Бартын - Қаратеңіздегі туризм орталықтарының бірі

Капитанның борт журналы - 23

2040971
Бартын - Қаратеңіздегі туризм орталықтарының бірі

Бартын

Түркияның бір-бірінен қызықты, кейде көп танымал, кейде есімі еш естілмеген жағалауын таныстыру үшін шығамыз теңіз сапарына. Осы апта Қаратеңіздің таңдаулы туризм орталықтарының бірі Бартынға барамыз.  Қайығымыз «Жиһангез» желкенін ашып, жолға шығуға дайын.  Теңдесі жоқ жерлер көруге болатын осы саяхатта сіздер де бізбен болғыңыз келе ме?

**

Бартын – Қаратеңіздің батыс аймағында орталасқан шағын бір қала. Шағын болғанына қарамастан, қыдырып көретін мекендері көп. Олардың барлығын бір бағдарламаның уақытында айтып баяндап беруге үлгермейміз. Табиғаты, жағажайы және тарихи ғимараттарымен Бартын бізді күтіп тұр.

Бартын ежелгі дәуірде Партениос өзенінің жағасында, теңізден біраз ішке қарай құрылады. «Сулар құдайы» деген мағынаға келетін өзеннің бүгінгі аты – Бартын өзені. Қала теңізбен байланысын осы өзенмен қамтамасыз етеді. Сол дәуірдің атақты ақыны Гомер «Илиада» дастанында және атақты географ Страбон да туындыларында Бартын, Бартын өзені туралы жазады. Бартын өзені сол кезеңде тек қатынас саласында емес,  сауда өнімдерінің ішкі аймақтардан Қаратеңізге жетуінде маңызды рол ойнаған. Бүгінгі күні Бартын өзені жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Италияның Венеция қаласында болғаны секілді қонақтарды қайықтармен қыдырту қызметі жоспарланып жатыр.

Бартынға қарай жақындаған сайын ормандармен қапталған бөктерлерге,  ұзын жағалауға тағы бір рет теңізден қараңыз. Жарқыраған күн шығып тұрған ауада осы керемет көріністі тамашалаңыз. Алғашқы аялдамамыз – Куружашиле. Куружашиле алғашқы дәуірде финикелік теңізшілер тарапынан құрылады. Көк және жасыл түс бір-бірімен астасқан, табиғи сұлулықтарымен маңызды керемет жер. Бірақ тек сұлулығымен емес, бір екершелігімен де назар аударады.  Куружашиле ағаштан қайық жасау тақырыбында ерекше атағы бар. Себебі Османлы кезінен бастап түрлі қайықтар, балықшы қайықтары, яхталар жасалады. Ал Куружашиле осы атақты қалай алған, білгіңіз келе ме? Қаратеңіз қиын теңіз, бұрын да айтып едім. Ауа райы күрт өзгереді, дауыл, тентек толқындар және қайықтар паналайтын сенімді шығанақ аз, бұлардың барлығы теңізшілерді қинайды. Сондықтан жасалатын қайықтардың осы теңізге ыңғайлы,  сай болуы керек. Қаратеңіздің барлық ерекшеліктерін білетін шеберлер ерекше дизайн жобалайды. Құрлыққа тез шыға алатын және қажет болғанда теңізге тез түсетін қайық жоспарлайды.

Ағаш шеберлері қайық жасауда суға төзімді болғандықтан талшын ағашын қолданады. Қаратеңізді өте жақсы танығандықтан толқын соққанда құламауы үшін қайықтарға жұмыртқаға ұқсас пішін береді.  Осылайша Куружашиледегі шеберлер Қаратеңізге тән аймақтық қайық түрін жасап шығарады.  Осы арнайы пішінді және төзімді қайықтар «чектирме» деп аталады. Қаратеңіздің тентек толқынына қарсы шығатын осы қайықтар әлемнің көптеген жерінде «түрік типті қайық» деп аталып келді.  Енді осындай қайық жасалатын шеберханалардың біріне баралық және осы қайықтардың қандай екенін,  қалай жасалатынын өз көзімізбен көрелік.  

Куружашиледен шығып, Бартынға қарай жылжи отырып басқа бір жерге соғып кетеміз. Караман шығанағы. Бізді шығанақты қоршап тұрған тік жартастар мен адам қолы тимеген табиғат күтіп тұр. Караман шығанағы Қаратеңізде сүңгуге болатын жерлердің бірі.  Осында мөп-мөлдір суда балықтармен бірге жүзіп, сүңгіп, керемет су тіршілігіне куә бола аласыз.

Хеттерден бастап Византия императоры және артынан Осман мемлекетіне дейін түрлі өркениет пен мемлекеттер билік құрған Бартында көруге татитын көптеген мекен бар.  Бартынның керемет жағалауларындағы сапарымызды келесі апта жалғастырамыз. «Жиһангез» қайығымыз сіздерді келесі апта дәл осы уақытта күтіп тұратын болады.



Ұқсас жаңалықтар