Еуроодақ Украина мен Молдоваға «үміткер ел» мәртебесін берді

Еуроодақ Украина мен Молдоваға «үміткер ел» мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.

1847613
Еуроодақ Украина мен Молдоваға «үміткер ел» мәртебесін берді

Еуроодаққа (ЕО) мүше елдердің басшылары Украина мен Молдоваға «үміткер ел» мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.

Бұл шешім Бельгияның бас қаласы Брюссельде өткен Еуроодақ басшыларының саммиті жалғасып жатқанда жарияланды.

Еуроодақ кеңес төрағасы Шарль Мишель әлеуметтік желідегі украин және румын тілдерінде жасаған мәлімдемесінде бұл шешімді «тарихи» деп бағалады.

«Бүгінгі шешім ЕО процесінде маңызды бір қадам болып табылады» деген Мишель Украина мен Молдова халықтарын құттықтады.

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Украина президенті Владимир Зеленский және Молдова президенті Майя Сандуды құттықтай отырып «Сіздің елдеріңіз Еуропа отбасының бір бөлігі. Көшбасшылардың бүгінгі тарихи шешімдері соның көрсеткіші» деді.

Украина ЕО-қа мүшелік өтінішін Ресейдің шабуылы басталғаннан 4 күн өткен соң яғни 28 ақпан күні, ал  Молдова мен Грузия 3 наурыз күні тапсырған болатын.

Еурокомиссия 17 маусым күні Украина мен Молдоваға үміткер мәртебесін беру туралы пікірін білдірді. Комиссия Грузия үшін де Еуроодақ перспективасын ұсыну және ережелерді орындау шартымен оның жағдайын кейінірек қайтадан бағалауды ұсынды.

Украина президенті Зеленский «үміткер ел» мәртебесін «жеңіс» деп бағалады.

Елінің болашағының Еуроодақта екенін айтқан Зеленский «Бұл Украина мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынастардағы ерекше және тарихи сәт» деді.

Үміткер мәртебесі бір елдің ұзақ мерзімді ЕО-қа кіру үдерісіндегі алғашқы қадам болып табылады. Елге үміткерлік мәртебесі берілгеннен кейін шарттар орындалған жағдайда мүшелік туралы келіссөздер келесі сатыларда басталады. ЕО-қа мүшелік келіссөздерінің басталуы бірнеше жылдарға созылуы мүмкін.



Ұқсас жаңалықтар