Израиль армиясы Шифа ауруханасын бомбалай бастады

Шифа ауруханасында 1500 адамнан тұратын медициналық топ және шамамен 7 мың босқын бар екені білдірілді.

2064514
Израиль армиясы Шифа ауруханасын бомбалай бастады

Израиль армиясы Газа секторындағы Шифа медициналық орталығының бір бөлігіне қарсы әскери операция бастағанын жариялады.

Израиль армиясының баспасөз хатшысы Авичай Адрае «X» платформасындағы жазбасында Шифа медициналық орталығының белгілі бір бөліміне әскери операция жүргізіп жатқанын айтты. Адрае операцияның азаматтарды, медициналық топтарды және аурухана ішіндегі науқастарды нысанаға алмағанын мәлімдеді.

Операциядан бұрын мәселенің аурухана дирекциясына жеткізілгенін айтқан Адрае операциядан бұрын науқастар мен босқындарды ауруханадан шығару үшін талпыныс жасалғанына назар аударды. Басқа жағынан Газадағы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдемесінде операцияның басталғаны туралы ақпараттың Шифа ауруханасына берілгенін растады.

«Әл-Жазира» телеарнасында тікелей эфирде телефон арқылы хабарласқан Шифа ауруханасының директоры Мунир әл-Берш аурухананы бомбалаудың жалғасып жатқанын айтты.

Денсаулық сақтау министрлігінің «Facebook» парақшасында жазған министрлік өкілі Эшреф әл-Кудра былай деді: «Израиль басқыншылары Шифа медициналық орталығын жан-жақтан қоршап, екі сағаттан бері ауыр бомбалап жатыр»

Кудра Шифа ауруханасында 1500 адамнан тұратын медициналық топ және шамамен 7 мың босқын бар екеніне назар аударды.

Палестина денсаулық сақтау министрі Мей Кейл Газа секторындағы Шифа ауруханасындағы медициналық қызметкерлер, науқастар мен қоныс аударған бейбіт тұрғындардың өміріне Израиль күштерінің жауапты екенін мәлімдеді.

Палестиналық «WAFA» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Кейл «Израиль басқыншы күштері Газадағы Шифа медициналық кешенін қоршап, бомбалау арқылы адамзатқа, медицина қызметкерлеріне және науқастарға қарсы жаңа қылмыс жасады» деді.

Газа медиа кеңсесінің бас директоры Исмаил әл-Севабите Израиль басқыншы күштерінің Шифа ауруханасына жасаған шабуылының соғыс қылмысы екенін айтты.



Ұқсас жаңалықтар