Түрік-Қазақ Әлемінен-55

Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас

208088
Түрік-Қазақ Әлемінен-55

Қазақстанда шығатын Семей Таңы газеті Семей қазақ-түрік лицейінің «Үздік олимпиадалық команда-2015» атанғанына орын берген. Газет «Тренинг барысында оқушылар жаттығуларды қызығушылықпен орындады, өте белсенді жұмыс жасады. Оқушылар «Менің үлгі тұтатын тұлғам» тақырыбында сурет салып мазмұнын талдап шықты. Үлгі тұтатын тұлғаның ерекше қасиеттеріне де тоқталып өтті» деп жазған.
Хабарға қарағанда Семей қазақ-түрік лицейі 2015 жылдың 8-10 қаңтар аралығында Өскемен қаласында өткен жалпы білім беретін пәндерден оқушылардың республикалық олимпиадасының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша «Үздік олимпиадалық команда – 2015» номинациясын иеленіп, дипломмен және Шығыс Қазақстан облысының үздік олимпиада командасы кубогімен марапатталды. 11-алтын, 13-күміс, 7-қоланы қанжығаларына байлап қайтты.
Ендігі хабарымыз Түркия мен Қазақстан діни қарым-қатынастарына байланысты.
Қазақстанда шығатын www.inform.kz. интернет сайты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Нұрмағанбетүлы Шойкиннің басшылығындағы ҚР делегациясының таяуда Түркия Республикасына жұмыс сапармен келгенін жариялаған.
Сапар барысында Ғ.Шойкин Түркия Республикасының Дін істер басқармасының төрағасы Мехмет Гөрмезбен, «Хасеки» дін орталығының басшылығымен және Анкара, Стамбул, Кония қалаларында орналасқан ТР Дін істер басқармасының өкілдерімен кездесті.
Кездесу кезінде Қазақстан және Түркия дін басқармасының өкілдері екі мемлекет арасындағы теологиялық білім беру бағытындағы қарым-қатынас деңгейін талқылады.
Мехмет Гөрмез бауырлас Қазақстанмен қарым-қатынасты кеңейтуге және нығайтуға дайын екендігін баяндады. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда Түркия Республикасының территориясында 85 мың мешіт, 700-ге жуық теологиялық лицейлер мен Құран оқып үйрену курстары және ТР жоғары оқу орындарында 100-ге жуық теологиялық факультеттердің бар екендігін жеткізді.
Жоғарыда аталған барлық мешіттердің және оқу орындарының қызметін ТР Дін істер басқармасында жұмыс істейтін 1000-ға жуық қызметкер мен сарапшы қадағалайтынын атап өтті.
Өңірдегі мұсылман елдері арасында Түркияда дін мемлекеттен бөлінген. Зайырлы мемлекет құру бағытындағы Түркияның үлгісі өз икемділігімен ерекшеленіп, елдің дамуына және экономикасына өз үлесін қосуда. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасында қарым-қатынастардың үлгісі ұлттық келісімнің сақталуына, елде діни экстремистік және радикалдық діни ағымдардың таралуына тосқауыл қоюда.
Сонымен қатар, Мехмет Гөрмез Түркияда имамдардың мемлекеттік қызметкер мәртебесіне ие екендігін және олар қажетті әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілетіндігін баяндай отырып, қазіргі таңда елде мемлекет тарапынан қаржыландыратын лицей және колледж деңгейіндегі дін оқу орындары, жоғары оқу орындарында теологиялық факультеттердің бар екендігін хабарлады.
Дін саласындағы жасалған қажетті жағдайлардың нәтижесінде, халықтың діни сауаттылығы жоғары деңгейде және экстремистік ағымдардың Түркия халқының сана-сезіміне әсер ету деңгейі өте төмен екендігін атап өтті.
Кездесу нәтижесі бойынша қазақстандық діни қызметкерлерге теологиялық білім беру және басқа да діни бағыттар бойынша екі елдің ведомствоаралық қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған Протоколды дайындау бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Соңғы хабарымыз әдеби шығармалармен байланысты.
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Жалын» баспасының балалар мен жасөспірімдер тақырыбына арналған дәстүрлі жабық бәйгесінің, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Парасат» журналы сыйлықтарының иегері, «Алматы ақшамы» газетінің қызметкері Нұрғали Ораз үшін өткен жыл шығармашылық табыстарға қол жеткізуімен есте қалды. Міне, осы шығармашылық жетістіктер биылғы жыл басында да жалғасын тапты.
Түркиядағы «Кардеш калемлер» журналының биылғы жылғы қаңтар айындағы алғашқы санында белгілі түрік ақыны, аталмыш журналдың бас редакторы Али Акбаштың «Қазақ жазушысы Нұрғали Ораз – Халықаралық Махмұт Қашқари атындағы сыйлықтың бас жүлдегері» атты көлемді мақаласы жарияланды. Онда өткен жылы түркі тілдес республикаларда өткізілген бәйгенің алғашқы кезеңі туралы толық ақпарат берілумен қатар, одан кейінгі халықаралық қазылар алқасының жұмысы хақында және Баку қаласындағы мемлекеттік музыка театрында сыйлыққа ие болған жазушыларды марапаттауға арналған салтанатты жиын туралы егжей-тегжейлі баяндалған.
Түрік қаламгерлері қазақ жазушысының «Менің де өмірім бір қызық кітап» атты хикаясын жоғары бағалай келіп, оны түрік тіліне аударған Уфук Тузман мырзаның көркем тәржімасы хақында да жылы лебіз білдіруде. Бұл түркі тілдес туысқан халықтар арасындағы мәдени байланыстардың жаңа дәуірі басталғандығын көрсететін қуанышты жәйттердің бірі екендігі анық.
Сонымен бірге журналдың осы санында қазақ жазушысының бас жүлдеге ие болған «Менің де өмірім бір қызық кітап» атты хикаясы жарық көрген.



Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар