Еуроодақ соғыс қылмысы дәлелдері үшін іске кірісті

Еуроодақ Қылмыстық әділет саласындағы ынтымақтастық агенттігінің (Eurojust) мандатын күшейту туралы ұсыныс жасады.

1817847
Еуроодақ соғыс қылмысы дәлелдері үшін іске кірісті

Еуроодақ (ЕО) Ресейдің Украинада әскери қылмыстар жасағаны туралы дәлелдемелерді жинау үшін ЕО Қылмыстық әділет саласындағы ынтымақтастық агенттігінің (Eurojust) мандатын күшейту туралы ұсыныс жасады.

Еурокомиссия жасаған мәлімдемеге қарағанда, Eurojust мандатын арттыру арқылы Украинадағы соғыс қылмыстары туралы дәлелдерді жинау, сақтау және ортақ пайдалану бойынша заңды түрде бір база дайындайтын болады.

Еурокомиссия қазіргі уақытта Украинада қақтығыс жалғасып жатқандықтан, әскери қылмыстарға қатысты дәлелдемелерді қауіпсіз сақтаудың маңыздылығына назар аударды. Еуроодақтың мәлімдемесінде Eurojust деп аталатын мекеменің Украинадағы соғыс қылмыстарымен наурыз айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Еуроодақтың тергеу тобына қолдау көрсеткені атап өтілді.

Еурокомиссия ұсынысының жүзеге асуы үшін Еуропа Кеңесі мен Еуропарламент келіссөздер жүргізіп, қабылдауы керек.

Еуроодақ әкімшілігі Ресейдің Украинада соғыс қылмысы жасағанын және бұл қылмыстар үшін жауапкерлердің жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

Украинаның бас қаласы Киев маңындағы Буча қаласын орыс әскерлерінен 1 сәуір күні азат еткен украин армиясы ғимараттары қирап, көшелері мүрдеге толы бір қалаға тап болды. Киев маңында азат етілген елді мекендерден 410 бейбіт тұрғынның мәйіті табылды.

Ресей әскерлері 24 ақпан күні Украинаға шабуылдарын бастаған болатын.



Ұқсас жаңалықтар