Османлы сұлтаны ІІІ Мехмет

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 14

1409000
Османлы сұлтаны ІІІ Мехмет

Он алтыншы ғасырдың соңында Османлы ордасы кезіндегі Византия сарайлары секілді интригаларға толы болды. Хүррем сұлтаннан бастап сарайдағы әйелдердің биліктегі ықпалы арта түсті. Алайда бұл көне түріктердің ел билеуіндегідей құрылымдық өзгеріс емес еді. Сарайдағы әйелдер падишаларға деген жақындығын пайдаланып, өздері билік жүргізе бастады. Бұл үдеріс Османлы сұлтаны ІІІ Мехметтің кезінде де жалғасты. Олай болса Османлының алтын ғасырының соңында билікте болған ІІІ Мехмет туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз ІІІ Мехмет ІІІ Мұрат пен Сафие ханымның ұлы болып табылады. 26 мамыр 1566 жылы Манисада туып, 21 желтоқсан 1603 жылы Ыстамбұлда қайтыс болды. Ол туған кезінде Кануни Сұлтан Сүлейман әлі тірі болатын. Сондықтан шөберісінің атын Фатих Сұлтан Мехметке ұқсасын деп Мехмет қойды. Дегенмен Кануниден кейін Османлы тағында күшті тұлға отырған жоқ. Таққа шыққан Сары Сәлім мен ІІІ Мұрат уақыттарын жорықтарда емес, Ыстамбұлдағы сарайларында өткізді.

1595 жылы Сұлтан ІІІ Мұрат қайтыс болғанда ІІІ Мехмет таққа шықты. Бұл кезде ұлы тұлғамыз 1583 жылдан бері Манисада санжақ бейі қызметінде болатын. Бір қызығы ІІІ Мехмет алдымен санжақ бейі болып, сосын таққа шыққан соңғы шахзада болды. Бұдан кейінгі падишалар Ыстамбұлдан шығып, ел билеуді үйреніп тәжірибе жинамай-ақ, бірден таққа шығатын болды. Бұл жағдай өз кезегінде Османлының әлсіреуіне себеп болды.

Сұлтан Мехмет таққа отырғаннан кейін, оның алғашқы жұмысы 19 бауырын тұншықтырып өлтірту болды. Бұл оқиға Османлы тарихындағы ең қанды оқиғалардың бірі болды, өйткені қаза болғандардың көпшілігі сәбилер еді. Осы оқиғадан кейін III Мехметті халықтың ұнатпағаны айтылады. Тіпті он тоғызыншы ғасырда Османлы тағына шыққан Мехмед Решад таққа шығу салтанатынан кейін аталарының қабіріне барғанда, «мен бала өлтірушінің қабіріне бармаймын» деп ІІІ Мехметтің моласына бармаған екен. Бұл оқиға Османлы әулетінің де осы мәселенің өздерін қинайтындығының бір мысалы ретінде көрсетіледі.

Дегенмен Сұлтан ІІІ Мехмет билікті өз қолына алғаннан кейін сұлтандардың жорыққа шығу дәстүрін қайта қалпына келтірді. Бұның себебі ІІІ Мехмет таққа шыққан кезде Османлы-Австрия соғысы жалғасып жатқан болатын. Соғыстағы Османлы пашаларының арасындағы келіспеушіліктерге байланысты түріктер жеңіле бастады. Атап айтқанда, австриялықтар Османлының шекарадағы қамалы Эстергон қаласына шабуылдағанда қырық шақырым жердегі Мехмет паша көмекке бармаған болатын. Сонымен қатар, Уоллахия ханзадасы Михай Витеазулмен болған шайқаста соғыс дұрыс ұйымдастырылмағандықтан түрік әскерлерінің көпшілігі бекерге батпаққа батып өлді. Одан кейін Дунай өзенін өту кезінде де операция дұрыс ұйымдастырылмағандықтан көптеген Османлы әскерлері опат болды. Осы соғыстарда Эстергон қамалына қоса, өзеннің жағасындағы стратегиялық маңызы бар Вишеград қамалының да жау бақылауына өтуі янычарлардың наразылығын тудырды.

Жағдайдың ушығып бара жатқанын түсіне отырып, Сұлтан III Мехмет мемлекет ақсақалдарын жинап: «Мемлекетіміздің негізін қалаушы атамыз Осман Ғазыдан үлкен атамыз Кануни Сұлтан Сүлейманға дейінгі падишалар қол бастап жорыққа шығатын еді. Бірақ аталарымыз ІІ Сәлім мен ІІІ Мұрат бұл дәстүрді бұзды. Біз де бастапқыда жорықты пашаларымызға тапсыру арқылы қателік жібердік. Біздің әскерлеріміз бізді қолбасшы ретінде көргісі келеді. Біздің шешіміміз: жақында қол бастап, жорыққа шығамыз. Кәпірлердің көкесін таныту керекпіз. Дайындық жұмыстары аяқталсын» деді. Бұл шешімге қарсы шыққан анасы Сафие Сұлтанға ұлы тұлғамыз былай жауап берді: «Валиде, біз сұлтанның баласы сұлтанбыз! Егер біз мұны қолданбасақ, неге бұл қылышты Әйүп Сұлтан мешітінде асынамыз? Біздің шешіміміз - шешім, біз жорыққа атанамыз! Біз тақ үшін мемлекеттің тағдырын құрбан ете алмаймыз!» Осы шешімнен кейін 1596 жылдың 20 маусымында қол бастап, жорыққа аттанған ІІІ Мехмет ең алдымен венгрлердің Эгри қамалын қоршап, оны 12 қазанда бағындырды.

Эгри қамалын жаулап алғаннан кейін Османлы әскерлері ілгерлеп, 1596 жылы 15 қазанда Хачовада үлкен еуропалық крестші қолымен кездесті. Бұл армияда Австриялық, неміс, Эрделли, Венгрия, итальян, испан, француз, Голландия, Бельгия, Чехия, хорват, серб, Словакия және Польша күштері болды. Осылайша крестшілер армиясындағы сарбаздардың саны 300 мыңға жетті. Ал Османлы армиясы 140 мың сарбаздан тұрды. Крестшілер бірден шабуылға өтіп, шегінуге мәжбүрледі. Осы кезде «Жау сұлтанның ордасын басып алды. Сұлтан қашып кетті» деген хабар тарады. Бұны естіген майдандағы Османлы янычарларының көпшілігі шегініп, Крестшілер әскері жеңісті тойлауға кірісті. Бұл уақытта Османлы әскерінің тылдағы қызметшілері, атап айтқанда отыншылар, шатыршылар, атқосшылар, түйешілер мен аспаздар қолдарына алған күрек-балталарымен тұтқиылдан жауға шабуылға өтті. Мұндай шабуылды күтпеген крестшілердің әскери тәртібі бұзылып, әбігерге түсті. Осы кезде янычарлар да естерін жинап, шабуылға өтті. Ақырында түрік жағы жеңіске жетті. 26 қазан 1596 жылы Хачовада болған бұл шайқас қызметшілердің арқасында табысқа жеткендіктен «Кекпір қазан шайқасы» болып аталып кетті.

Шығыс шепте Ирандағы Сафевилер билеушісі Шах Аббас Османлының Австриямен соғысын пайдаланып, 1590 жылы қол қойылған бітімді бұзып, 1603 жылы 25 тамызда Османлыға қарсы соғысады. Бұл соғыста Шах Аббас Тебриз мен Реванды қайтарып алды. Сефевилермен соғыс жалғасып жатқанда III Мехмет 38 жасында қайтыс болды.



Ұқсас жаңалықтар