІКСОЙ» Халықаралық ұйымының бас хатшысы профессор Дүйсен Қасейінов қатысты.

Әзірет Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі төңірегінде басқосқан қонақ делегация мүшелері алдымен кесененің айналасындағы ескерткіштерді аралады. Артынан ту көтеру рәсімімен Түркістанның киелі астаналық мәртебесі тағы бір рет бекіді. Жүздеген жыл бұрынғы дәстүрін тағы бір рет қайталаған Түркітілдес халықтардың өкілдері 18-ші ғасырда жарыққа шыққан бір шығармада тұңғыш рет бейнеленген дәстүрді де іске асырып, кесененің ішіндегі тай қазанның айналасында басқосты.

Іс-шаралар аясында ашылу рәсімінің алғашқы сөзін айтқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхаммедұлы Наурыздың молшылық және береке әкелуін тілеп, іс-шараларға еңбегі сіңген баршаға алғысын білдірді.

Артынан сахнаға шыққан ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев болса Түркістанның Түркі әлемі Мәдениет астанасы сайлануына қатты қуанғандарын атап, «Түркі әлемінің бүгінгі замандағы кемеңгер көшбасшысы атанған Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «ТҮРІКСОЙ» түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. Осы ТҮРІКСОЙ ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасын 2012 жылдан бері жүзеге асырып келеді. ТҮРІКСОЙ ұйымы шынында да түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сына айналды » деді.

ТҮРІКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов болса мәдениет астанасы шаралары арқасында Түркі әлемі қалаларының мәдени және әлеуметтік тұрғыдан жетілгеніне назар аударып, ТҮРІКСОЙ-ға берген қолдау үшін мүше мемлекеттердің басшыларына алғысын білдірді. Қасейінов «2012 жылы елордамызда басталған Мәдениет астанасы іс-шаралары 2013 жылы Түркияның замандас қаласы Эскишехир, 2014 жылы Татарстанның Қазан, 2015 жылы Түрікменстанның ежелгі қаласы Мары, 2016 жылы Әзірбайжанның табиғаты керемет қаласы Шекимен жалғасты. Ақыры Түркі әлемінің Мәдениет астанасы мәртебесінің биыл түркі әлемінің киелі орны Түркістанға берілгеніне қуаныштымыз. Атқарылатын іс-шаралармен Түркістанды бүкіл әлемге танытатынымызға кәміл сенемін» деді.

ТҮРІКСОЙ-дың 2010 жылынан бастап бүгінгі таңға дейін берілетін "ТҮРІКСОЙ Баспасөз Марапаттары", биыл 7 мемлекеттен 14 тұлға мен мекемеге табысталды.



Ұқсас жаңалықтар