Түрік-Қазақ Әлемінен-66

Түркия-Қазақстан арасындағы соңғы жаңалықтар.

335598
Түрік-Қазақ Әлемінен-66

Қазақстанда шығатын www.inform.kz. интернет сайтының хабары бойынша Түркия палаталар және биржалар одағы төрағасы Рифат Хисаржыклыоғлу бас қала Астанада кездесулер өткізді. Хисаржыклыоғлу Астанада Қазақстан Ұлттық кәсіпкерлер палатасына барды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Хисаржыклыоғлу Қазақстан көлеміндегі сауда және өнеркәсіп палата басшылары қатысқан видео конференцияда өзара пікір алмасты.
Хисаржыклыоғлұ «Қазақстанда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сынды институттың құрылғанына қуаныштымыз. Біз Ұлттық Кәсіпкерлер палатасына орта және шағын бизнесті қолдау бойынша кеңес беруге әзірміз. Жуырда ҰКП біріге отырып, өзара байланысты арттыру туралы меморандумға қол қоюды жоспарлап отырмыз. Сол меморандум аясында Түркияның сауда палатасы мен тауар биржасы Одағы дерекқордағы мәліметімен бөлісуге әзір»- деді.

Қазақстанда шығатын «Егемен Қазақстан» газетінің хабары бойынша жақында Түркияның бұрынғы Президенті Абдуллах Гүл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан-Түркия ынтымақтастығының ахуалы, оның түрлі саладағы дамуының басты бағыттары талқыланды.
Сонымен қатар Абдуллах Гүл Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен және Астана күнімен құттықтап, Қазақстанға игілік пен бақ-береке тіледі.
Абдуллах Гүл кездесу барысында «Нұрсұлтан Назарбаев-түркі интеграциясы мен бірлігінің ұйытқысы. Түркі кеңесінің құрылуына, осы идеялардың жүзеге асырылуына, әсіресе, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі зор болды деп айта аламын» деді.

Қазақстанда шығатын www.inform.kz. интернет сайтының хабары бойынша Бас Прокурордың орынбасары Жақып Асанов бастаған қазақстандық делегацияның Түркияның Әділет академиясының жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен танысу үшін жасаған сапары аяқталды.
Топ құрамында Парламент депутаты Нұрлан Әбдіров, Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісінің орынбасары Алексей Калайчиди, Жоғарғы Соттың, Бас прокуратураның және бірқатар облыстық прокуратураның өкілдері болды.
Делегацияның сапарына Түркия Республикасы Үкіметінің жанындағы Түркия ынтымақтастық және үйлестіру агенттік (TИKA) пен Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігі қолдау көрсеткен. Қазақстандық делегация сапар барысында Академия басшылығымен кездесіп, оқу орны қызметінің негізгі бағыттарымен танысты. Түркиялық әріптестер оқу мекемесінің құрылымы, мұндағы оқу ісінің ерекшеліктері туралы және тыңдаушылардың санаттарын арттыру, ғылыми-әдістемелік және материалдық-техникалық базасы жайында әңгімелеп берді.
Айта кетерлігі, Әділет академиясы судья немесе прокурор мамандығын таңдаған әрбір заңгер білім алуға міндетті, айрықша мәртебеге ие білім беру мекемесі болып табылады. Мекеме әлемнің 80-нен астам елдерінің оқу орындарымен және құқық қорғау органдарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Мұндағы оқу бағдарламасы тыңдаушыларға теориялық білімді прокурорлық және судьялық жұмыстармен іс жүзінде байланыстыра отырып сіңіреді. Дәріс беру жұмыстарын тәжірибелі прокурорлар мен судьялар жүзеге асырады.
Сапар барысында Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшісі Жансейіт Түймебаев Әділет академиясының президенті Йылмаз Акчил мырзаға, оның екі елдің өкілетті органдары арасындағы өзара ықпалдастықты дамытуға қосқан айрықша үлесін атап көрсете отырып, «Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытқаны үшін» естелік медалін тапсырды.
Сапар аясында жекелеген мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен қызметтік кездесулер ұйымдастырылды. Атап айтқанда Парламенттің Бас хатшысы Ирфан Незироглумен, Конституциялық сот төрағасының міндетін атқарушы Бурхан Устунмен, Қылмыстық және азаматтық істер бойынша Жоғарғы сот төрағасы Исмаил Руштумен, Жоғарғы әскери сот төрағасы Ахмет Зикилиманмен, Бас Прокурор Мехмет Акарджамен, Бас әскери прокурор Али Узунмен және Әділет министрлігі мен Жоғарғы сот өкілдерімен кездесу барысында қазақстандықтар Түркияның заңнамаларымен және құқықтық жүйесімен, орталық мемлекеттік органдардың өкілеттерімен жете танысты.
Кездесу барысында қабылдаушы тараптың өкілдері Қазақстанның қарыштап дамып келе жатқандығын жоғары бағалап, сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың екі бауырлас ел достығының нығайып, ынтымақтастығының артуына қосып жатқан елеулі еңбегін атап өтті.



Ұқсас жаңалықтар