Қазақ елі – Түркі әлемінің қара шаңырағы

Қазақ елінің өркендеп өрлеуі, қарыштап дамуы бүкіл түркіге рух берген домбыраның үніндей Түркі әлемінің өрлеуі, Түркі мәдениетінің жандануын білдіретіндігі анық.

186728
Қазақ елі – Түркі әлемінің қара шаңырағы

Түркілердің ата қонысы, шыққан жері, төркіні қай жер екендігі – ғалымдардың арасында осы уақытқа дейін талқыланып келген мәселе. Жалпы қабылданған түсінік түркілердің Алтай тауынан шыққандығы болса да, басқаша пікірлерді айтатын ғалымдар да аз емес. Кейбір ғалымдар түркілердің негізгі қонысы Еділ мен Жайықтың арасы десе, кейбіреулер, Тәңір тау мен Арал теңізінің арасы деп айтады. Енді кейбіреулері Орал тауын көрсетсе, түркілердің ата қонысы, қара шаңырағы қазіргі Моңғолия аумағы деген пікір де кеңінен тараған. Бұл мәселеге тың көзқарас ұсынған татар ғалым Зәкиев түркілер бір жерден шығып, бүкіл Еуразия аумағына тарады деген пікір Еуроцентристтік иедологияны қолдау үшін ортаға тасталған түсінік дейді. Еуроцентристтердің мақсаты – түркілердің Орталық Азия, Кавказ аймағы және Шығыс Еуропаға кейіннен келген келімсектер екендігін дәлелдеу және шын мәнінде бұл жерлердің Үнді-еуропалық тайпалардың ата қонысы екендігін дәйектеу. Бұл арқылы еуропалықтардың осы аталған жерлерді билеуге хұқығы бар екендігіне дәйек қалыптастыру. Зәкиевтің пікірінше, түркілер атам заманнан бері қазіргі тұрған жерлерін мекендеген. Тек Селчуклылар мен Османлылар секілді билеуші тайпаның басқа бір жерден келген болуы мүмкін. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, бүгін түркілердің өзі билеуші әулеттің шығу тарихы мен белгілі түркі тайпасының шығу тарихын шатастырып алған болып отыр.


Қалай болғанда да Түркі әлемінің шет жақтарында отырған түркі тайпаларының құрамы басқа мәдениеттермен шекарасы болмаған орталықтан келген түркі тайпаларымен жаңарып отырғаны анық. Өйткені өзге мәдениеттермен аралас-құралас отырған түркі тайпаларының ол мәдениеттердің ықпалында қалмауы әрине мүмкін емес. Тіпті түркі мәдениетінің ең үздік үлгілері осы жат мәдениеттермен араласу аймақтарында пайда болған десек қателеспейміз. Алайда түркі мәдениетінің тұнық халін өздерінің дәстүрлі өмір салтына байланысты көшпенділердің сақтап қалғандығы да даусыз. Бәлкім осы орталықтағы түркілердің нағыз түркілік дүниетанымды айшықтайтын болғандықтарына байланысты, шеттегі түркілер осы туысқандарының жерін атақоныс, қара шаңырақ деп те атаған болуы мүмкін. Тіл тұрғысынан айтар болсақ, Махмут Қашқаридің де жазып кеткеніндей, ең таза ең тұнық түрік тілін қалаға келмеген, басқа тілдерді білмейтін түркі тайпалары сөйлейді. Демек, бұл – негізгі түркі тілін, мәдениетін, дүниетанымын, тіпті мемлекеттілігін сақтап қалған ата қоныс, қара шаңырақтың бар болғандығын көрсетеді.

