Түрік мемлекеттерінде ортағасыр

Өмірін түрік әлеміне арнағандар - 5

2122182
Түрік мемлекеттерінде ортағасыр

Түрік мемлекеттерінде ортағасыр

«Өмірін түрік әлеміне арнағандар» атты бағдарламаның бүгінгі бөлімінде Ортағасыр түрік мемлекеттерінде тіл мен әдебиет, маңызды тұлғалар мен туындылары туралы айтып береміз.

**

Бүгінге дейін жүргізілген зерттеулер нәтижесінде түрік тілі байырғы, орта, жаңа деп үш кезеңге бөлінеді.  Ортағасыр деген кезең басқаша айтқанда Қарахан түрік тілі кезеңі 10-15-ғасырларды қамтитын тарихи дәуір. Тарихи тұрғыдан қарағанда,  Ортағасыр дәуірінің ең маңызды бетбұрысы – түріктердің мұсылмандықты мемлекеттік дін ретінде қабылдауы. 10-ғасырда мұсылман дінінің келуінен 300-350 жыл өтіп, Ислам діні Сирия, Мысыр, Солтүстік Африка, Испания, Месопатомия, Иран және ішінара Әзербайжан мен Батыс Түркістанда тараған еді.  300 жыл ішінде негізінде Ислам діні қағидаттары бар жаңа өркениет туған еді. Осы өркениетті қабылдаған алғашқы мұсылман түрік мемлекеті Еділ Бұлғар мемлекеті болатын.  Алайда Еділ бұлғарларының мұсылмандығы басқа түріктерге көп әсер етпеді.  Сол кездің түрік әлемінің орталық мемлекеті Қарахан мемлекеті болатын.  Тарихи деректерде  10-ғасырдың ортасына қарай Қарахан мемлекетінің билеушісі Сатук Буғра Хан мұсылман болды. Бұл түрік әлемі үшін үлкен төңкеріс болатын. Сатук Буғра Хан халқының көбі осы дінді қабылдады. 10-ғасырдың ортасында Сырдария бойында өмір сүретін оғыздардың арасынан да жүз мыңдаған адам мұсылман болған еді.  Халық саны көп түрік тайпаларының бірі оғыздардың көбі, Қарахандағы карлук, яғма, чигил, токси тайпалары, солтүстік-батыста Еділ бұлғарлары мұсылмандықты қабылдады.  Егістік жерлердегі ұйғырлар, Ертіс бойындағы кимектер, Енисей бойындағы қырғыздар әлі мұсылман болмаған еді.  Ұйғырлар буддист және манихеист болатын, қалғандары да байырғы түрік дінін жалғастырып келген еді.

Дінмен бірге үлкен өркениетті қабылдаған түрік әлемінің жазба тілі де көбіне араб және парсы тілінде болды.  Ғылыми туындыларда арабша,  әдеби туындыларда парсы тілі басым қолданылды.  Мемлекеттік істерде араб және парсы тілдері қатар қолданылды.  Тіпті сол кездің ұлы ақын мен ғалымдарының шығармаларының көбі араб және парсы тілдерінде жазылған.  Сонымен бірге бүгінгі күнге жеткен Қарахан дәуірінен қалған түрік тілінде жазылған өте маңызды туындылар да болған. Бұлар – Ислам түрік әдебиетінің белгілі алғашқы туындысы Жүсіп Баласағұнның  «Құтты білімі», түрік тілінің тұңғыш сөздігі Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» шығармасы, тұңғыш Құран аудармалары, насихат және адамгершілік кітабы Әдиб Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» туындысы, Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкірттері жазған хикметтер. Туындылардан да түсінікті болғандай араб және парсы тілдерінің әсері өте үлкен болған. Махмуд Қашқари сөздігін арабтарға түрік тілін үйрету үшін жазғаны белгілі. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білімі» - 11-ғасырда түрік тілінің ғылым тілі ретінде қолданылғанын көрсететін ең үлкен айғақ. Әдиб Ахмедтің «Ақиқат сыйы» да мақсатына сай насихат стилінде жазылған. Ахмет Ясауидің ең маңызды жағы – Ясауи тариқаты, берген білімі мен жазған өлеңдері арқылы мұсылмандықты қарапайым тілмен көшпенді халыққа түсіндіруі. Түріктердің мұсылмандықты ауыр тілден аулақ,  қарапайым түрде түсінуі және орындауында Ахмет Ясауидің және оның шәкірттерінің өте зор ролі болған. 11-ғасырда Жаркентте ұйғыр және араб әріптерімен жазылған сот мәтіндері әдебиет емес, тіл және құқық тарихы тақырыбына кіреді.  Сол ғасырдың Құран аудармаларына келетін болсақ, бірі Стамбул Түрік Ислам туындылары мұражайында,  бірі Лондонда,  үшіншісі Сант-Петербургтағы Құран аудармалары да түрік тілі мен дін тарихының тақырыптары арасында.  Тіл зерттеулерінде морфология,  лексикология және семантикалық тұрғыдан бай материал қалыптастырады.

11-12-ғасырларда жазылған осы туындылардың барлығы назарға алынғанда, Ислам дінін таңдаған түріктердің алғашқы түрікше дін, құқық, саясат білімі,  социология, сөздік,  грамматика және әдеби туындыларының Қарахан дәуірінде жазылғаны көрінеді.  Ортағасырда түрік тіліндегі туындыларымен түрік тіліне қызмет еткен жоғарыда аты аталған және есімдері белгісіз ғалымдардың арқасында түрік тілі бүгінгі күш-қуатына жеткен.

 

 

KAYNAKLAR:
1. Ercilasun, Ahmet. B. (2007). Makaleler. Dil-Destan-Tarih-Edebiyat. (Yay. Hazırlayan Ekrem Arıkoğlu), Ankara.
2. Sümer, F. (1958). X. Yüzyılda Oğuzlar. Ankara Üniversitesi Dil-Tarih ve Coğrafya Fakültesi Dergisi, 16 (3-4), 131-163.s
3. Koç, D. (2010). Rus Kaynaklarına Göre İlk Müslüman Türk Devleti: İtil Bulgar Devleti. (Doktora Tezi). İstanbul.

 



Ұқсас жаңалықтар