Украинаға көмек беруге шақырды

БҰҰ-нда баспасөз мәслихаты өтті.

1946911
Украинаға көмек беруге шақырды

Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Украинада бір жылға жуық уақыт бойы жалғасып жатқан соғыстан зардап шеккен миллиондаған адамға биыл 5,6 миллиард доллар көмек көрсетуге шақырды.

БҰҰ-ның Женева кеңсесінде Гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасы (OCHA) мен Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссариаты тарапынан (UNHCR) Украинада «Украинаның босқындар және гуманитарлық әрекет аймақтық жоспарын» іске қосу үшін баспасөз мәслихатын өткізді.

Жиынға БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер және төтенше көмек үйлестірушісінің орынбасары Мартин Гриффитс пен БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Филиппо Гранди спикер ретінде қатысты.

Гриффитс қатысушыларға алғысын білдіріп, биылғы жылы Украинадағы гуманитарлық әрекет ету жоспары аясында 3,9 миллиард доллар қолдау сұрайтындарын айтты. «Бұл жоба 11 миллионнан астам адамға бағытталған» деген Гриффитс Украинада шамамен 18 миллион адамның көмекке мұқтаж екенін айтты.

Украинадағы соғыс салдарынан 7 мың 155 бейбіт тұрғынның қаза тапқанын атап көрсеткен Гриффитс Украинадағы гуманитарлық жағдайдың тез нашарлағанын айтты.

Гриффитс үкіметтерді, үкіметтік емес ұйымдарды және басқа да қайырымды азаматтарды осы науқанды қолдауға шақыра отырып, бұл қаражаттың Украинадағы мұқтаж жандарға жеткізілетінін мәлімдеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары Гранди Украинаға арналған «босқындар жоспары» аясында биыл 1,7 миллиард долларлық көмек жобасын бастағандарын мәлімдеді. Украинадағы соғыс салдарынан 6 миллионға жуық адамның ел ішінде қоныс аударғанын атап көрсеткен Гранди бұл жағдайдың әлемдегі ең үлкен босқын дағдарысының бірі болып қала беретінін білдірді.



Ұқсас жаңалықтар