II Қылыш Арслан

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар - 5

1193304
II Қылыш Арслан

Анадолы Селчук мемлекетінің сұлтаны Месутшахтың 1116 жылдан 1156 жылға дейін жалғасқан қырық жылдық билігі елдің көркеюіне негіз болды. Әсіресе Месутшахтың Анадолының ең қуатты бейлігі Данишменд елін өзіне қаратуы орталық билікті күшейтті. Бұл кезеңде Селчуклы астанасы Кония қаласы одан әрі гүлдене түсті. Алайда Месутшахтың өлімінен кейін оның ұлдарының арасында таққа талас басталды. Осы тақталастан Месутшахтың Қылыш Арслан деген ұлы жеңімпаз болып шығып таққа отырды. Ендеше бүгінгі бағдарламамызда Анадолы Селчук мемлекетінің сұлтаны ІІ Қылыш Арслан туралы сөз қозғаймыз.

Ұлы тұлғамыз 1113 жылы туып, 1192 жылы қайтыс болған. Толық аты Месут ұлы Иззеддин Қылыш Арслан. Тарихшылар Анадолы Селчук мемлекетінің екінші сұлтаны Қылыш Арсланмен шатастырмау үшін шартты түрде ұлы тұлғамызды ІІ Қылыш Арслан деп атайды. Әкесі тірі кезінде өз елін дәстүрге сай үш ұлына үлестіріп берген болатын. Бұл дәстүр ертеден бері жалғасып келе жатқан түріктердің төл дәстүрі еді. Кезкелген билеуші өз елін ұлдарының арасында үлестіріп беретін. Осы дәстүрге сай, Шыңғысхан да өз қарамағындағы жерді төрт ұлына бөліп берген еді. Бұл дәстүр алып империялардың ұсақ елдерге бөлінуіне себеп болған. Тіпті кейде тақ мұрагерлерінің арасындағы соғыс елдің мүлдем жойылып кетуіне себеп болатын. Бұл дәстүрдің себебі түріктердің билікті «құты бар» мұрагердің алатындығына сенімімен байланысты. Ал «құтты» Тәңірдің өзі беретін. Бұл жағдайда кімнің құты бар екендігін көру үшін тақ мұрагерлері бір бірімен соғысуы керек еді. Бұл дәстүр Османлы әулетінде ғана тақ мұрагері белгілі болғаннан кейін қалған ханзадалардың буындырып өлтіріп тасталуымен ғана тоқтады.

Месутшахтың Қылыш Арслан, Дулат және Шахиншах деген үш ұлы бар еді. Сонымен қатар сұлтанның Данишменд әулетінен Зуннун және Яғыбасан деген күйеу балалары бар болатын. Ұлдары Елбистан, Анкара және Чанкыры аймағын билеп тұрғанда, күйеу балалары Данишменд әулеті астанасы Сивас пен Кайсері жерлерін билеп тұрды. Месутшах тірі кезінде үлкен ұлы Қылыш Арсланды тақ мұрагері деп көрсетіп кетуіне қарамастан, сұлтан өлгеннен кейін тақ таласы басталды.    

Ұлы тұлғамыз 1156 жылы Елбистаннан Конияға келіп таққа шығып, өзін сұлтан деп жариялады. Осыдан кейін Сивастан Кайсеріні жаулап алуға аттанған Яғыбасанға қарсы жорыққа шықты. Алайда бұл кезде оңтүстіктен Мосул әміршісі Нұреддин Зеңгі қысым жасағандықтан, Яғыбасанмен ымыра жасауға мәжбүр болды. Осыдан кейін Қылыш Арсланның інілері мен күйеу балалары және Византия императоры Комнинос І Мануел одақ құрды. Ұлы тұлғамыз ең алдымен 1159 жылы Византияға қарсы жорыққа шықты. Селчук сұлтаны мен Византия императорының соғысы бірде жеңіп, бірде жіңіліп 1162 жылға дейін жалғасты. Сол жылы Қылыш Арслан Константинопольге барып, онда сексен күн қалып, бейбітшілік келісімшартын жасасты. Бұл бітім ұлы тұлғамызға Анадолының басын біріктіруге мүмкіндік берді.

1163 жылы шығысқа қарай жорыққа шыққан Қылыш Арслан Сивас, Анкара, Чанкыры, Кайсері қалаларын алды. Бұл жерлерден қашқан інілері мен күйеу балалары Мосул мен Шамның әміршісі Нұреддин Зеңгіні паналады. Алайда 1174 жылы Нұреддин Зеңгі Шамда қайтыс болды және оның иеліктерін Салахаддин Әюби басып алды. Салахаддиннің басымдығы Иерусалимді крестшілерден азат ету болғандықтан, бұл жағдай Қылыш Арсланға шығыс Анадолыны өз билігіне алуға мүмкіндік берді. Осы кезде аман қалған інісі Шахиншах пен күйеу баласы Зуннун Византияға қашып кетті.

1175 жылдан бастап, Қылыш Арслан назарын батысқа бұрды. Бұның бірнеше себебі бар еді. Біріншіден бұл кезеңде Селчук мемлекеті мен Византияның шекарасы болып саналатын Ескішехир маңында түріктердің саны өте көбейіп кетті. Орта Азиядан толқын толқын болып келіп жатқан бұл түріктерге жайылым керек еді. Сондықтан олар батысқа қарай көше бастады. Бұл жағдай екі елдің қатынасын шиеленістіре түсті. Екіншіден інісі Шахиншах пен күйеу баласы Зуннун император І Мануельдің қолында еді. Егер ұлы тұлғамыз тақ мұрагерін жоймаса, оның әрқашан таққа таласуға хақы болады.

1176 жылы Византия императоры Қылыш Арсланның көзін бір жола жою үшін қалың қолмен Конияға қарсы жорыққа шықты. Император алдымен Шахиншах пен Зуннунға қол беріп оларды аттандырды. Бірақ Қылыш Арслан бұл екеуін де жеңді. Осы жеңістен кейін ұлы тұлғамыз императорға елші жіберіп, бітімге келуді ұсынды. Алайда бұл ұсыныс қабыл болмады. Осымен соғыс басталды. Император өзі қол бастап, Конияға қарай жүрді. Ал немере інісі Андроникос Ватацесті әскерлерімен Амасия мен Токатқа жіберді. Бірақ Андроникос Ватацестің қолы Никсар қамалы маңындағы шайқаста жеңілді. Қолбасшының басы Конияға Қылыш Арсланға жеткізілді.

Византияның негізгі қолымен Селчук қолы бүгінгі Денизлидегі Дүзбел ауданындағы  Мириокефалон өткелінде болды. 17 Қыркүйек 1176 жылы болған шайқаста Византия қолы өткелде қысылып қалғандықтан көп шығын берді. Император Мануель Конияны қиратамын деп келе жатқандықтан көптеген катапульта бар болатын. Бұл құралдар византиялықтардың қозғалысын баяулатқандықтан, жеңіл қаруланған атты әскер түріктер қарсыластарын ойсырата жеңді. Дегенмен, императордың тәжірибелі қолбасышлары қайта есін жиып, қалған әскерлермен шегінуге жағдай жасады. Осы жеңістен кейін Анадолы түріктердің мекені ретінде атала бастады.



Ұқсас жаңалықтар