Османлы Сұлтаны Явуз Сәлім

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар- 10

1391036
Османлы Сұлтаны Явуз Сәлім

Ислам өркениетінде халифат түсінігі әрқашан мәртебе мен абыройды білдіретін. Өйткені халиф күллі мұсылман үмбетінің басы болып саналады. Осы атаққа ие болған әулеттер басқа билеушілерге қарағанда өздерін жоғары санайтын. Сондықтан барлық мұсылман билеушілер осы атақты алу үшін талпыныс жасайтын. Тарихи тұрғыдан 1257 жылы Құлағу хан Аббаси халифатын құлатқаннан кейін бұл атақ Мысырдағы мәмлүктердің қолына өткен болатын. Алайда он алтыншы ғасырдың басында Османлы елінің күшеюі халифаттың да солардың қолында болуы керек деген түсінікті қалыптастырды. Осы мақсатқа қол жеткізген Османлы имериясының тоғызыншы сұлтаны Явуз Сәлім болды.

Ұлы тұлғамыз 10 қазан 1470 жылы туып, 22 қыркүйек 1520 жылы қайтыс болған. Әкесі ІІ Баязит, ал шешесі болса Дұлқадыр әулетінен Гүлбахар ханым. Трабзонда санжақбейі болып қызмет еткен І Сәлім бір жақтан аймақтағы Шах Исмаилдің саясатын жақсы бақылап отырса, енді екінші бір жағынан Қырым хандарымен де жақын қатынас орната білді. 1511 жылы ол өзіне бағынышты күштермен әкесіне қарсы бүлік бастады. Алайда жеңіліске ұшырап, Қырымға қашуға мәжбүр болды. Бір жағынан Қырым ханы Меңді Керейдің қолдауын, екінші жағынан Янычарлардың қолдауын алған І Сәлім 26 мамыр 1512 жылы Ыстамбұлға келіп, Османлы тағына шықты. Дегенмен таққа шыға салысымен І Сәлімнің ісі барлық бауырлары қырып тастау болды. Бір айдан кейін әкесі ІІ Баязитті де өлтіртті. Осы ісіне байланысты ол «Явуз» яғни «жауыз» деген атақ алып, Явуз Сұлтан Сәлім болып аталып кетті.

І Сәлімнің таққа шығуымен Османлы империясында жаулау жорықтарының жаңа кезеңі басталды. Бірақ ұлы тұлғамыз батысқа қарай емес, шығысқа қарай өз империясын кеңейтті. Ғасырдың басында Иранда билікке келген Шах Исмаил Анадолыға қауіп төндіріп тұрған болатын. Өйткені бұл жердегі түріктердің Ислам түсінігі сүнниттік Исламнан көрі түрік сенімдерімен астасып жатқан шииттік Исламға жақын болатын. Осы жағдайды Шах Исмаил өз мүддесі үшін тиімді қолдана білді. 1513 жылы Анадолыға қарай жылжыған Явуз Сәлім аймақтағы Шах Исмаилдің жақтастарын аяусыз қырып тастады. Шамамен қырық мыңнан астам түрікменнің өлтірілгені айтылады. Аймақтағы өз бақылауын күшейту мақсатында І Сәлім Ирактағы сүнни күрттерді Анадолыға қоныстандырды.

Анадолыда өз билігін орнықтырған Явуз 1514 мамыр айында Иранға қарай жорыққа аттанды. Сәлим мен Исмаил соғысқа дейін бірнеше хат алмасқан. Сонымен жаздың соңына қарай 24 тамыз 1524 жылы І Сәлим Чалдыран деген жерде болған шайқаста Исмаилді жеңді. Шахтың әскері дәстүрлі атты әскер болды. Бірақ османдықтар шайқаста заманауи әскери тактикаларды, артиллерияны және мылтықтарды қолданды. Шайқаста Исмаил жараланып, соғыс алаңынан әрең дегенде құтылып шықты. Ал І Сәлим болса 5 қыркүйек 1514 жылы салтанатты түрде Иран астанасы Табриз қаласына кірді.

1515 жылы І Сәлім оңтүстік шығыс Анадолыдағы Дұлқадырұлдары мен Рамазанұлдары бейліктерін Османлыға қаратты. Мәмлүктер, Ирандық Сафевилер және Османлылар арасында буферлік аймақ болып тұрған бұл бейліктердің І Сәлімның бақылауына өтуімен Анадолының бірлігі орнаған болды. Алайда бұл жағдай османлылармен мәмлүктердің соғысының алдын алуды қиындата түсті.

Явуз Сұлтан Сәлим Мысырға қарсы 1516 жылдың 5 маусымында жорыққа аттанды. 27 шілдеде Османлы әскері мәмлүктердің шекарасына жетті. Мәмлүктерге қарасты Антеп және Бесни қалалары Османлы билігіне өтті. Бұл аймақтан шегінген мәмлүктер мен османдықтар арасындағы нағыз шайқас 1516 жылдың 24 тамызында Халеп яғни Алеппо маңындағы Мержидабық деген жерде болды. Мәмлүк армиясы Османлы зеңбіректерінің отына қарсы тұра алмады. Соғыс алаңында қарт Мәмлүк сұлтаны Кансу Гаври атынан құлап қайтыс болды.

1516 жылдың 29 тамызында Сәлим «екі қасиетті қаланың, яғни Мекке мен Мединаның қызметкері» деген атақ алды. Қыркүйек айында түріктер Сирияны ұрыссыз басып алып, 9 қазанда Дамаскіге кірді. Қарашаның соңында түріктер Газа мен Палестинаны жаулап алды. 25 желтоқсан 1516 жылы таққа шыққан Мәмлүктердің жаңа сұлтаны Тұман ыдыраған әскерлердің басын қосып, соғысқа дайындала бастады.

1517 жылы қаңтарда Египетке кірген І Сәлим Каирдің бекіністерін артиллериямен қиратты және Тұман бей қаладан қашуға мәжбүр болды. Алайда бірнеше күн өткеннен кейін, Тұман шағын отрядымен түнде қалаға кірді. Көшелерде қатты қырғын болды. Осы оқиғаларда жалпы Каирдің 50 мың тұрғыны қаза тапты. Каирді басып алғаннан кейін Селим 800 Мәмлүкті өлтіруге бұйрық берді. Тұман Бей екі ай бойы түріктермен соғысуға тырысты. Ол Ніл дельтасына шегініп, онда ұзақ уақыт Османлыларға төтеп бере алды. Бірақ мысырлық бедуиндер 13 сәуір 1517 жылы опасыздық жасап, Тұман бейді ұстап берді. Осылайша Мысыр елі де Османлылардың билігіне өтті.

1517 жылы сәуірде Мәдина мен Мекке кілттері Сәлимге жеткізілді. Бүкіл Хижаз османдықтардың иелігіне өтті. Бұған дейін Кипр үшін Мысырға ақша төлеп тұрған Венеция түріктерге алым төлей бастады. Тіпті аз уақыт бұрын Йеменді жаулап алған Мәмелүктердің отряды да сұлтанға мойынсұнды. Осылайша, төрт жыл ішінде Явуз Сұлтан Сәлим Осман империясының территориясын екі есе көбейтті. Явуз Сұлтан Сәлим 54 жасында Едирне қаласында аурудан қайтыс болды.

 



Ұқсас жаңалықтар