Алтын адам
Түркілердің қара шаңырағы мәселесіне бүгінгі қазақ санасынан жауап іздейтін болсақ, өте қызықты жайттарға куә боламыз. Қазақтарда көнеден келе жатқан «Түркімен – төр ағам, Өзбек – өз ағам» деген мақал бар. Осы қанатты сөзді Мәшхүр Жүсіп Көпей шежіреге сүйене отырып талдағанда, бұл мақалға сай түркімендер, тек қана қазіргі Түркіменістанның түркімендері ғана емес, бұрынғы Османлы елінде тұрған барша түркі ру-тайпалары, қазақтардан бес ата үлкен; ал өзбектер қазақтардан үш ата үлкен деп жазады. Сонда қазақтар түркі ағайындардың ең кенжесі ретінде қара шаңыраққа ие боп қалған болады. Қазақ санасындағы бұл түсінік Мағжан Жұмабайдың өлеңінде де өз көрінісін тапқан.


Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,
Түріктен басқа от болып жан туып па?
Көп түрік енші алысып тарасқанда,
Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?


Түркі мемлекеттілігі тарихы тұрғысынан қарасақ, негізінен Түрік мемеклеттілігін Көктүрік қағанатымен бастаған жөн. Өйткені Көктүрік қағанатынан бастап, барлық билеушілер қағанаттың басында тұрған Көктүрік әулетінен сайланған. Жалпы, біздің түрік аталуымыз да осы әулеттің атымен байланысты. Хазар билеушілері де, Қарахандар билеушілері де осы Көктүрік руынан еді. Ал енді кейінгі заманда осы алып қағанатты қалпына келтірген Шыңғыс хан болды. Шыңғыстан кейін барлық хандар Шыңғыс ұрпағынан шығатын болды. Олар төре деп аталды. Төре сөзі мен түрік сөзінің арасында байланыс бар екендігі өздігінен көрініп тұр. Өйткені төрелер сол көне түрік мемлекеттілік дәстүрін жаңғыртқан болып тұр. Шыңғыс ханнан кейін түркі мемлекеттілігін жалғастырушы Жошының ұрпақтары яғни Алтын Орда болды. Өйткені Шағатай мен Үгедей ұрпақтары парсы мемлекеттілік дәстүрінің ықпалында қалды, ал Төленің ұрпақтары Құбылайдан кейін Юань атымен қытай мемлекеттілігінің жалғасы болып кетті. Ал Алтын Орда ыдырай бастағанда және Ресей Алтын Орда мұрагерлері Қазан, Астрахан, Көшім, Ноғай және Қырым хандықтарын жаулай бастағанда, бұл басқыншылыққа 1847 жылы соңғы ханы Кенесары өлгенге дейін төтеп берген Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері еді.


Түркі мәдениеті тұрғысынан қазақтар солтүстікте Еділ мен Жайық, оңтүстікте Сырдария мен Амудария жағалауларындағы қалалардан ұзақ өмір сүргендіктен, далалықтар ретінде түркі мәдениетінің ең саф үлгісін сақтай білді. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы, тілі мен әдебиеті, музыкасы, дүние танымы, шежіре дәстүрі нағыз көне түркі мәдениетінің жалғасы болып табылады. Бұлай болуындағы негізгі себептің бірі – ХХ ғасырға дейін қазақтардың Еуразияның ең соңғы көшпенділері ретінде өмір салтын жалғастыруы болса керек. Бір қызығы, американдық ғалым Брюс Привратски бүгінгі Қазақстанның оңтүстігіндегі Ахмет Яссауи жатқан Яссы қаласының Түркістан аталуын ол жерде түркі мәдениетінің өкілі қазақтардың басым болуымен байланыстырады. Осы орайда қазақтардың Шоқан жазып кеткендей Исламнан бұрынғы сенім-нанымдарын Исламмен ұштарстыра білген Түркі Исламының өкілдері екендігін айта кеткен жөн.


Қорыта айтқанда, Қазақ елі – Түркі әлемінің қара шаңырағы, яғни қасиетті шаңырағы. Тәуелсіз Қазақстан өзінің осы сипатын, түркілік болмысын Түркі әлемінің ұйысуы жолындағы ізгі бастамаларымен көрсетіп келеді. Қазақ елінің өркендеп өрлеуі, қарыштап дамуы бүкіл түркіге рух берген домбыраның үніндей Түркі әлемінің өрлеуі, Түркі мәдениетінің жандануын білдіретіндігі анық.


Этикеттер:

Ұқсас жаңалықтар