Хамастың шабуылдарында 100 израильдік қаза тапты

Израиль армиясы радиосы жаралы санының мыңнан асқаны атап көрсетті.

2047708
Хамастың шабуылдарында 100 израильдік қаза тапты

Хамастың басқыншылық астындағы Газа секторынан Израильге жасаған шабуылдарында қаза тапқандар саны 100-ге жетті.

Израиль армиясы радиосы Хамастың қарулы қанаты бастаған шабуылдарда осы уақытқа дейін 100 израильдіктің қаза тапқанын хабарлады. Ел бойынша жараланғандар санының мыңнан асқаны атап көрсетті.

Израиль бойынша мектептерде оқудың тоқтатылатыны хабарланды.

Израиль Қорғаныс күштері (IDF) Хамастың «Әл-Ақса топаны операциясына» қарсы «Темір қылыштар операциясы» басталғанын жариялады.

Израиль армиясының баспасөз хатшысы Даниел Хагари Израиль аумағына 2 мың 200-ден астам зымыран атылғанын және Хамастың әуе, теңіз және құрлық арқылы енуге әрекет жасағанын айтты.

Израильдің қоғамдық хабар тарату корпорациясының (KAN) хабарына қарағанда, Қорғаныс министрі Йоав Галлант запастағы сарбаздарды қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды.

Галлант Газа секторының айналасындағы 80 шақырым радиуста орналасқан аумақты әскери аймақ деп жариялады.

Галлант «Хамас бүгін таңертең үлкен қателік жасап, Израильге қарсы соғыс бастады. Израиль қорғаныс күштері барлық инфильтрация нүктелерінде жаумен соғысуда. Израиль бұл соғыста жеңіске жетеді» деді.

Израиль армиясының баспасөз хатшысы Газа секторына жасалған әуе соққыларының суреттерін X әлеуметтік желідегі аккаунтынан жариялады. Армия баспасөз хатшысы Газада Хамасқа тиесілі 17 әскери кешен мен 4 операция орталығын нысанаға алғанын мәлімдеді.

Командирлердің бірінің Хамас тарапынан тұтқынға алынғаны туралы мәлімдемелерден кейін Израиль армиясының баспасөз хатшысы «көптеген хабарлама түскенін, бірақ оны растай алмайтындарын» мәлімдеді.

Израиль Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир болса құқық қорғау күштеріне қосымша өкілеттіктер берген «азаматтық төтенше жағдай» жарияланғанын хабарлады.

Бен-Гвир «азаматтық төтенше жағдайға» қоса ерікті полицияның санын көбейтуді бұйырды.

Израиль полициясының өкілі Газа маңындағы Израиль елді мекендеріндегі азаматтардан көшеге шықпауын және үйлерінде қалуын сұрады.

Полиция басшысы Коби Шабтай палестиналық қарулы топтар кірген жерлерде «аймақ-аймақ ілгерілеп, кейбірлерін залалсыздандырғанын» айтты.

Израильдің басып алған Батыс Шериядан Шығыс Иерусалимге кіру-шығу жолдарын жапқаны хабарланды.

Палестинаның WAFA ресми агенттігінің хабарына қарағанда, Израиль де Батыс Шерияның кейбір жерлеріне өтетін жолдарды жауып тастады.

Израильдің Батыс Шериядан Иорданияға ашылатын Кераме шекара қақпасы арқылы өткелдерді жапқаны жарияланды.

Газа шекарасына жақын кейбір аймақтарда тұратын израильдіктер палестиналық қарулы топтардың үйлерінің айналасында көшелерді айналып жүргенін айтты.

Haaretz газеті Израиль полициясына сілтеген хабарына қарағанда, шамамен 60 қарулы палестиналық Израильдің 14 бөлек аймағына кірген.

Армия радиосы елдің оңтүстігіндегі Шаар ХаНегев қаласының мэрі Офир Либштейннің палестиналықтармен қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқанын хабарлады.

Израиль президенті Исаак Херцог Х әлеуметтік желідегі парақшасында жасаған мәлімдемесінде «Израиль қиын кезеңді бастан өткеруде» деді. Ол израильдіктерді армия күштерінің нұсқауларын тыңдап, өзара сенім мен сабырлылық танытуға шақырды.

Израиль Сыртқы істер министрлігі болса өзінің X әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, «Хамастың инфильтрациялық операциясының шабуылына ұшырағанын және өздерін қорғау үшін барлығын жасайтындарын» білдірді.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху халыққа арнаған бейне үндеуінде өз азаматтарына ескерту жасап, «Біз соғысып жатырмыз. Бұл операция немесе өзара шабуыл емес, бұл соғыс» деді.

Нетаньяху қауіпсіздік бөлімшелерімен өткізген кездесудің артынан басқыншылық астындағы Газа секторының айналасында палестиналық қарулы топтардың еніп кеткен израильдік елді мекендерді «тазалауға» бұйрық бергенін мәлімдеді.

Израиль премьер-министрі запастағы сарбаздарды шақырып, «жауға қарсы бұрын-соңды болмаған күшпен соғысу» туралы тапсырма бергенін атап өтті.



Ұқсас жаңалықтар