"Қырандар мен қазақтар"

Қазақтар менен қыранға махаббат берген Басыңды игін, Ғасырым, сайын далама!

146451
"Қырандар мен қазақтар"

Қырандар мен қазақтар


«Сонау Парсы шығанағында жатқан Біріккен Араб əмірлігінің тұңғыш патшасы шейх Зайед бен-Сұлтан əл Нахайян осыдан бір-екі жыл бұрын қыран текті бекзат құстар жер бетінен мүлдем жойылып кету қаупі туғандықтан “Қызыл кітапқа енгендігін естіп, оларды босатып, бостандыққа жіберу туралы арнайы жарлық шығарады ... ...Босатпас бұрын қырандардың əрқайсысының аяғына электронды-хабаршы сақина кигізіңдер деп əмір етеді. ...Қырандардың бұдан əрі тірлігін арнайы зертханаларда бақылап отырған ғалым-оринтологтар біраз уақыт өткеннен кейін таңданғаннан “аң” үрады. Əлгі сақиналы 200 қыран түгелімен алтын ұясы, қыран даласы – Қазақстаннан, Семейден бір-ақ шығады...»
Мереке Құлкенов

Салтанатыма салтанат қосатындар көп,
Сұңқарларсыз да қызыққа батасыңдар деп.
Алланың адал құлы шейх пəрмен таратты,
Қазақтың тұтқын құстарын босатыңдар деп.

Байлығы тасқан арабтың бекзадалары
Болғысы келмеді Аллаға əлде жазалы.
Балапан кезде əкеткен екі жүз қыранға
Бостандық берді арабтың ханзадалары.

Рахмет ізгі ниетті араб ұландарына,
Қыраннын қыран көзінен сыр аңдады ма?
Арабтың сұлу қыздары қолын бұлғады
Туған жеріме бет алған қырандарыма.

Асыққан жандай қырандар ата-анасына,
Қонбады қайтіп жем жеген босағасына...
Бет алды олар балапан кезінде қалған
Көкорай шалғын қазақтың сахарасына.

Босатшы бізді тұтқыннан, майда уайымдар,
Бүр жара берсін қырларда, сайда қайыңдар.
Келіп жетті олар туған жер топырағына,
Сатылып кеткен долларға, айналайындар…

Көз жасы тамып гүлдердің жапырағына
Қырандар жетті Алтайдың атырабына,
Қырандар қонды ядролық жарылыстардан
Жаралы болған Семейдің топырағына.

Туған жеріне қыранның асықты бəрі,
Қашықта қалған жат елдің жасытты ма əні?
Екі жүз қыран сағынған сайын даласын
Сағынған көкірегіне басып құлады…

Киесі бар деп жерімнің ұғынған жаным,
Сағынады екен құстар да ұғыңдар бəрің.
Қырандар махаббатына иіңдер басты,
Қырандар махаббаты үшін тұрыңдар бəрің.

Қырандар сенген екен-ау жол боларына,
Екі жүз қыран оралды ордаларына.
Қазақтың тілін сүймейтін замандастарым
Құстары құрлы қазақтың болмағаны ма?

Қаламыңменен құстардың тізбегін деме,
Тізбегін деме, үмітті үзбегін, кеме!
Қазақтар менен қазақтың қырандарынан,
Мереке аға, ұқсастық іздедің неге?!

Бұлқыныстарым, жырларым мойындала ма?
Жанарға, ұлы мезгілім, уайым қамама.
Қазақтар менен қыранға махаббат берген
Басыңды игін, Ғасырым, сайын далама!


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар