Қазақтың қонақжайлығы – Түркі толеранттылығының көрінісі

«Қазақ елі – Түркі өркениетінің бесігі» бағдарламасының 7-бөлімі

254657
Қазақтың қонақжайлығы – Түркі толеранттылығының көрінісі

Түркі өркениеті өзінің қонақжайлылығымен әйгілі. Түркілердің бұл қасиеті Қытай мен Еуропаны, Үндістан мен Иранды байланыстырып тұрған халық болуымен қатысты болуы мүмкін. Шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке жылжыған керуендер ұлан-ғайыр Түркі даласынан өтуі керек еді. Сол кезеңнің халықаралық саудасының дамуы үшін Түркі еліндегі тыныштық өте маңызды болатын. Енді бір жағынан, Түркі өркениетінің өрлеу дәуірі сауда жолдары қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуімен тұспатұс келеді. Демек Түркілердің географиялық орналасуы олардың қонақжайлылығын дамытса, енді басқа қырынан қарағанда Түркілердің қонақжайлылығы өркениеттер арасындағы барыс-келіске оң әсер еткенін байқаймыз. Бұл дегеніміз әу бастан Түркі өркениеті басқа өркениеттерден оқшауланған өркениет емес еді. Керісінше, Түркілер үнемі көрші жатқан мәдениеттермен араласып тұрды.
Енді бұл қонақжайлылықты Түркілердің өмір салты яғни көшпенділік тұрғысынан қарасақ, олардың табиғатты тануға деген қызығушылығы уақыт өте келе басқа адамдарды тануға, олардың мәдениеттерін білуге деген құштарлықты тудырған. Осыған байланысты Түркілер алыс елдерден келе жатқан бейтаныс жолаушыларды қонақ қылуға бір-бірімен жарысатын, онымен сұхбат құруға құмартып тұратын. Бұны бүгінгі Қазақтар «жөн сұрасу» деп атайды. Бәлкім Түркілер жолаушыны ақпарат көзі деп те қараған болуы ықтимал.

қазақ дастарханы
Енді үшінші бір жағынан Түркілер келген қонақты «құдайы қонақ» яғни құдайдың жіберген қонағы деп санайтын. Содан «қырықтың бірі қыдыр, жүздің бірі уәлі» деген сөз шыққан. Қонақ келсе, құт келеді деп саналған. Түркілердің түсінігі бойынша келген қонақты жақсылап қарсы алып, риза қылып шығарып салу керек. Сондықтан қонаққа соңғы малын сойып беруден де тайынбаған. Тіпті жауласып жүрген елдің адамы да қонақ болып келсе, оған тиісуге болмайтын болған. Қонақты шығарып салатын кезде үй иесі, «Бір бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрап қалауын орындауға тырысқан. Ал ауқатты қазақтар қонағына ат мінгізіп, шапан жауып шығарып салған.
Төртіншіден, көне Түркілерде және қазіргі қазақтарда дастархан киелі болып саналады. Дастарханнан аттамақ түгілі, шетін де баспайды. Дастархан басында ешқандай жаман сөз айтылмайды. Егер тамақ жеп отырғанда әбес сөз айтылса, «дастархан басында отырмыз» деп ескертетін болған. Осыдан келіп, дәмдес, дастархандас, табақтас болу үлкен құрмет болып саналатын. Егер қонақтың ас ішуге уақыты болмаса, ең азында міндетті түрде дәм ауыз тигізеді. Бұл жөнінде «Қазақ халқының тұрмысы мен мәдениеті» атты кітаптың авторы Сейіт Кенжеахметұлы былай дейді: «Ұлт ұғымында дәмде кие, қадір-қасиет, ырыс, береке-бірлік бар деген терең түсінік тым ертеден-ақ қалыптасқан. Дәм таттырудың қоғамдық істерде маңызы өте зор. Ең алдымен, әдейі шақырып дастарханнан дәм таттыру – ата салт, қазақы әдеп, жол-жоралғы. Екіншіден, ол – сыйлаудың, құрметтеудің, көңіл білдірудің айғағы. Үшіншіден, қай жерде болмасын, сыйлау, қамқор, тілектес бола жүрудің кілті. Ел дәстүрі бойынша дәмдес болған адамдар бір-біріне қиянат жасамайды, жоғалғанын іздеседі, табысына қуанып, қайғысына ортақтасады.» Осыған байланысты Қазақтарда қонақ күту, дәм ауыз тигізу үлкен абырой болып саналады. Сондықтан үлкен кісілер бата бергенде, «Қонағың көп болсын!» деп ізгі тілек білдіреді.

Қазақ дастарханы
Қазақтар өздерінің қонақжайлылықтарын былай түсіндіреді. Ертеде аталарымыз балаларына еншісін бергенде, балаларының санынан бір артық енші бөліп берген екен. Мысалға, төрт баласына төрт кісілік енші емес, бес кісілік енші бөліп беріпті. Балалары өз еншілерін алып болған соң, бесінші еншіден де өз үлестерін алыпты. Сонан соң әкесі бесінші еншінің бүкіл қазақтың еншісі екендігін айтыпты. Осыдан барып, «әр қазақтың үйінде алынбаған енші бар» деген сөз тарапты. Бұл дегені кезкелген қазақтың үйінде қонаққа арналған сыбағасы бар дегені. Сондықтан қазақтар қандай қонақ болса да, құрметтеп асын беріп, қондырып риза қылып шығарып салады. Қазақтарда қонаққа қызмет етудің қанына сіңіп кеткендігі соншалық, «Қазақтың қоғамдық құрылымы» шығармасының авторы Алфред Хюдсон бұны былай сипаттайды: «Қазақтардың дәстүрінде кезкелген жолаушы қалаған үйінде белгісіз мерзімге қонақ болып қала алады. Үйдің иесі қонақтың жаны мен малының амандығына жауап береді»
Осы айтылғандардан шығаратын қорытындымыз, Түркілер өздерін жолаушының жағдайын жасауға міндетті деп біледі. Бұл түсінік өз кезегінде жалпы жақсылық жасауға деген міндетке ұласады. Басқаша айтқанда, Түркілер және әсіресе Қазақтар жақсылықты мойнының борышы деп біледі. Содан болар, Түркі тілдерінде алғыс айту сөздері онша дамымаған. Мысалға қазіргі Түркі тілдеріндегі «рахмет» немесе «тешеккүр» деген сөздер өзге тілдерден енген сөздер. Өйткені Түркілер жақсылықты алғыс алу үшін емес, адамдық міндеті болғандықтан жасайтын.
Қорыта айтқанда, Түркілердің қонақжайлылығы олардың салт-саналарында адамға деген құрметті қалыптастырған. Келген қонақ қандай діннің, қандай мәдениеттің адамы болса да, Түркілер ешкімді шеттетпейтін еді. Керісінше олар келген қонақ ыңғайсызданып қалмасын деп, оның дініне, мәдениетіне түсіністікпен, құрметпен қарайтын. Оны түсінуге тырысатын, тіпті оның тілін үйренуге тырысатын. Содан болар, Түркілер қанша жерді билесе де, оларды күшпен түріктендіру, оларға Түрік тілін жаю деген ассимиляциялық ұстанымы болмаған. Керісінше, Түркілер құрған империялар өздерінің толеранттылығымен қазақша айтқанда кең пейілділігімен танымал болған. Көктүріктер империясынан Хазар империясына дейін, Шыңғысхан империясынан Османлыларға дейін барлық Түркі мемлекеттерінде түрлі діннің, түрлі ұлттың өкілдері бір арада тату-тәтті өмір сүретін болған. Осы тұрғыдан алғанда да бүгінгі Қазақ елі Түркі өркениеті қонақжайлылығы мен кеңпейілділігінің жалғасы болып саналады.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар