Түрік-Қазақ Әлемінен-56

Қазақстан мен Түркия арасындағы кеден қарым-қатынасы.

220764
Түрік-Қазақ Әлемінен-56

ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша таяуда Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшісі Жансейіт Түймебаев Түркия Республикасының Кеден және сауда министрі Нуреттин Жаниклимен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде екенін атап өтіп, екі жақты тауар айналымын көтеру үшін екі елдің әлеуетін пайдалануда бар күшін салуға әзірлігін білдірді. Осы орайда екі елдің кеден қызметтері сыртқы экономикалық бағытындағы жұмысты ілгерілетуге қолайлы жағдай жасау және кедендік бақылауды жетілдіруде тиімді тәжірибемен алмасатын болды.
Жансейіт Түймебаев өткен жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы, Түркіменстан және Иран Президенттерінің қатысуымен үш елдің аумағынан өтетін «Өзен-Берекет-Гөрган» жаңа халықаралық теміржол желісінің ашылуынан хабардар етті. Аталған бағыт пен Баку-Тбилиси-Карс теміржол жобасының Қазақстаннан Түркияға жүк тасымалының көбеюіне, яғни екі елдің өзара саудасына да оң септігін тигізетіні айтылды.
Өз кезегінде Нуреттин Жаникли жақын арада Қазақстан мен Түркия Елбасыларының қатысуымен Жоғары деңгейлі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесі екінші отырысының өткізілуімен қатар, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапарының жоспарланып отырғанын айтты. Осыған орай, оның ведомствосы «Жаңа синергия» атты бірлескен экономикалық бағдарламаны жүзеге асыру аясында екі елдің арасындағы сауда ынтымақтастығын одан әрі нығайту бойынша белсенді жұмысты жүргізіп жатқанын жеткізді.
Түрік министрі: «Мен «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» және «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол желілері жұмысының басталуынан кейін, Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара тауар айналымының бірнеше есе көтерілетініне кәміл сенемін» - деп түйіндеді.
Сонымен қатар, Нурреттин Жаникли тауарлар мен жүк көліктерінің сканерден өту жылдамдығының екі есе қысқаруына септігін тигізген автокөлік бекеттерінің заманауи инспекциялық-тексеру кешендерімен жабдықталғанын жеткізе отырып, Түркияның кедендік бақылау қызметтеріндегі жаңалықтар туралы хабарлады. Оған қоса, Түркияның кедендік қызметі бақылау бекеттеріндегі барлық мемлекеттік бақылау түрлерінің бір жерде және бір адаммен орындалуын қамтамасыз етуді көздейтін «бір аялдама» жобасын іске қосып отырғанын атап өтті.

Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 2011 жылы 3,303 млрд. долларды құраса, 2012 жылғы қаңтар-шілде аралығында 2,460 млрд. долларға жеткен болатын.
Тараптар 2015 жылға дейін өзара тауар айналымы көлемін 10 млрд. доллар көлеміне жеткізуді көздеп отыр. Бұл туралы өткен атпа Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттарына инвестициялық және сауда-экономикалық салаларды жатқызуға болатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 160-тан астам компания тіркелген. «Жалпы, қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар достық, бауырластық және сындарлы диалог бағытында дамуда. Екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың қарқыны едәуір артып отыр»- деді ол.

KATEV Халықаралық қоғамының интернет сайтындағы хабары бойынша 2015 жылы ақпан айының 2-ші жұлдызынан 6-шы жұлдызы аралығында «Нұр Орда» қазақ-түрік лицей – кешенінде жас мамандар апталығына орай «Бүгінгі жас маман - ертеңгі шебер ұстаз» атты Жас маман байқауы өткізілді. Байқаудың мақсаты: Жас мамандардың біліктілігін, жан-жақты өз кәсібінің шебері екендігін сынау арқылы оларды іскерлікке, мәдениеттілікке, өз кәсібіне үлкен жауапкершілікпен қарауға бар күш - жігерін жұмсауға баулу.
«Нұр Орда» қазақ-түрік лицейі ел жастарына білім мен тәрбие бере отырып, олардың жан-жақты, дарынды азамат болып қалыптасуы үшін үлкен еңбек етуде. Мектеп ұжымы оқушыларды түрлі ғылымға, өнерге, спортқа баулумен қатар тәуелсіз мемлекетіміздің сан қырлы тарихын, салт-дәстүрін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара жолын, сындарлы саясатын, еңбек жолын дәріптеуге де ерекше көңіл бөледі. Соның бір айғағы лицейде «Қазақстан жолы» тәрбие- білім беру орталығының ашылуы.
«Нұр Орда» қазақ-түрік лицейінде Қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің ұйымдастыруымен «Тіл- ұлттық құндылығымыздың темірқазығы» атты апталық басталды. Апталықтың мақсаты- оқушылардың туған жеріне, еліне және ана тіліне деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Қазақ тілінің мәртебесін кеңейту, балаларды ойларын еркін, нақты жеткізе білуге баулу, тіл байлықтарын шыңдау, коммуникативтік, оқу-танымдық құзіреттіліктерін дамыту. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын жандандырып, өзін – өзі басқаруын жетілдіру.



Ұқсас жаңалықтар